Мәдениет

Қабанбай батырдың ескерткіші Отан қорғаушылар күні ашылады

Қабанбай батырдың ескерткіші  Отан қорғаушылар күні ашылады

Өскемен қаласының кіре берісінде, Жаңа Ахмер кентінің маңында орналасқан Қабанбай батыр мүсіні 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні ашылады. Бұл жөнінде қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала басшылығының жоспарлауынша, болашақта бой көтерген алып ескерткіштің маңайында субұрқақ құрылысы басталуы мүмкін. Және де кәдесыйлар, гүл шоқтарын сататын кішігірім сауда орындарын ашу жоспарда бар көрінеді.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Қаракерей Қабанбайдың мүсіні алдында салтанатты іс-шаралар өтетін болады. Мәселен, әскери жиындар, ант қабылдау рәсімі, патриоттық бағыттағы байқаулар, әскерге шығарып салу шаралары осы жерде жүзеге аспақ.
Қаланың кіреберісіне ат үстіндегі батыр бабамыздың мүсінін орнату бүгінгі және келешек ұрпаққа патриоттық тәрбие беретіндей келелі іс болды. Айта кетерлігі, тұрғындар батыр мүсінінің «қала сыртына орнатылғаны найзаның ұшымен, білектің күшімен қорған болып, ел тыныштығын сақтап тұрғандай», – деп пікір білдіріп жатыр.
Жастарға рух беретін дарабоз батырларымыздың мүсіндерін қайда орнатсақ та артықтық етпес.

Керек дерек

Қабанбай Қожақұлұлы – хас батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі — Ерасыл.
Ол 1692 жылы Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 жылы дүние салған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан тараған.

Жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Сонда он алты жасар бозбала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне кетіп, жездесі Бердәулеттің қолында болды. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, “Қабан батыр” атаныпты.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button