Аймақтар аухалы

АҚҚУ ҰШЫП, ҚАЗ ҚОНҒАН ШЫҒЫСТАҒЫ ШЫРАЙЛЫ ЕЛ

    Облыс орталығынан шалғай демесек, Зайсан ауданының жері малға да, жанға да өте жайлы. Жазы жайма-шуақ, қысы да аса қытымыр емес. Аққуы ұшып, қазы қонған айдын көлін айтпағанда, тау десең тауы, бау десең бауы бар бұл бай өлкенің сай-саласы сыңғырлаған күміс бұлақ болып келеді. Тәуелсіздік алғалы осы өңірден табылған мұнай, газ, көмір секілді пайдалы қазбалардың игілігін бүгінгі таңда аудан халқы бір адамдай-ақ көріп отыр…

Әлемдегі алып империялардың бірегейі Қытай мемлекетімен іргелес жатқан өңірге басшылық қызметке тағайындалғанына көп бола қоймаса да, бірқатар шаруаның басын қайырып тастаған аудан басшысы Серік Ақтанов мырзамен жолығып, көкейімізде жүрген біраз сауалдарымызға тұщымды жауап алғанбыз.

 

Екі елдің арасы, таба берсін жарасым

      – Серік Қасымбекұлы, Зайсан – еліміздегі Қытай мемлекетімен шекаралас жатқан аудандардың бірі болғандықтан, осыдан біраз жыл бұрын екі елдің арасында сауда-саттықты нығайту мақсатында қысқа мерзімдік барыс-келіс жолға қойылған еді. Осы мәселе, жалпы екі ел арасындағы қазіргі экономикалық, мәдени-достық қарым-қатынас қандай деңгейде?

– Сіз айтып отырған кедергісіз қысқа мерзімді визалар осы күнге дейін бар. Тек, қайсыбір кеден бекеттерінің талаптары мен шарттары қатаңдандырылған.

Ол қандай талаптар мен шарттар, тарқатып айта кетуге болмай ма?

– Әрине, оның ешқандай құпиясы жоқ. Бұл әлемдегі барлық шекаралас мемлекеттерде ежелден жұмыс істеп келе жатқан ортақ заңдылықтар. Айталық, біздегі барыс-келіс визалары алғашқы уақытта жекелеген адамдардың ол жаққа апаратын немесе Қытай елінен алып шығатын жүктерінің, жекелеген заттарының көлеміне де, салмағына да ешқандай шектеулер қоймаған. Кейін екі жақтың кеден, шекара қызметтері жекелеген адамдардың шамадан тыс көлемде жүк алып өтіп жүргендігін анықтаған. Ол жақтан дүние әкеліп саудамен айналысқан кез келген жеке тұлға мемлекетке салық төлеуге міндетті. Ал қайсыбір адамдар салықтан жалтару мақсатында алып шыққан заттарының көлемін, салмағын жасыру әрекеттеріне барғандықтан қазір адам басына 25 кг-нан артық жүк шығаруға тыйым салынған.

Негізі Қытайдың бізбен шекаралас Алтай, Қаба аудандарымен бірлесіп жан-жақты қарым-қатынастарымызды нығайта түсу мақсатында болашақ жоспарларымыз бар. Жақында ғана аталмыш аймақтардың басшылығында жүрген, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысып жүрген біраз азаматтармен жаңа жылдан бастап бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласқанбыз. Көп кешікпей хабар да алып қалармыз.

     – Бірлесіп демекші, осыдан бірер жыл бұрын зайсандық біраз кәсіпкер азаматтар қытайлықтармен бірігіп соя егіп, кейіннен шыққан өнімдерін дер кезінде жинап үлгермей қап, соңы сотқа ұласты ма, не болды өзі?

– Бұл мәселені облыстық сот біздің шаруа қожалықтарының пайдасына шешіп берген. «Әңгіме қалай болған,  дау неден басталған?»  дейсіз ғой. Бұл жақтағы шаруа қожалықтарының меншігінде егіндік жерлері болғанымен, шыққан сояны уақытында жинап алар арнайы техникалары жоқ. Сонымен, олар меншігіндегі жерлеріне сояны өсіруге,  аванс түрінде қаражат алған. Ал қытайлық бизнесмендер шыққан өнімді өз техникаларымен жинап алатын болып келіседі. Бастапқы келісім бойынша егін шабу науқаны басталған кезде Қытай елінен үш комбайн бері өтіп, бүкіл сояны жинаулары керек болған. Алайда белгісіз себептермен шекараның арғы бетінен үшеудің орнына жалғыз ғана комбайн өтеді. Оның өзін Үржар жаққа жіберіп қойған. Өйткені Талдықорғанда соя өңдейтін завод тұр. Арақашықтық жақын. Егіндік жақсы шыққанмен жинайтын комбайн болмай бәрі қар астында қалады. Артынан кеден арқылы үш емес, бір ғана техниканың өткендігі анықталып, сот біздің фермерлердің пайдасына шешілген.

