Жаңалықтар

90-нан астам көлік тіркелді

Тамыздың соңғы күндері ел аумағында «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы ұйымдастырылған болатын. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен қолға алынған аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты тұрғындардың шетелден әкелінген автокөліктерін тіркеуге қою болды.

Жалпы, акция барысында облыс аумағында 19 қабылдау бекеті жұмыс істеді. Бұған қоса, тұрғындар арнайы телефон нөміріне қоңырау шалып, мамандарға өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Іс-шараның барысын әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған тікелей эфир арқылы да тамашалауға болды. Осы ретте тікелей көрсетілім кезінде көрермендер тарапынан 100-ге жуық сұрақ жолданғанын айта кеткен орынды.

Барлығы 200-ден астам өтініш келіп түсіпті. Оның ішіндегі 31-і – жүргізуші куәлігін алуға, 21-і – автокөлікті тіркеуге, 22-сі – көлікті қайта жабдықтауға, 25-і жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты болған-ды.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиевтің айтуынша, шығысқазақстандықтарды әсіресе Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу мәселесі көп толғандырады екен. Осыдан біраз бұрын шыққан ел Үкіметінің тиісті қаулысынан кейін 93 жерлесіміз темір тұлпарларын рәсімдеп үлгеріпті.

Белгілі болғандай, бүгінде облыс аумағында Армениядан жеткізілген 150-ден аса автокөлік бар екен. Оның 60-қа жуығының рулі оң жағында орналасқан.

– Машина рулін оң жағынан сол жағына ауыстыру  мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Осыған байланысты мұндай көліктерді тіркеу жағы анағұрлым жеңілдетілді. Автокөлік иелері машиналарын арнайы сынақтан өткізіп, тиісті құжаттарын алғаннан кейін де тіркей алады, – дейді С.Мәдиев.

Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің басшылығы тұрғындарға армениялық автокөліктерді есепке қою уақытының аяқталып қалғанын ескертіп, науқаннан қалыс қалмауға шақырды. Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағандай, азаматтар төрт санды сары нөмірлерге ие болып, республика аумағында өз көлігімен еш қиындықсыз жүре алмақ.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button