Абаш алашына, алаш Абашына риза
Ақтаңгер ақын Абаш Кәкенов алпысқа толды. Халықты қырық жыл бойы өрелі өнерімен тәнті еткен пәк пейіл ұлының бұл тойын Алтай жұрты айрықша атап өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық қуанышымен тұспа-тұс келген мерейтойына орай «Тәуелсіздікке тәу етем» атты шығармашылық кеш өткізді.
Өскемендегі Металлургтер мәдениет үйінде өткен кешке Абашты ардақ тұтатын азаматтардың көбі келді. Алыс-жуықтағы атқамінерлер мен айтыс майданында ұзақ жыл бірге жүрген үзеңгілес достары құттықтады.
Туған елге арнау жырмен шашу шашқан кеш иесі:
– Батыр қылышын қайрайды, бапкер атын жаратады, ал ақынның домбырасыз күні қараң, – дей келіп, «Жан жолдасым домбыра, сен де өзімдей аңыра…» деп басталатын халық әнін құйқылжыта жөнелді. Әдетте тез сөйлейтін Әбекеңнің әнге келгенде жолға түскен жорғадай тайпалатыны бұрыннан белгілі ғой. Десе де, бұл күнгі болмысы әдеттегіден мүлде бөлектеу, бұрынғысынан да асқақтау шықты ма, қалай?! Тым әсерлі көрінді көзімізге. Ел алдындағы еркелігі, халыққа деген құрметі, тіпті сахнаға шығып гүл сыйлаған бүлдірішінге де елпілдеп жүріп ықылас білдірген қарапайымдылығы – бәрі-бәрі тек Абашқа ғана тән, Абашқа ғана жарасатын секілді.
Кеш барысында айтыстың қара нары атанған Жүрсін Ерман, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Жетісудың жүйрігі Айтақын Бұлғақов сынды ақындар экран арқылы сәлем жолдады. Әсіресе, Әселхан Қалыбекованың Абашқа деген әпкелік ақылы мен әріптестік әзілін өрнектеген шашу жыры көрерменді бір марқайтып тастады.
Осы кешті ұйымдастырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Самат Қасенов басқарма атынан ақынды мерейтойымен құттықтап, сый-сияпатын жасады. Облыстық мұрағаттың басшысы Түсіпхан Түсіпбеков ақын жайында әдемі естеліктер айтты. Жалпы Әбекеңнің Барқытбелдің баурайындағы базарлы күндері осы кісінің көз алдында өткен ғой.
Аға сөзін әрі жалғаған кеш иесі сол кісілердің аялы алақаны жөнінде аз-кем ағытылды. Тоқсаныншы жылдардың басы болса керек, Алматыда өтетін термешілер сайысына баруға қаражат таппаған Әбекең соңғы үмітім деп, сол кездегі совхоз директоры Түсіпхан Түсіпбекұлының есігін қағады. Сұрап келгені – 25 сом. Қажетті ақшаның көлемін естіген басшының қабағына кірбің ұялайды. «Несін сұрадым екен» деп Әбекеңнен маза кетеді. «25 сом сенің жолыңа да жетпейді ғой» деп кассирді шақырған басшы 250 сом бергізеді. Мұндай «айдалада жатқан батпан құйрықты» күтпеген ақын «қолым дірілдеп, әрең алдым» деп күлдірді көрерменін. Ағаның өнерге деген ыстық ықыласын көрген Абаш аға сол жолы термешілер сайысымен қатар республикалық айтысқа қатысып, олжалы оралады. Бұл аталмыш азаматтың қазақ өнеріне көрсеткен құрметінің бір парасы ғана болса керек.
Кеш барысында ақын туралы әдемі ой өрбіткендердің бірі – Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Әлібек Қаңтарбаев болды. Жұмыс бабымен Ресейдің Қосағаш өңіріне барған қос ақын елді аузына қаратқан бір бақсыға жолығады. Дастарқан басында әлгі бақсы отырғандардың ең құпия сырларын беттеріне айтып, елді үркердей етсе, ақын Абаш ойланбастан төкпелетіп өлең айтып, тыңдарманның таңдайын қақтырады. Осы жайды баяндаған қаламгер ақынның да, бақсының да аузына Алла сөз салатынын сол жерде аңғарғанын айтады.
Қосағаш демекші, Абаш – көрші Қытай, Моңғолия елдеріндегі қандастарға да талай рет өз өнерінің өресін паш еткен азамат. Тек көрші елдер ғана емес, мұхит асып, АҚШ аспанында қазақ әуенін шалқытқан өнерпаз. АҚШ-қа барған сол сапарда ақынмен ұшақта танысқан белгілі кәсіпкер Марат Мұзапаров Абаш ағаның кейбір аңғал мінездері туралы әңгіме өрбітті. Бұл тойға белгілі себептермен келе алмай қалған белгілі қазақ батыры, жерлесіміз Дәулет Тұрлыхановтың Абашқа деген ақ сәлемін жеткізді. Аталмыш азаматтар алпыс жасқа толған ақынға темір тұлпар мінгізді. Міне, ақынын ардақтаған атымтай азаматтардың өнерге деген құрметі! Бұл құрмет дүниеге көзін сүзбеген, тек өнер деп өмір сүрген Абаш ақынға лайық еді. Азаматтардың азаматтығына Алтай жұрты тәнті болды, Абаш аға да дән риза. Өзі қызмет істейтін «Ертіс концерт» ұжымы да ақынға ат мінгізіп, шапан жапты.
Ақынның өмірдегі еншісі – өлең ғой. Қарт Семейден қаһарлы қыстың қабағына қарамай жеткен Дәмеш Омарғалиева, Мұрат Тастағанов сынды ақындар үкілі жырдан бәсіре берді. Кезіндегі айтыстағы қызықтарымен бөлісті.
Киномеханик болып жұмыс бастап, алаштың ақтаңгер ақыны деген атқа қол жеткізгенге дейін Әбекең талай өнердің биігіне шыққаны белгілі. Өңір театрының тарландары Қанат Ниязбеков, Майра Арғынбекова, Тұрсынбек Дүзбаев, Гүлбақыт Бақтыбаевалар шығып әдемі ән салғанда, жасамыс көрермендер кезіндегі «Абаш думан» дейтін ансамбльді еске түсіріп, өткен күндеріне бір саяхаттап қайтты.
Мүбәрәк Алтай, Қадыхан Манай сынды Абаштың әншілік ізін басқан жігіттер кештің думанын қыздырса, Нұртай Тілеужанов, Құралай Камалиева, Аслан Ғафуров, Гүлнұр Зұлқаршын сынды ақынның шәкірттері «Құлманбет» айтыстың құдіретін көрсетіп, елдің делебесін қоздырды.
Жалпы, бұл кеш Абашты сырттай ғана білетін көрермендер үшін ғұмырбаяндық дүние болса, қадірін түсінетін халық үшін естен кетпес рухани азық болды. Ел-жұрттың ерекше ықыласына бөленген Абаш Алтайдай асқақ көрінді бізге, бірақ, халықтың алдында сол аласа қалпында ақынын ардақтаған алашына ризалығын білдіріп жатты.
Керек дерек
Абаш Кәкенов, ақын, термеші. 1956 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының, Жаңа ауылында туған. Қарағанды учелищесін «Киномеханик» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1982 жылы Жаңа ауыл мәдениет үйінде бастаған. 1988 жылдан бастап айтысқа қатыса бастады. Республикалық, халықаралық айтыстардың 22 дүркін жеңімпазы. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы.
Мұратхан Кенжеханұлы