     – Өскеменнен шыққалы байқағанымыздай жол-жөнекей жол салу жұмыстары жүріп жатыр екен. Нысанның паспортында 2017 жылдың желтоқсанында басталған жол салу жұмыстары бес жылға жоспарланып, «2022 жылы аяқталуы тиіс» делінген. Жалпы жол салу жұмыстарының қарқыны мен сапасы қандай?

– Бірінші айтарым, жол салу жұмыстарының белгілі бір бөлігі біздің ауданның да аумағында жүргізіліп жатқанымен оған тапсырыс беруші біз емес. Тапсырыс беруші «КазАвтоЖол» ұлттық компаниясы болып табылады. Осы күзде облысымызға сапарлап келген еліміздің Премьер министрі А.Мәмин «Бұл жұмыстарды 2020 жылдың соңына дейін аяқтау керек!» деп тапсырма беріп кеткен.

     – Бес жылға жоспарланған жұмысты үш жылда аяқтап тастау мүмкін бе, бұл асығыстық жолдың сапасына салқынын тигізіп жүрмей ме?

– Премьер-Министр «Осы жылдың соңына дейін аяқтау керек!» дегенді есеп-қисапсыз айтып тұрмаған болар. Ол үшін жұмыс қолын көптеп тартып, техника түрлерін де еселеп жұмылдыру қажет болады. Сондықтан да болар, Қытай компаниялары асфальт заводтарының арақашықтығын 100 шақырым мөлшерінде межелеп отыр. Бұл жерде ескеретін әрі ескертетін бір маңызды фактор бар. Ол – ауа райының қолайлы-қолайсыздығы. Егер көктем кеш келсе немесе жаз жаңбырлы болса, ойға алған жоспарға да, қолға алған жұмыстарға да айтарлықтай қолбайлау болары сөзсіз. Әрине, басталған істің ертерек біткенін елдің бәрі де қалайды. Ең бастысы сапа жағын да назарда ұстаған абзал.

 

«Шіліктінің тасжолы – келер жылдың жоспары…»

 – Шілікті мен Зайсан қаласын жалғап жатқан күре жолдың да күрделі жөндеу қажет етіп тұрғандығын ел айтып жүргелі біраз жылдың жүзі болып қалды. Бұл мәселе нендей себептермен кешеуілдеп жатыр?

– Мен облыс әкімінің орынбасары болғанымда осы салаға жетекшілік еткендіктен жол мәселесін жақсы білем.  Ауылды жерлердің жолдарын жөндеуге бюджеттен қаражат қарастырылғанда белгілі бір талаптары мен шарттары болады. Мысалы, сіз айтып отырған Шіліктіде, маңайындағы ауылдарымен қосып есептегенде, бар болған 2500-3000-дай ғана тұрғын бар. Ал облыс бойынша 10-15 мың тіпті 25-30 мың халқы бар ауылдардың да жолдары асфальтсыз жатыр. Міне, облыстық бюджеттен қаражат бөлінерде жолдың арақашықтығы, тұрғындарының саны, тәулігіне жүретін көліктің ағыны және т.б. назарға алынады.

Жалпы, «Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар» автомобиль жолы облыстың маңызды жолдары санатына жатады. Осы жолды жөндеу мақсатында  «Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар» автомобиль жолының 27,5-47,5 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы сметалық есептемесі жасалынып, ведомстволық қорытынды алынды. Жобаны іске асыру 2021 жылға жоспарланып отыр.

 – Ауданда мал шаруашылығы қалай дамуда?

