«Абай елі-руханият Меккесі
Биыл Абай елі үшін ерекше жыл болды. Ұлы Абайдың немере інісі, ақын, ғұлама ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы Абай ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай, ел көлемінде белгіленген мерекелік шаралар Семей қаласында және Абай ауданында өтті.
Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет пен Абай ауданының әкімдігі ұйымдастыған ғылыми-конференцияда Шәкәрім мұралары туралы мағлұматтар берілді, аудан тарихынан сыр шертілді. Конференция жалғасы қыркүйек айында болмақ, бұл жөнінде іс-шараны ресми түрде ашып, бастаған профессор Арап Еспенбетов арнайы хабардар етті. Жиында ең алдымен Шәкәрім университетінің ректоры, профессор Мейір Ескендіровтің құттықтау сөзі оқылды. Жиынға арнайы шақырылған қонақтар ретінде Шәкәрімнің ұрпақтары, туыстары да қатысып отырды.
-Абай ауданының әкімі Жарқынбек Борашұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған өңірдің іргелі дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді, бұған біз ризамыз,-деді ғалым Арап Еспенбетов,-міне, бүгін Шәкәрімнің ұрпақтары сонау Астанадан, Павлодардан, Балқаштан келіп отыр. Шәкәрімнің тікелей ұрпақтары Нұрбек Абадилов, Зәкария Алдамжанов, Қымбат Нығметжанов, Қайыртай қажы Мұхаметшайыққызы, Құралай Мұхаметшайыққызы, Жандос Нығметжановқа Абай еліне хош келдіңіздер демекпін. Бұл конференцияның жалғасы қыркүйек айына жоспарлануда. Шәкәрім мұралары халықаралық деңгейде зерттелетін болады.
Ғылыми конференцияда Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров «Абай елі-руханият Меккесі» тақырыбында баяндама жасаса, профессор Арап Еспенбетов «Шәкәрім және Алаш қайраткерлері» тақырыбына тоқталды. Абайдың мемлекеттік қорық музейінің директоры Болат Жүнісбеков «Абай мұрасы-азат ойдың сәулесі» деп ерекше толғанды. Шәкәрім университетінің магистрі Еркін Рахметуллин «Шәкәрім шежіре еңбегінің тарихи мәні» тақырыбында ойын сабақтаса, Шәкәрім университетінің доценті Ақмарал Смағұлова «Шәкәрім мұрасы-ұрпаққа аманат» деп екі томдықты даярлау барысындағы ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Ал осы университеттен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Эльмира Сәмекбаева Шәкәрім шығармаларының бай тіліне талдау жасады.
Жиынға қаладағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің ұжымы, қаланың зиялы қауымы, абыз ақсақалдар қатысты. Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров арнайы дайындалған мерекелік медальмен Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековті және тағы басқаларды марапаттаса, ғалым Арап Еспенбетов Абай ауданынан келген қонақтарға университет атынан төрт томдық «Алаш» кітабын тарту етті.
Раушан Нұғманбекова
Семей.