Қоғам

Ақауды жою жұмыстары атқарылып жатыр

Төрт мыңнан астам тұрғыны бар Тұғыл ауылдық округінде 2018 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен әр үйге орталықтандырылған су жүйесі тартылған болатын. Су құбыры желілерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды «ПМК-Құрылыс» ЖШС атқарған еді. Дейтұрғанмен, биылғы бірнеше айдың бедерінде ауыл ауызсусыз қалды. Мәселені зерделей келгенде, су жинақтаушы резервуардан ақау шыққаны белгілі болды.

Туындаған жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы өтіп, аталмыш нысанға рейд жүргізілді.  Әр аптаға кесте бекітіліп, ауданнан құрылған комиссия жөндеу жұмыстарының қандай деңгейде екеніне бақылау жасап отырды. Комиссия құрамында Тұғыл ауылының бірнеше белсенді тұрғыны, осы ауылдық округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты, жергілікті қоғамдық кеңес төрағасы да болды.

Аталмыш компания 2021 жылға дейін кепілдігі болғандықтан, шыққан ақауды орнына келтіру жұмыстарын қолға алғандығын айтады.

    Екі резервуардың ақауларын жою жұмыстары атқарылып жатыр. Бір резервуарды гидрооқшаулау толығымен аяқталды. Арнайы сұйық битумды жағып, рубероид жапсырылды. Енді жұмыстың келесі кезеңі арматурасын құру басталды. Бұл жұмыстар Өскемендегі сараптама мекемесінің ұсыныс-қорытындысы негізінде жасалуда. Арматурасын құрып алған соң, кезең-кезеңмен үш күн ішінде бетон құйылып шығады. Мөлшермен бір резервуарды жасап шыққанға 10-12 күн қажет болады. Жалпы, тиісті материалдарымыз дайын. Жөндеуді толық аяқтауға бағытталған жұмыстар өз деңгейінде жүріп жатыр, – дейді «ПМК-Құрылыс» компаниясының директоры Қанат Халелов.

– Қазіргі таңда Тұғыл ауылы су құбыры желілері бойынша басты аяқтайтын жұмыстың бірі – 700 текше метрлік резервуар. Бұл бағыт бойынша «ПМК-Құрылыс» ЖШС-ге тиісті міндеттемелер жүктелді. Осы негізде «Технадзор KZ» ЖШС-нің тәуелсіз сарапшылары шақыртылып, кемшіліктерді түзетуге қатысты қорытынды жасаттық. Сол қорытынды негізінде резервуардың ішіне төрт қабырғасына айналдыра битум жағылып, рубероид жапсырылды. Бүгінгі таңда бірінші 700 текше метрлік резервуардың жөндеуі аяқталды. Қазір екіншісінде жұмыс жүріп жатыр. Аталған жөндеу жұмыстары жіті бақылауда. Олбысқа күнделікті ақпарат жіберіліп отыр, – деді аудандық сәулет, қала құрлысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Сабыржан Құлжабаев.

Жағдай ретке келіп, нысан толық іске қосылғанша  тұрғындарға әзірге ескі су жүйесімен ауызсу берілуде деген Тұғыл ауылдық округінің әкімі кейінгі жылдарда ауылда инфрақұрылымдық тұрғыдан біршама ілгерілеудің бар екенін тілге тиек етті.

Тұғыл ауылдық округінің әкімі Қанат Свеновтің айтуынша, ағымдағы жылы «Жол картасы» бағдарламасымен Тұғыл ауылын көркейту, ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында аудандық, республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржымен  ірі жобалар қолға алынып, ретімен жүзеге  асырылуда. Атап айтсақ, 1960 жылы салынған, осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмеген Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыс әкімінің қолдауымен 261 млн. 528,907 мың теңге қаражат бөлініп, білім ордасының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, оқушылардың жылы мектеп, жайлы сынып бөлмелерінде білім алуы үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ осы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында  83 млн. 600 мың теңгеге ауылдағы ұзындығы 4600 метр болатын ішкі үш көшеге мердігер «Зайсан-Құрылыс» компаниясы асфальт төседі. Бұған да тұрғындар ризашылығын білдіруде. Асфальт төсеу жұмыстары аяқталысымен аудандық бюджеттен бөлінген 892 857 мың теңгеге орталық көшелерге 50 дана жол жүру белгілері орнатылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Жасұлан» балабақшасына 13 млн. 186 мың теңге бөлініп, шатыры, терезелері толық ауыстырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. «Жол картасы» бағдарламасымен мердігер «Айзат-Құрылыс» ЖШС Тұғыл орталық спорт алаңына 25 млн. 395 мың теңгеге жасанды жабынды төсеу жұмыстарын жүргізді және осы алаң ішіндегі электр бағандарын сыртына шығарып орнатуға 475 мың теңгенің жұмысы атқарылды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 83 млн. теңге қаржыға Тұғыл мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Атап айтсақ, ғимараттың шатыры толық ауыстырылып, жылу жүйесі жаңғыртылады. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Абай көшесіне және Байтоғас елді мекенінің бір көшесіне түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті ауруханада стационарлық емдеу орындарын ашу үшін кәріз жүйесін жөндеу, ауызсу тарту жұмыстары қолға алынды.

Ерлан БАПАНОВ

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button