Қабанбай батырдың ескерткіші наурызда ашылады
Өскемен қаласының кіреберісіндегі Ахмер ауылының тұсына қойылғалы жатқан Қабанбай батырдың қола мүсіні тұғырға орнатылды, бірақ әлі толығымен аяқталған жоқ.
Облыстық мұрағат және құжаттама басқармасы мамандарының айтуынша, батырдың тұлғалы мүсіні астаналық «Балқыту» ЖШС шеберлерінің қолынан шыққан. Олар ескерткішті жасап қана қоймай, Өскеменге жеткізу жұмыстарын да мойындарына алған. Мәдениет және ақпарат министрлігі Өскеменге ұлы батырға арналған ескерткіш қою мәселесін 2012 жылдың қыркүйегінде нақтылаған болатын. Осы мақсатқа республика бюджетінен 105 млн. теңге қаржы бөлінген.
Жергілікті әкімдік бұдан кейін Қабанбайдың қола мүсінін қай жерге орнату керектігін ойластырған еді. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Лариса Поломошнованың айтуынша, ескерткішті орнату жұмыстары ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аяқталып, батырдың мүсіні наурызда салтанатты жағдайда ашылмақ.
Шығыс-Ақпарат