Жаңалықтар

Абаттандыру жұмыстары қоғамдық кеңестің жіті бақылауында

Ынтымақ ТОЛҚЫН

Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мердігерлер 30 мың шаршы метр аумақты қамтыған құрылысты жыл соңына дейін бітіруді көздеп отыр. Ал атқарылып жатқан жұмыс қоғамдық кеңес өкілдерінің бақылауында.

Кенттегі абаттандыру жұмыстары былтыр Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіштің маңынан басталған. Қазір мұнда жылу құбырларын ауыстырып жатыр. Абай көшесінің бойындағы ұзындығы 600 метр болатын жылу құбыры жаңартылады.

– Кенттегі ескірген құбырларды жаңартпай тұрып абаттандыру жұмыстарын бастай алмаймыз. Себебі құбырды ауыстырған кезде ол жерлерді қайта қопаруға тура келеді. Абаттандыру жұмыстары өткен жылы басталған. Былтыр шамамен 400 метрдей құбыр ауыстырылып, тротуар төселетін жер әзірленді. Абаттандырылуы тиіс аумақта 600 метрдей құбыр жатыр. Қазір сол жылу желісінің бетіндегі топырағын аршып жатырмыз. Екі-үш күнге жылуды өшіре тұрып, құбырларды ауыстыруды жоспарлап отырмыз, – дейді кенттің әкімі Нұржан Дәуренұлы.

Жоба бойынша ескерткіштің айналасы танымастай болып өзгермек. Жаңадан бой көтеретін спорт алаңдары, балалардың ойын алаңқайлары әлі-ақ жергілікті тұрғындар мен кент қонақтарының сүйікті орнына айналатынына сенім мол. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жаңадан салынатын ойын алаңдары сапалы материалдан жасалады. Сонымен қатар мұнда екі субұрқақ және мерекелік іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатр да ел игілігіне берілмек.

– Бізге берілген аумақта абаттандыру жұмыстарын былтыр бастағанбыз. Қазір шамамен 8 мың шаршы метрден астам жерге тақтатас (брусчатка) төселді. Сондай-ақ жол шетіне 2 мың метрден астам жиектас (бордюр) салынды. Бұл жерде екі субұрқақ пен амфитеатр болады. Құбыр ауыстыру жұмыстары аяқталысымен ойын алаңдарын орнатуды қолға аламыз. Қажетті жабдықтарды басқа қалалардан алдырттық. Сапасы жақсы. Жалпы, абаттандыру жұмыстары 30 мың шаршы метрдей жерді қамтиды. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Дәл осылай жалғастыра берсек жыл соңына дейін аяқтаймыз, – дейді «СТ Құрылыс» компаниясының өкілі, жоба менеджері Ерасыл Абылов.

Жаңа Бұқтырмада жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын қоғамдық кеңес өкілдері бақылауда ұстап отыр. Айтуларынша, жұмыс толық аяқталғанша тағы да бірнеше рет келіп қадағалайтын болады.

– Бүгін қоғамдық кеңес мүшелері жиналып мониторинг жүргізуге келдік. Өздеріңіз білетіндей былтыр кентті абаттандыруға қомақты қаржы бөлінген. Мердігер компания содан бері біраз жұмыс атқарыпты. Абаттандыру жұмыстарын жіті қадағалайтын боламыз. Мердігер компания өкілі жұмысты уақытында аяқтаймыз деп отыр. Бұл біздің соңғы келуіміз емес. Мұндағы жұмыс біткенше тағы да келіп, тексеріп отырамыз, – деді облыстық қоғамдық кеңестің өкілі Аяужан Әшімова.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button