«Ақ Ертіс» фестивалі дәстүрлі түрде өткізілетін болады

Өскемен қаласының 295 жылдық мерейтойы құрметіне облыстық драма театрында тұңғыш рет «Ақ Ертіс» атты халықаралық өнер фестивалі өткізілді. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен ұйымдастырылған айтулы шараға қазақтың және әлемнің белгілі өнер майталмандары Шахмардан Әбілов, Айман Мұсақожаева, сондай-ақ, АҚШ, Ресей, Түркия сияқты елдердің әртістері қатысып, қала тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

Облысымызда бірінші рет өткізілген «Ақ Ертіс» халықаралық өнер фестивалінің негізгі мақсаты – Шығыс жұртшылығын классикалық музыкамен сусындату. Мұны фестивальға құрметті қонақ ретінде қатысқан Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек ері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Айман Мұсақожаева да ерекше атап өтті.

Фестивальдан бір күн бұрын оған қатысушы әртістер облыстық ақпараттық орталықта баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Журналистерге берген сұхбаттарында өнер майталмандары аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТЕН мұндай үлкен шараға шақырту алып отырғандарына қуанышты екендерін айтып, осындай құрамда бір сахнада иық тіресіп өнер көрсетудің сәті күнде туа бермейтінін жеткізді. Мәртебелі меймандар жаңа театрдың акустикалық мүмкіндіктеріне де жоғары баға бере келе, онда микрофонның көмегіне жүгінбей-ақ ән салып, тамаша концерттер қоюға болатынын атап өтті. Әртістер Өскемен қаласына саяхат жасаудан алған әсерлерімен де бөлісті.
– Өскемен өте әдемі шаһар екен. Мұнда көне, тарихи ғимараттармен қатар жаңадан бой көтеріп келе жатқан нысандар да көп. Сәулет өнерінің бірнеше стилі үйлесім тауып, бір-бірін толықтырып тұрғандай. Жалпы, қаланы абаттандыру, көркейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын байқадым. Түнгі қаланың жарықтандырылуы да, жолдардың жөнделуі де жоғары деңгейде. Маған әсіресе, жаңа мешіттеріңіз бен шіркеу қатты ұнады. Сонымен қатар, драма театры, Металлургтердің мәдениет сарайы, әуежайдың кіреберісіндегі жарықтандырылған дәліз де тамаша әсер қалдырды. Бір сөзбен айтқанда, Өскемен қарқынды дамып келе жатқан қалаға ұқсайды, – деді қонақтардың бірі, Түркияның Самсун қаласындағы мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, халықаралық байқаулардың лауреаты Михаил Искров.
Өскеменде алғаш өткізілген өнер фестивалін қаланың музыка сүйер қауымымен бірге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те тамашалады. Ал залдан орын таба алмаған тыңдармандарға театр ғимаратының алдында концерттен тікелей көрсетілім жүргізетін үлкен экрандар орнатылды. Осы орайда фестивальді ашық аспан астында отырып тамашалағандардың да қарасы көп болғанын айта кеткен жөн.
Ерекше атап өтер жайт, концертте Михаил Искров дирижерлік еткен Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі өзінің кәсіби шеберлігі жоғары өнер ұжымы екенін тағы бір мәрте көрсете білді.

Фестивальді әлемнің алдыңғы қатарлы кларнетшілерінің бірі, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Artists International» байқауының жеңімпазы, америкалық Юлиан Милкис әйгілі Иоганн Себастьян Бахтың әуендерімен ашты.
Бұдан кейін сахнаға халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Румыния мен Финляндияда өткен халықаралық вокалшылар байқауларының Гран-при иегері, «Астана Опера» театрының солисі, Ақсуаттың тумасы Медет Шотабаев шықты. Жерлесіміздің орындауындағы әр шығарма, әсіресе, Пуччинидің «Тоска» және «Турандот» операларынан алынған ариялар классикалық музыкаға ынтызар қауымның көңілінен шықты.

Сондай-ақ, тыңдармандар «Астана Опера» театрының тағы бір солисі, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімованың да өнеріне тәнті болып, өз алғыстарын ұзақ қошеметпен білдіріп жатты. Ол Шарль Гуноның «Джульеттаның вальсін» және Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» орындағанын айта кеткен жөн.
– Мұндай фестиваль – қаламыз үшін, тіпті өңіріміз үшін үлкен мереке. Өскемендіктер алдында дәл осындай аты әлемге мәшһүр әртістер күнде өнер көрсете бермейді. Сол себепті бүгінгі фестивальдан қалмауға тырыстым. Әсіресе, әйгілі отандасымыз Айман Мұсақожаеваның өнеріне тәнті болдым. Оның скрипкасының сиқырлы әуені кімді де болмасын ерекше бір сезімге бөлейді. Әсіресе, оның орындауындағы Сарасатенің «Сыған әуендері» өте әсерлі шықты, – дейді классикалық музыка фестивалінен алған әсерімен бөліскен Алма есімді тыңдарман.
Ал фестивальдің соңғы нүктесін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Шахмардан Әбілов қойды. Шахмардан Қайдарұлы Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» шырқағанда зал аяғынан тік тұрып, әртістің өнеріне ұзақ қол соқты.
Фестиваль соңында сахнаға шыққан өнер майталмандарына облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Өз кезегінде әртістер атынан сөз алған скрипкашы Айман Мұсақожаева мұндай фестивальдар халықтың классикалық музыкаға деген ынтасын арттыру үшін аса қажет екенін айтып, Шығыстағы тыңдарманның талғамы қашан да жоғары болатынын айрықша атап өтті.
Нұржан Кенжеұлы