Ағайынды әншілерді туған елі ұмытпайды
Биыл Халық әртістері ағайынды Абдуллиндердің туғанына 100 жыл толып отыр. Шырайлы Шығыста дүниеге келіп, ән құдіретін төрткүл дүниеге танытқан егіз әншілердің қазақ өнерінде алатын өзіндік орны бар. Осы орайда Өскеменде егіз әншілердің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі басталып та кетті. Сәрсенбінің сәтті күні Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде қазақ опера өнерінің негізін қалаушы егіз әншілерге арналған ІІ республикалық вокалистер байқауы шымылдығын ашты. Құс қанатымен ілесе келген ән мерекесіне еліміздің әр өңірінен 40-тан астам үміткерлер қатысты.
Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің есімі шығысқазақстандықтарға ерекше қымбат. Өйткені, олар өр Алтайдың өзі перзенттері. Сонау 1916 жылдың 14-наурызында Өскемен қаласында қарапайым кеншінің отбасында дүниеге келген қос бүлдіршінді сол кезде ешкім де атағы алысқа кететін әнші болады-ау деп ойламағаны рас. Аналары Хамида егіздердің небәрі үш жасында өмірден озыпты. Бірақ олардың атын әлемге әйгілеп, әнші еткен асқақ Алтайдың ғажайып табиғаты мен есіліп аққан Ертістің ерке толқындары болса керек. Жазушы Зәкір Асабаевқа берген бір сұхбатында Ришат Абдуллин «Өскеменде тудық. Мүсілім де, мен де бала жастан әнге ғашық болып өстік. Қазақтың халық әндеріне. Соны байқаған бізден үлкен Кәмила апамыз Мүсілім екеумізді Алматыға алдырып, осында да, Мәскеуде де оқытты-тоқытты, тәрбиеледі, қатарға қосты. Сол үшін мәңгі қарыздармыз» деген екен.
Егіз әншілер қазақ өнерін биікке көтерді. Ағайынды Абдуллиндер қазақ, орыс, шетел және кеңес композиторларының операларында басты партияларды орындады. Сонымен қатар, Ришат Абдуллин Абай партиясының тұңғыш орындаушысы ретінде Қазақстанның музыкалық мәдениеті тарихында есімі мәңгі қалды.
– Міне, осымен екінші рет Өскеменде Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы республикалық байқау ұйымдастырылуда. Десе де биылғы байқаудың маңызы ерекше. Өйткені, өнер додасы ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп отыр. Байқаудың көздеген мақсаты – қос өнерпаздың шығармашылық мұрасын насихаттап, жаңа таланттарды табу. Сіздердің әрқайсыларыңыз осынау әсем қалаға үлкен үміт арқалап келдіңіздер. Біздерді табыстырып, жақындастырған – Абдуллиндер есімі. Бұл байқау – өңіріміздің мақтанышы, талай таланттардың жолын ашатын шара, – деп байқаудың ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмаханова үміткерлерге ақ жол айтып, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.
Бір атап айтарлығы, байқау «жеке орындау» және «ансамбльмен орындау» сынды екі номинациядан тұрады. Қатысушылар классикалық музыкалық шығармалармен қатар, халық әндері мен романстарды, сондай-ақ, ағайынды Абдуллиндердің репертуарынан бір туындыны нақышына келтіре орындауы тиіс. Екі күнге созылатын өнер додасына қатысушылардың өнерін кәсіби әншілер мен мамандардан құралған қазылар алқасы бағаламақ. Олардың арасында Қызылорда қаласының музыкалық оқытушысы Қаракөз Ақдәулетова, шығысқазақстандық танымал әнші, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің оқытушысы Вячеслав Ткач, Татарстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық училищесінің оқытушысы Халида Абдулханова бар. Ал қазылар алқасының төрағасы елімізге еңбек сіңірген әртіс, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Шахимардан Әбілов.
Мұндай аламан бәйгелерде марапаттың тек таңдаулыларға ғана бұйыратыны белгілі. Қатысушылардың өнер көрсету кезегі де байқаудың ашылу салтанаты барысында жеребе арқылы анықталды.
– Маған бірінші нөмір бұйырды. Ешқашан мұндай республикалық деңгейдегі байқауларда бірінші болып шығып, өнер көрсетіп көрмеппін. Сондықтан да сәл қобалжып тұрмын. Десе де сәттілікке сенемін, – дейді Павлодар қаласынан келген үміткер Лейла Қайыр.
Жалпы, атақты жерлестеріміз, қазақ опера өнерінің негізін қалаушы Халық әртістері ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің 100-жылдық мерейтойына арналып 13-15 сәуір аралығында жоспарланған іс-шаралар аясында осы өнер училищесінде «Заманауи әлемдегі музыкалық білім» атты республикалық ғылыми конференция да өткізілмек. Ал мерейтойлық шаралар облыстық драма театрда қонақтардың қатысуымен өтетін мерейтойлық концертпен қорытындыланады.
Мейрамтай Иманғали