Білім

Қабанбай ауылындағы мектеп құрылысы қашан аяқталады?

Қабанбай ауылындағы мектеп құрылысы қашан аяқталады?

Үржар ауданында құрылысы аяқталмаған жеті мектеп бар. Соның бірі – Қабанбай батыр ауылының орта мектебі. Жуырда облыс орталығынан алыс жатқан ауылдағы мектеп құрылысын көрудің сәті түсті. Айта кеткен ләзім, Қабанбай ауылында оқушылар екі мектепте білім алады. Б.Майлин атындағы орта мектеп және Қабанбай ауылының орта мектебі. Қабанбай ауылы орта мектебінің ғимараты ертеректе салынған ескі нысан. Сондықтан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолдауымен аудандағы үш тірек ауылдың біріне енген Қабанбай ауылындағы мектеп құрылысы былтыр ақпан айында басталған. Биыл жаңа оқу жылында тапсырылуы тиіс еді. Алайда, құрылыс қарқыны саябырсып, мердігерлер межелі уақыттан кешікті. Мәселенің мәнісін білмек болып, құрылысшылармен тілдескен болатынбыз.

Мұндай үлкен спортзал ауданда жоқ

Мектеп құрылысының жалпы алаңы 3360 шаршы метрді құрайды. Екі қабаттан тұратын мектеп 320 орынға арналған. Мердігері – «ESK» жол-құрылыс компаниясы» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны – 650 млн. теңге. Мердігерлердің айтуынша, қазіргі кезде мектеп құрылысына бөлінген қаржының 95 пайызы игерілді.
Ауылдың шығыс жағын ала шеткері орналасқан мектеп құрылысы әйдік. Алыстан көз тартады. Еңселі. Құрылыс алаңына аяқ басқанымызда жүк тиейтін трактор, ауыр жүк машиналары, кран және экскаватор техникаларының жұмыс істеп жатқанын байқадық. Құрылыстың мүлдем тоқырап қалмағаны аңғарылады.

– Бұл мектеп жеті блоктан тұрады. Бүгінгі таңда мектептің А, Б, В, Г блоктарының іші-сырты қапталып, жылыланып жатыр. Сондай-ақ, қабырғаларды сылау, левкаспен ақтау, өрт қауіпсіздігіне арналған орын мен мәжіліс залын сырладық. Құрылыста 50 адам жұмыс істейді, – деді құрылыс учаскесінің бастығы Оспан Өтепов. Оның айтуынша, мектептің іргетасы таспен қапталмақ. Сондай-ақ, едені ағаштан салынады. Қазіргі таңда ғимараттың барлық есік-терезелері салынған. Желдеткіш жүйесі де әзір тұр. Жеті блоктан тұратын мектептің әр блогында дәретханалар болады.
Аталған ғимараттың ішіне кіріп, құрылыс барысын көріп шықтық. Мектептің бір қанатында құрылысы аяқталуға жақын қалған 120 орындық кең асхана, Үржар ауданындағы ең үлкен, жалпы ауданы – 540 шаршы метр, биіктігі – 7,15 метрді құрайтын спорт залы, оның жуыну, киіну бөлмелері, екінші қабатта 180 орындық мәжіліс залы көз тартады.

Теплофонмен жылыту тиімсіз

Құрылыс жұмысшылары Өскемен, Қалбатау, Үржар және жергілікті ауыл азаматтарынан құралған. Олардың еңбекақысы жұмыс өтіліне қарай беріледі. 40 мың теңгеден бастап, 150 мың теңгеге дейін табыс тауып жүргендері бар.
Мердігерлердің айтуынша, мектеп сыныптары заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылатын болады. Сонымен қатар, мектеп ауласындағы футбол, баскетбол алаңдарының орнына құм төгіліп, көріктендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Біз бұл жұмыстардың қар түскенде қалай жүргізілетіні туралы сұраған едік. Жауапты мердігерлер қыс қылышын сүйретіп келгенінше үлгеретіндіктерін айтты.

Ауыл әкімі Қалихан Нұрымбаевтың айтуынша, Қабанбай ауылының орта мектебінде оқитын 320 оқушы жаңа ғимаратқа ағымдағы оқу жылының үшінші тоқсанында ауысады. Оқушылар жаңа ғимаратта бір ауысыммен оқитын болады.
– Бұл мектеп сәулетімен, заманға сай жабдықталуымен ерекшеленеді. Өйткені, интерактивті тақта, лингофонды кабинет сынды қазіргі заманауи оқыту жүйесіне қажетті технологиямен қамтамасыз етілді. Жұмыс қарқыны жаман емес. Құрылыс материалдары жеткізілген. Су құбыры тартылды. Электр желісі, мектептің өз трансформаторы бар. Бірақ, жобалаушылардың есебі бойынша, ғимарат теплофонмен жылытылады. Негізі, қатты отынмен жылыту тиімді болар еді, – деді ауыл басшысы.

Алдағы уақытта Қабанбай ауылы орта мектебінің ескі ғимаратын 180 орындық балабақшаға айналадыру жоспарланып отыр.
Бір қуаныштысы, біз әңгімелескен мердігер компания өкілдері аталған мектепті жыл соңына дейін аяқтайтынын жеткізді.

Үржар ауданы

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button