Ақ тілектер ақтарылған күн
Өскемен. Республика алаңында тұрмыз. Межелі уақыт әлі болмаса да, мұнда еліміздегі тұрақтылықтың, татулықтың мызғымас өзегіне айналған Ата Заңымыз – Конституция күнін тойлауға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жинала бастады. Көп ұзамай алаңда ине – шаншар орын болмады.
Орталық алаңдағы ойын-сауық
Көкке көтерілген егемен еліміздің қасиетті байрағы самал желмен бірге желбіреп, кім-кімнің де болсын көңіліне шаттық сезімін ұялатқаны анық. Бұл күні таңсәріден көк аспанға түрлі-түсті шарлар ұшырылды. Мерекелік таң осылай басталды.
Республика алаңына жиналған қауымның бір-біріне айтқан жылы лебіздері мен ақ тілектері талай жастың бойындағы патриоттық рухын оятып, отаншылдық сезімін қанаттандыра түсті. Ата Заңның қадіріне жету үшін тәуелсіздік ұғымын қастерлеп, береке-бірлігімізді сақтай білуіміз қажет. Өскемендегі орталық алаңға жиналған жұрттың пікірі осыған саяды. Осындай риясыз пейілдегі ағайынды облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.
– Құрметті жерлестер! Сіздерді Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің Ата Заңы «Біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деген қастерлі ұғыммен басталады.
Конституциямыз қабылданған күннен бастап, тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді. Біз Ата Заңға сүйене отырып қазақ мемлекетінің іргесін бекіттік, дамудың даңғылына түстік. Болашақта алдымызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген ұлы міндеттер тұр. Мұны орындау үшін бізге мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек ету керек. Баршаңызға мықты денсаулық, мол бақыт, мағыналы ғұмыр тілеймін, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Орталық алаңда тамылжыған ән мен күй тойға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарының көңіл-күйін одан сайын көтеріп, шарықтатып барады. Нөпір халық әуелеген әнмен бірге тербеліп, құдды бір теңіздей толқып тұр әне. Сахна төріне Шалқар Мұқамғалиев, Вячеслав Ткач, «Инкорро» тобы сынды өнерпаздар кезек-кезегімен шығып жатыр. Орталық алаңнан алыс емес тұста жәрмеңкенің көрігі қыза түскен секілді. Ол жерде әріптесім Оразай Жеңісұлы жүр…
Базаршылардың дені бал алып жүр
Иә, иә, мерекелік ән-думан толастар. «Орталық алаңда осындай той бұрын-соңды болды ма екен?» деп қаласыз бір сәт. Ал жәрмеңкенің жыры бөлек.
Қала тұрғындары ауыл-аймақтан келген азық-түлікті таласа-тармаса алуда. Бағасы да қолайлы сияқты. Айталық қой еті 1300-1400 теңге, сиыр еті 1400-1550 теңге, жылқы еті 1550-1650 теңгеден. Әсіресе қой етіне сұраныс көп. Ұландық саудагердің айтуынша, жәрмеңке басталған екі сағат ішінде 150 келі қой етін өткізіп үлгеріпті.
– Жәрмеңке өтетінін көп күн бұрын естігенбіз. Ауыл-аймақты аралап, ет сату дағдымызға айналғалы қашан. Қалада әр сенбі сайын өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкелерінен қалмаймыз. Бірақ мерекелік шараның жөні бөлек. Адамдардың барлығы көтеріңкі көңіл-күйде болады. Сондықтан сауда да жақсы жүреді, – дейді сатушы Бақыт Әміренов.
Жұрттың арнайы іздеп келіп, сатып алып жүрген өнімдерінің бірі – бал.
– Балдың қазір бабына келген шағы. Негізі тамыздың басында тіптен керемет болады. Бұдан кейін кешігіп қалуыңыз мүмкін. Біз жыл сайын тамыз кезінде Риддерге арнайы барып, ауылдастарымыздан сатып әкелетінбіз. Биыл бара алмадық. Сондықтан жәрмеңкелердің бірінен алармыз деп жүр едім. Бүгін сәті түсті, – дейді Нина есімді қала тұрғыны.
