Ақ жүгеріден биоэтанол өндіруді ойластырып отыр
Өскеменде өтетін «Шағын ЕХРО-2014» көрмесіне М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры А.Ағыбаева ақ жүгеріден биоэтанол алу жобасын ұсынды.
Қазіргі уақытта альтернативті энергия көздерін пайдалану үлесі жалпы энергия тұтынудың Еуропалық Одақта 6%-ын, АҚШ-та 3%-ын, Ресей Федерациясында 0,3%-ын және Қазақстан Республикасында – 0,02%-ын құрайды. Еуропалық Одақ 2020 жылға бұл көрсеткішті 10%-ға, 2040 жылға – 30%-ға жеткізуді жоспарлап отыр (1-диаграмма).
Жердің мұнай және газ қорының және басқа да энергетикалық байлықтарының көз алдымызда сарқылып бара жатуы отынның альтернативті түрлерін табуға мәжбүр етті. Осындай отындардың бірі – биоэтанол. Оның ғылыми аты «күштілігі 99,90 абсолюттелген техникалық спирт».
Бұл жаңа отынның ерекшелігі – оны жақ-қанда бөлінетін көмір қышқыл газының бастапқы атмосфералық тектес күйде болуы. Яғни, бұл – кәдімгі бензинді пайдаланғанда орын алатын атмосфераның ластануы, атмосфераның қызуы, яғни, баршаға мәлім «жылужайлық әсер» болмайды деген сөз.
Жобаның мақсаты – жоғарыда айтылғандарға байланысты биоэтанол алуға қолдануға болатын ақ жүгері – Sorhgum bicolor (L.) өсімдігін Жамбыл облысы жағдайында өсіру және одан биоэтанол алу мүмкіндігін зерттеу.
Жобаның ғылыми жаңалығы және маңыздылығы зор. Ақ жүгері – Sorhgum bicolor (L.) өсімдігі Қазақстанда өте аз зерттелген. Ақ жүгері – жердің құнарлылығына қатаң талап қоймайтын, жоғары өнімді мә-дени және мал азықтық дақыл. Құрамында қантты заттар өте мол болуына байланысты оны қайта өңдеу арқылы глюкоза-фруктоза шырынын алуға болады. Алынған шырыннан көп қаржы жұмсамай-ақ спирт және бүгінгі күннің өзекті өнімі – биоэтанол алуға болады.
Бәсекеге қабілеттілігі және практикалық маңызына келсек, Sorhgum туысына жататын ақ жүгері Sorhgum bicolor (L.) құрғақшылыққа өте төзімді, топырақ таңдамайтын, жоғары өнімді өсімдік, сондықтан республикамыздың су ресурстары тапшы және топырағы тұзды жерлерінде қажетті өнім алуда үлкен маңызға ие. Өнімінің тұрақтылығы бойынша ол егістік дақылдар ішінде бастапқы орындарда, ал жасыл массасының өнімі бойынша бүкіл мал азықтық өсімдіктерді артқа тастайды. Дұрыс агротехникалық күтім жасалғанда 1 га. жерден 35 – 55 ц. және одан да артық дән өнімін береді. Сондықтан мұндай тиімді өсімдікті кеңінен өсіріп, оның крахмалы және қанты мол дәні мен жасыл массасынан биоотын алу өте тиімді болатыны сөзсіз. Айта кету керек, бидайдан биоэтанол алу өндірісі Жамбыл облысында бұрыннан жолға қойылған өндіріс, яғни, жаңа өндіріс құру қажеттігі де жоқ.