Экономика

8,6 мың жаңа жұмыс орыны құрылады

Ынтымақ пен жасампаздық дәуірі

8,6 мың жаңа жұмыс орыны құрылады

Елімізде қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИДБ) бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналды. Бағдарлама іске асырылған алғашқы бесжылдықта орасан табыстарға қолымыз жетті. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірлердің дамуы тың серпін алды. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артты. Ең бастысы – мемлекетіміз таңдаған дұрыс стратегияның арқасында бүкіл әлемді тығырыққа тіреген аса күрделі дағдарыстың өзінен пайда тауып отырмыз.
Мемлекет басшысы енгізген индустриялық-инновациялық саясат бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені. Ал оның мақсаты – шикізаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететін экономика салаларын инновациялық технологияларды енгізу арқылы мемлекеттің тұрақты дамуына қол жеткізу.
Міне, осындай игі мақсатты көздеген бағдарламаның алғашқы бесжылдығында еліміз бойынша 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, 770 жоба қолданысқа енгізілді. Осы жобалардың 80 пайызы бұл күнде жоспарлы қуаттылыққа шыққан.
2010-2014 жылдары жаңадан іске қосылған кәсіпорындар 4 трлн. теңгеге өнімін шығарып, оның ішінде 628 млрд. теңгенің тауарын экспорттады. Индустрияландыру картасының жаңа өндірістерінде бұрын-соңды елімізде жасалмаған 400-ден аса өнім өндірілді.
Басқасын айтпағанда, 2014 жылдың кейінгі алты айында ғана елімізде жүзге тарта ірі жоба іске асырылды. Осы кезеңдегі Индустрияландыру картасына кіретін нысандардың жалпы құны 600 миллиард теңгеден асып түсті. Аталған жобалардың құрылыс алаңдарында 78 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Бұл нысандар іске қосылғанда сегіз мың отандасымыз тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Өткен жылдың соңында Астанада болған Индустрияландыру күні аясындағы жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасымыз өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 60 пайызға артқанын, әрбір жұмысшы жыл сайын орта есеппен 20 мың доллардан артық өнім шығаратынын айта келе: «Экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді жаңа ірі салалары пайда болды. Қазақстанға әлемнің ірі индустриялық алпауыттары – Airbus, General Electric, Alstom, Eurocopter, Toyota, Ssang Yong, LG және басқалары келді. Қазақстанның титаны қазірдің өзінде еуропалық Airbus авиақұрастырушы концерні сұранысының 15 пайызын өтеп отыр. Бұл айтарлықтай көрсеткіш», – деп атап өткен-ді.
Президент айтқан сол «Қазақстан титаны» Өскемендегі титан-магний комбинатында өндірілетіні біз үшін мақтаныш. Былтырғы жыл соңында іске қосылған ТМК мен оңтүстіккореялық «POSCO» компаниясының бірлескен кәсіпорыны – «ПОСУК Титаниум» ЖШС-нің титан құймаларын шығаратын бірегей өндіріс ошағы сол Индустрияландыру картасы аясындағы іргелі жобалардың бірі. Жұмысын сәтті бастаған бірлескен кәсіпорын алғашқы титан құймаларын осы жылдың соңына қарай Оңтүстік Кореяға жөнелтуді жоспарлап отыр.