Шынымен, жәрмеңке сөрелерін қарасаңыз, таудың мөлдір тұнған табиғи балы көздің жауын алардай. Сатушылардың айтуынша, мұнда балдың бірнеше түрі бар. Түйежоңышқа балы, жөке балы, гүл балы…
Аларман халықтың көңілінен шыққан тағы бір өнім түрі – сары май. Сары майдың түрі де көп, бағасы да әрқалай. Ең арзаны Зыряннан әкелген сары май екен. Келісі – 1300 теңгеден саудалануда.
Жәрмеңкенің бір шетінде қолөнер бұйымдары ұсынылды ел назарына. Бұл жерден оюлы тақиялар, кішкентай киіз үйлер мен жастықтарды табуға болады. Жүннен тоқылған мәсілер мен ағаш бұйымдар да сатылымға қойылған.
Күн сәскеге таяғанда көпшілік орталық алаңға қарай беттеді. Өйткені онда тартысқа толы спорттық ойындар басталды. Ондағы жаңалықты әріптесіміз Тасқын Болатұлы тарқатады.
Шәкірт пен ұстаздың текетіресі
Біз бастап та кеткенбіз. Спорт алаңы қызып жатыр. Базаршылап қайтқандар қатарға қосылды ма, кім білсін, халық қарасы еселеніп көбеюде.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, қолкүрестің финалына жетіп қойдық.
Иә, мынау білек, шеке тамырлары білеуленіп, бес минут бойы жығыса алмай тіресіп тұрған екеу – ұстаз бен шәкірт екен. Кім көрген мұндайды. Әнеки, шәкірті жұлқып-жұлқып жіберіп, бұра тартып барады. Ойпыр-ой десеңші, неткен толайым күш. Тілдесіп көрейік жақын барып.
– Бұл қалай, Ерлан Уәлиев?
– «Бұл қалайыңыз» қалай? Мен сізді түсінбедім. Бұл – менің жеңісім емес пе? Қалай ойлайсыз?
– Енді… солайы-солай ғой…
– Ораз Басаров – шәкіртім. Екі дүркін әлем чемпионы. Бүгін жеңуге міндетті еді. Солай болды да! Шәкірт ұстазды таңдандырудан ешқашан жалықпауға тиіс!
– Құттықтаймын!
Бұдан басқа не дей алатын едім?
Жә, сайысқа көшейік. Спортшылар бес спорт түрінен бәсекелесіп жатыр. Толықтай сайыстың бас төрешісі Әділ Абдығалиев айтып берсін.
– Арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресі, армлифтинг және мас-рестлинг деп аталатын спорт түрлерін өткізудеміз. Сайысты Конституция күніне орай ұйымдастырған – қалалық спорт бөлімі. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар тағайындалған.
Иә, бас төреші айтқан тізімнің алғашқы үшеуі ежелден белгілі ойындар. Соңғы екеуіне ғана тоқталып өтейік.
Армлифтинг, осы спорт түрі мен қол күресінен облыс командасын жаттықтыратын Ерлан Уәлиевтің айтуынша, жаңа-жаңа дамып келе жатқан спорт түрі. Онда зілтемірлерді ұшына жалғанған айналмалы тұтқа арқылы көтеру керек. Саусақтың мықтылығы сынға түседі. Қайталап айтамыз, тұтқа – айналмалы, темірлер – зілдей. Кезең-кезеңнен асқан сайын сайыскерлер сиреп, қатары азая береді, себебі үсті-үстіне салмақ қосылған мынау зілдей темірлер анау-мынауға тапжылмай жатып алады екен.
Ал мас-рестлинг дегеніміз… Жуан таяқты екі жағынан көлденең ұстап, табан тірестіріп қарама-қарсы отырған екі палуан жат та кеп тартысады. Қай мықтысы таяқты жұлып алады, я болмаса, қарсыласын таяғымен қосып көтеріп алады.
Міне, осындай спорт түрлерінен сайыстар өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер лайықты марапатқа ие болды.
Ажар Мұратқызы,
Оразай Жеңісұлы,
Тасқын Болатұлы