Мәдениет

«Ақ Ертіс» ән шалқып, күй төгілді

«Ақ Ертіс» ән шалқып, күй төгілді


Өр Алтайдың төсіне дүниенің төрт бұрышынан тағы да өнер майталмандары жиналды. Облыс әкімі Д.Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі үшінші рет шымылдығын түрді.

Иә, бұл күн өскемендіктер мен қала қонақтары үшін, шынында да, нағыз өнер мерекесі болды. Анау-мынау емес, әлемдік сахналардың төрінде өнер көрсетіп жүрген классикалық музыка тарландарының Өскеменге жиналуы да ерекше қуаныш, ерекше бақыт екені сөзсіз.

Әлем жұртшылығын аузына қаратып жүрген бекзат өнер иелері ең алдымен журналистер қауымымен жүздесті. Облыстық драма театрының фойесінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына қатысқан өнер майталмандары «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі деңгейінің жыл сайын өсіп келе жатқанын айтты. Осынау фестивальдің басы-қасында жүрген, ұйымдастырушылардың бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера әншісі Шахимардан Әбілов. Журналистерді ең алдымен қала күнімен құттықтаған әнші осыдан тура үш жыл бұрын ғана облыс әкімімен бірге Өскеменде үлкен классикалық музыка фестивалін ұйымдастыру туралы кеңесіп, әңгімелескенін есіне алып, бүгінде «Ақ Ертіс» халықаралық фестивалінің өнер әлемінде үлкен орны бар екенін айтты.

– Әрине, фестиваль деген үлкен рухани дүние ғой. Оның үстіне Өскемен жай жер емес. Бұл – өр Алтай, ғажап табиғат қана емес, сонымен бірге қазақтың ұлы ақыны, философы Абайдың туған жері. Қазақ десек, Абай дейсіз, Абай десек қазақ дейміз ғой. «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар» дейтін де сол – Ұлы Абай. Өнер арқылы, жүрек пен ақыл арқылы біз Қазақстанды, оның рухани дүниесі мен экономикасын әлемге таныта аламыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі бізге Абай жолымен жүру керектігін айтады, – деді Ш. Әбілов.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында Түркиядағы Самсун қаласындағы опера және балет театрының дирижері Михаил Кирхгофф, Донисетти классикалық музыка байқауының лауреаты, Стамбул мемлекеттік симфониялық оркестрінің жетекші кларнетшісі Айшегюль Кирманоглу, «Астана Опера» театрының әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сүндет Байғожин сөз алып, осынау өнер фестивалі туралы жылы лебіздерін білдірді.

– Мұндай фестивальдар көрермен үшін ғана емес, әншілер үшін де өте пайдалы. Біз бір-бірімізбен араласып, шеберлігімізді шыңдаймыз, рухани жағынан өсіп, толысамыз. Сондықтан да мен осындай халықаралық деңгейдегі фестивальді ұйымдастырып, өткізіп отырған облыс басшысына үлкен алғысымды айтамын, – дейді Айшегюль Кирманоглу.

«Ақ Ертіс» ән шалқып, күй төгілді

Ал кешкісін облыстық драма театрының залында инешаншар жер болмады. Бәрі де сиқырлы саз құдіретін сезінгісі, әсем әуенге еліткісі келеді. Талғамы биік тыңдармандардың осынау ән фестивалін бір жыл бойы тағатсыздана күткенін де жақсы білеміз. Қалай десек те қала күніне орайластырылған осынау фестивальдің өскемендіктер мен қала қонақтары үшін үлкен сый болғаны анық. Сахна шымылдығын Шығыс Қазақстан облыстық оркестрінің солистері, Мәдениет қайраткері Альмира Нұрғожина мен халықаралық байқаулардың лауреаты Айжан Мазкенова Манарбек Ержановтың «Қуанамын» әнімен ашты. Қос әншінің сыңғырлаған дауыстары бейне бір қатар аққан қос өзен Ертіс пен Үлбінің кейде еркелей, кейде тынып аққан толқындары секілді дерсің. Әннің табиғатын тап басып, сезіммен жеткізе білген әншілерге тыңдармандар да ерекше қошемет көрсетті. Шығыстың тағы бір өнер жұлдызы, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткачтың орындауындағы Евгений Гребенканың «Очи черные» әні де залдағы қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады. Бұдан кейін сахнаға еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сүндет Байғожин шығып, Жорж Бизенің «Кармен» операсынан Тореадор шумақтарын орындады.

Осынау фестивальдің жаңалығы ретінде өңіріміздің сахнасында алғаш рет «Солистер академиясы» камералық оркестрінің өнер көрсетуін айтуға болатын шығар. Осынау өнер ұжымының жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі, есімі әлем жұртшылығына кеңінен танымал скрипкашы Айман Мұсақожаева болса, бас дирижері – Бақытжан Мұсақожаева. Кәсіби шеберлігі жоғары музыканттардан құралған оркестр шетелдік композиторлардың шығармаларын шабыттана орындады.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Шахимардан Әбілов – шығысқазақстандықтардың көл-көсір ықыласы мен қошеметіне бөленген әнші. Өйткені, ол – Абай шығармаларын айтудың шебері. Бірақ, бұл жолы опера әншісі Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсындағы Риголеттоның ариясын шырқады. Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Астана Опера» театрының жетекші әншісі Альфия Каримованың орындаған шығармалары да өте сәтті шықты.

Ал Милан консерваториясының түлегі, Лучано Павароттидің шәкірті Дарио ди Виетри Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсындағы Калафо ариясын нақышына келтіре шырқады. Ал әлем музыканты Айман Мұсақожаева сахна төріне шыққанда, зал толы көрермен бір сәт демін ішіне тартып, тына қалғандай болды. Шебердің аты қашан да шебер ғой! Скрипканың сиқырлы үніне елтіген тыңдарман әйгілі музыканттың өнеріне ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсетті.

Фестиваль соңында облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Қалай десек те, осынау өнер мерекесі өскемендіктердің ұзақ есінде қалатыны сөзсіз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button