Мәдениет

Ақын тұр ой үстінде жұртқа қарап

 

Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Көкпекті ауданы, Самар ауылының орталық алаңы жөндеуден өтіп, ол жерге ақынның еңселі ескерткіші орнатылды. Биші субұрқақ ашылды. Орталық алаң бұдан былай ұлы тұлғаның есімімен аталады.

– Аудандағы ақсақалдар алқасымен кеңесе отырып, Самар ауылының орталық алаңына Абай атын беру туралы шешімге келдік. Бүгін дана бабамыздың туған күніне орай осы мақсатымызға жеттік. Ескерткіштің ашылу салтанаты – өңіріміздегі тойлардың басы. Бұдан әрмен жастар арасындағы Абай оқулары сайысын, ертең халықаралық жігіт сұлтаны байқауын келіп тамашалаңыздар, – деді аудан әкімі Асхат Смаилов.

Самар ауылының әкімі Ахмет Күдербаевтың айтуынша, бұл жобаға 59 миллион теңге қаражат жұмсалған екен. Соның 49 миллионы аудан әкімдігінің, ал 10 миллионы облыс әкімдігінің есебінен төртінші деңгейлі бюджет жобасының аясында бөлініпті.

Тарқатып айта кету керек, төртінші деңгейлі бюджет жобасы аудан орталықтары мен елді мекендерді көріктендіру мақсатында қолға алынған болатын. Жоба аясында өңірімізде 100 елді мекен мен бірнеше орталық ауыл абаттандырылады.

Самар төрінде салқын самалға маңдайын тосып, ой үстінде тұрған данышпан ақынның мүсінін жерлес суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әлібек Шоқанов мүсіндеген.

– Ескерткіштің өзін екі ай уақыт ішінде дайындадық. Ал, жалпы, тұлғаны қалай мүсіндейтінімізді былтырдан бері ақылдаса келіп, Алматыдағы ескерткішті үлгі етіп алуды жөн санадық. Ырымшыл халықпыз ғой, ескерткіштің биіктігін тұғырымен қоса санағанда жеті метр қылдық, – деді Әлібек мүсінші.

Ұлы тұлғаның мүсіні бой көтерген осынау игілікті шараға абайтанушы, шежіреші, дәстүрлі әншілер де келіп қатысты.

– Абай ескерткіші орнаған жерге қазақтың тілі, қазақтың тарихы, жан жылуы келеді. Бүгін Самар елінде рух тойы болып жатыр екен. Осы орайда сіздерге бір қызық ақпарат айта кетейін, еліміздегі физика-математика мектептерін бітірген жастардың басым көпшілігі Америкаға жұмыс істеуге кетеді екен. Бұл туралы жуықта академик Асқар Жұмаділдаев зор күйінішпен айтты. Бұл, сірә,  «Мал іздесең де, білім іздесең де, біреуге пайдам тисін деп ізде! Егер білім мен малды өзің үшін іздесең, өзің үшін оттаған хайуаннан артық болмайсың» деп, данышпан ақынның өзі айтқандай, біздің, біздің жастарымыздың Абай мектебінен өтпегендігінен болса керек. Иә, біз мына заманда Толағайдай азаматтарға зәруміз. Елім деп елжірейтін жастар енді осы ауылдан өсіп шығарына сенемін, – деді абайтанушы Омар Жәлел.

Мерекелік іс-шара әрмен қарай облыстық Абай оқулары сайысына ұласты. Тарбағатай ауданынан келген Олжас Серікбекұлы есімді мектеп оқушысы бәсеңдеу басталған бәйгеге көрермен тарапынан қиқу қосқызды.

«Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен…» – деп ақын сөзін жеткізген тарбағатайлық «Тамшы» балалар театрының мүшесі мектеп көргенін дәлелдеп бақты.

 

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button