– Зайсан ауданының орналасқан жері, қысқы-жазғы климатының қолайлылығына сәйкес сонау кеңес үкіметінің кезінен-ақ ауыл шаруашылығына ыңғайлы деп танылған. Сол кеңес үкіметінің тұсында қалай болды, ол кезде мал шаруашылығы мемлекеттен субсидия,  көмек алып отырды. Олар үкіметке малдың еті мен сүтінен бөлек, жүнін де, терісін де мерзімінде өткізіп, өз тараптарынан жеңіл өнеркәсіптің дамуына да үлестерін қоса білді. Бір сөзбен айтқанда бір ғана мал шаруашылығының өзі үкіметке мол пайда әкеліп отырған. Ал қазіргі мал шаруашылығының барлығы жекеменшік. Кезінде жолын тауып қаншама гектар жайылымдық, шабындық жерлерді жекешелендіріп алған. Солар үкіметке салық түрінде қандай үлес қосады.

Мысалы, сонау 50-ші жылдары Қытайда мал өсірушілерге арналған арнайы баж – мал салығы болған. Ол төл аяқтанып, түлік түгелденген, ел жайлауға көшетін тұста басталып, жаздай жалғасатын шаруа. Түліктердің әр жиырмасына бір тұяқ төленеді. Бір сиыр – төрт қойға, бір жылқы – алты, бір түйе он қойға тең. Қазір мыңғыртып мал өсіріп отырған жекеменшік иелері үкіметке бір-екі бас мал түгілі тышқақ лақ та бермейді. Сөйтіп отырып жерім тарылды деп мемлекеттен қосымша жер, түрлі жеңілдіктер сұрайтындары бар. Біздің мақсатымыз мал санын көбейту болса да, ірі-ірі шаруа қожалықтары қаншалықты қоғамға үлес қосып отыр, соны анықтау. Біз олардың дамып, өсіп-өнгендеріне қуанамыз. Мемлекет оларды қолдау ретінде жер салығын төмен деңгейде бекіткен. Болашақта осы мәселені қолға алып, жан-жақты зерттеп, бір жүйелі жолға қойылса деген ойым бар.

      – Зайсан өңірінен табиғи газдың қоры табылып, жергілікті халық игілігін көре бастағалы да біраз жыл болып қалды. Аудан тұрғындарын газбен қамтамасыз ету жұмыстары қай деңгейде жүргізіліп жатыр?

– Аудан халқын газбен қамтамасыз ету бір-екі жылдың шаруасы емес екендігін өзіңіз де жақсы білесіз. Ол жұмыстар техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Айталық, бірінші кезеңде Зайсан қаласы мен Қарабұлақ, Кеңсай, Айнабұлақ, Қайнар-1, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал және Үлкен Қаратал сынды тоғыз елді мекенге газ құбырлары тартылса, екінші кезеңде Біржан, Қуаныш, Дайыр, Көкжыра, Сартерек, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдарын газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы аталған сегіз елді мекенге газ құбырларын тартуға 1 106,0 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. 2019 жылы республикалық бюджеттен 200,0 млн. теңге қаржы бөлініп, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдарына дейінгі газ құбыры тартылды. Үшінші кезеңде Шілікті, Тасбастау, Жалши, Жаңатұрмыс, Шүршітсу, Қайнар-2, Ақарал секілді жеті елді мекенді газбен қамту 2022 жылы бастауға жоспарланып отыр.

      – Өткен жылы Зайсан қаласында пайдалануға берілген тұрғын үйге байланысты баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде біраз сөз болды ғой?

– Иә, ол 2018 жылы пайдалануға берілген Кондюрин көшесіндегі 120 пәтерлі тұрғын үй ғой. Ол үйдің құрылысы қысқы кезеңде жүргізілуіне байланысты қайсыбір пәтерлердің қабырғалары мен төбелері көгеріп, өзіңіз айтып отырғандай біраз сын садағына ілінген болатын. 2019 жылы сол үйдің тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізіліп, «Нұр Отан» партиясы, аудан депутаттары, сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшелерінен комиссия құрылған. Олар мердігер мекемелермен бірлесіп, әр пәтерді аралап көре жүріп, барлық тұрғындармен кездесу өткізді. Комиссия қорытындысына сәйкес, мердігер мекемелерге тапсырмалар беріліп, көгерген пәтерлер жөнделіп, салқын пәтерлерге қосымша жылыту батареялары орнатылып, есік-терезелерінің ақаулары қалыпқа келтірілді.

 – Әңгімеңізге рақмет!

 Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Сұхбатты жүргізген – Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button