Жаңалықтар

«Ақылды» қалалар саны артады

Алдағы уақытта өңірде «ақылды» қалалардың саны артады. Облыс әкімі Даниал Ахметов «Қазақтелеком» АҚ басшылығымен бірге Smart city тұжырымдамасын және Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларында бейнебақылаудың бірыңғай платформасын енгізу жобаларын талқылады.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, бейнебақылаудың бірыңғай платформасы өңір қалаларындағы он мыңнан астам бейнекамераларды біріктіре алмақ, оның ішіне сонымен қатар қазіргі қолданыстағы «Сергектің» камералары да кірмек. Мамандардың түсіндіруінше, жаңа жоба бірінші кезекте барлық қоғамдық орындардағы адамдар қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Ақпарат ретінде айтсақ, қазіргі таңда аймақта «Қазақтелекомның» үш мыңға тарта бейнекамералары тестік сынамадан өткізілуде. Олар адамдар көп шоғырланатын орындардағы ахуалды тіркеуге алып, жағдайды мүлтіксіз бақылап отырады. Аталмыш бейнекамералар жоғарыда аталған қалалардағы және Абай ауданындағы мектеп, балабақша, колледж, аурухана ғимараттарында және өзге де қоғамдық орындарда орнатылған.

Мамандардың айтуынша, бұл халықаралық тиімді тәжірибе және осы уақытқа дейін еліміздің өзге қаларына да енгізілген. Жоба бойынша аймақтағы 247 әлеуметтік нысанға 10 476 бейнебақылау камерасын орнату көзделген. Оның ішінде Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Абай ауданы бар.

Ал Smart city тұжырымдамасы қалалық барлық қызметтердің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. «Ақылды» қаланың негізгі сипаттамасы – жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және экологиялық тазалық.

– Бұл ретте қаланы тиімді  басқарудың негізгі орталығы – Big Data платформасы көмектесетін болмақ. Жүйе қаладағы көліктер туралы мәліметтерді, қоғамдық көліктердегі күн сайынғы жолаушылар ағынын және мектептер мен балабақшалардағы жүктемені анықтауға, сонымен бірге криминогенді жағдайды талдауға, бюджеттің орындалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді, – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Таныстырылған жобаларды мұқият қарап шыққан облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде Smart city жүйесін енгізу үшін алдымен модельді жобаны әзірлеу қажеттігін атады.

– Жобаларды іске асыру үшін бірінші кезеңде Риддер қаласы үшін типтік жобаны әзірлеуді ұсынамын. Себебі, қаланың аумағы қырық шақырымға созылып жатыр және ішкі құрылымы өте күрделі. Егер Сіздер ұсынып отырған жоба өзінің тиімділігін дәлелдесе, онда облыстың басқа қалаларына да енгізуге болады. Атап өтерім, бұл жобалар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылады және арнайы жұмыс комиссиялары құрылып, оған аталған қалалардың әкімдері тікелей жауапты болады. Ал облыс бойынша негізгі жобаға жауапкершілік бірінші орынбасарым Ерлан Аймұқашевке жүктеледі, – деді Даниал Ахметов.

Компания сарапшыларының айтуынша, Smart city жүйесі Риддер қаласындағы әлеуметтік нысандарды бақылаумен қатар, экологиялық қауіпсіздік сараптамасын да жақсартпақ. Мәселен, 546 көппәтерлі тұрғын үйде, 15 мектеп пен жүзден астам құрылыс нысандарында орнатылған бейнекамералар электронды басқару жүйесін арттырып, 10 экологиялық сараптау станциялары ауаның ластануы туралы ақпарат таратады.

Айта кетсек, бір қалада жобаны жүзеге асыру құны  үш млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Алайда халықаралық тәуелсіз сарапшылардың есептеуінше, «ақылды» қала жүйесі ТҮКШ саласындағы шығындарды айтарлықтай азайтып, қауіпсіздікті күшейтеді және өмір сапасын арттырады. «Ақылды» жүйенің бес жылдың ішінде жиынтық тиімділігі 5 млрд. теңге болмақ. Аталмыш инновациялық жобалар білім, денсаулық сақтау, ТҮКШ, құрылыс, көлік және қауіпсіз салаларында іске асырылмақ.

Қазір облыс аумағында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандар мен қала көшелерінде цифрлық бақылау камералары орнатылып, ақпараттық басқаруды оңтайландыра түсуде.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button