Аймақтар аухалы

Абаттандырудың картасы жасалды

Биыл  елді мекендерді абаттандыруға байланысты 180 жоба іске асып, аула жолдары кеңейіп, балалардың ойын және спорт алаңдары пайда болды. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы саяси кеңес бюросының отырысында айтылды.

Аталмыш жобаларды іске асыруда 4,2 млрд. теңге қаражаттың игерілгенін алға тартқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев аудан орталықтары мен ауылдық округтерде 30 шағын футбол алаңы мен 37 балалардың ойын алаңқайлары салынғанын атап өтті. Сондай-ақ биыл 66 «street workout» алаңы мен екі хоккей қорапшасы да бой көтерген.

– Жұмыстар үш бағытта атқарылды, – деді Дәулет Батырбаев.  – Біріншісінде – екі миллиард теңге қаражатқа Өскемен және Семей қалаларында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Өскеменде 12 аула қалпына келтірілсе, Семейде орталық мәдени-демалыс саябағына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Екінші бағыт бойынша Курчатов, Риддер, Алтай, Аягөз, Шемонайха қалалары мен аудан орталықтарын абаттандыру жұмыстары қолға алынып, 46 жоба іске асты. Аталмыш жобалармен Алтай, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Тарбағатай, Ұлан, Үржар аудандарының орталықтары да қамтылды. Үшінші бағыт бойынша, атқарылған жұмыстар бюджеттің төртінші деңгейіне өткен 100 елді мекендерге қатысты. Жалпы сомасы бір млрд. теңге қаражатқа 121 жоба іске асырылды.

Осылайша, жыл көлемінде 179 жоба толықтай аяқталып, бір жобаның аяқталу уақыты келесі жылға қалды.

– Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, қолға алынған «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалы облыстағы абаттандыруға жататын 131 нысанның картасын жасады, – деді елді мекендерді абаттандыруға байланысты қосымша баяндама жасаған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков. – Олардың басым бөлігі, яғни 47-сі ауызсуға байланысты.  Қазіргі уақытта ауызсуға байланысты алты жоба аяқталған, жыл соңына дейін тағы тоғыз нысандағы жұмыстарға нүкте қойылады. Тұрғын үйге байланысты 27 нысан назарға алынса, бүгінгі таңда оның Семей қаласына тиесілі екі нысаны аяқталып, жыл соңына қарай Өскемен қаласында тағы 15 тұрғын үй қолданысқа берілмек. Қалған нысандардағы құрылыс жұмыстары 2020-2021 жылдары тәмамдалады.

Бұдан бөлек, партия филиалының абаттандыру картасына енген жол жөндеуге қатысты 10 жобаның қазіргі уақытта тоғызы аяқталған.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button