Отандық машиналардың 50 пайызын өндіреміз

Сондай-ақ, ҮИИДБ нәтижесінде елімізде машина жасау саласы қарқынды дамуда. Аталған саладағы отандық кәсіпорындар 2013 жылдың өзінде ғана 120 млрд. теңгеге жуық тауар шығарған екен. Бұл 2010 жылғы деңгейден 38 есеге көп.
– Индустрияландыру бағдарламасы енгізілген 2010 жылдан бері елдің машина жасау саласындағы өндіріс көлемі шамамен 3 есеге жуық, яғни, 300 млрд. теңгеден 853,9 млрд. теңгеге артты. Саладағы еңбек өнімділігі 2 есеге, яғни, 13,6 млрд. теңгеден 106,7 млрд. теңгеге дейін көтерілді. Шығарылатын тауарлар сапасының жоғары болуы экспорт көлемінің төрт есеге ұлғаюына мүмкіндік берді, – деген болатын Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау.
Рас, аталмыш бағдарламаның көмегімен машина жасаушы кәсіпорындардың жұмысы ширап, өнімділік көрсеткіші үдей түсті. Айталық, Өскемендегі «Шығысмашзауыт» кәсіпорында вагон жабдықтарына арналған шойын құймаларын шығаратын цехтың жаңғырту жұмыстары дәл осы Индустрияландыру бағдарламасы арқылы іске асырылуда. Бұл жоба қолданысқа берілгенде зауытта шығарылатын өнім көлемі 16 есе, ал еңбек өнімділігі алты есеге дейін артпақ.
Бұған қоса вице-министр ҮИИДБ-ның екінші бесжылдығында маңыз берілетін бірнеше міндеттерді атап көрсеткен. Олар: Өскеменде құрылысы жүріп жатқан толық циклді автокөлік шығару жобасын («Автоваз», «Рено», «Ниссан» компанияларымен бірлесіп) аяқтау, бұрынғы қолданысқа өткен жобаларды толық қуатына шығару және экспорт көлемін ұлғайту.

Естеріңізге салсақ, қазір елімізде шығарылатын бүкіл машина жасау өнімдерінің 20 пайызы біздің облысқа тиесілі. Оның ішіндегі басым үлесін «Азия Авто» мен «СемАЗ» кәсіпорындары құрайды. Алдағы уақытта «Азия Авто Қазақстан» толық циклді автокөлік зауыты мен «Алға» қазақстандық автомобиль корпорациясының» «HOWO» жүк көліктері өндірісі іске қосылғанда, облысымыз отандық автокөліктердің 50 пайызын шығарылатын болады.
Президент баса назар аударған тағы бір мәселе – отандық құрылыс материалдары. Индустрияландырудың шапағаты бұл салаға да тиіп отыр. Соның нақты айғағы ретінде, 2010-2014 жылдар аралығында өзімізде өндірілетін құрылыс материалдары көлемінің 2 есеге өскенін айтуға болады. Оның ішінде цемент өндірісі екі есеге ұлғайып, 4 млн. тоннаға жетті. Қазіргі уақытта елімізде қолданылып жүрген құрылыс материалдарының 80 пайызы отандық.
Бұл ретте әрине, Жарма ауданындағы құрғақ тәсілмен цемент шығаратын зауыттың орны бөлек. Бұл зауыт ҮИИДБ аясында іске қосылған және аталған ауданның жүйе құрушы кәсіпорны болып табылады. Жылына бір млн. тоннаға дейін құрғақ цемент өндіруге қауқарлы озық құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи кәсіпорын өз тауарларын еліміздің түкпір-түкпіріне және Ресейге саудалауда. Бүгінде өндіріс ошағы аудан бюджетінің бүйірін томпайтып ғана қоймай, жүздеген жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың ұсынған деректеріне жүгінсек, 2010-2014 жылдар аралығында өңірде ҮИИДБ арқылы 76 жоба қолға алынып, соның 44-і (жалпы сомасы 220 млрд. теңге) жүзеге асырылыпты. Нәтижесінде 8,2 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Кәсіпорындармен өндірілген өнім көлемі 400 млрд. теңгеге таяған.
ҮИИДБ-нің екінші бесжылдығында облыста жиыны 8,6 мың жаңа жұмыс орнын құратын, жалпы құны 470 млрд. теңге тұратын 32 жоба қолға алынады. Оның 12-сі биылға жоспарланған.
Сол сияқты алдағы уақытқа межеленген жобалардың ішінде Аягөз ауданындағы құны 668,8 млн. теңге тұратын Тасқара алтын өндіру фабрикасын, катодты мыс концентратын өндіретін құны 17,4 млрд. теңге болатын «ГРК МЛД» ЖШС-ін, «Қазцинк» компаниясының «Жаңа металлургия» жобасын және басқаларды айтуға болады.
Өркениетті елдердің өзін қалтыратқан күрделі дағдарысқа қарамастан бүгінде ТМД елдеріндегі аса ірі кәсіпорындардың біріне саналатын «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының (Аягөз ауданы) құрылысы жалғасуда. Жобаның құны – 225 млрд. теңге.
– Бұл жоба – бүкіл облыстың индустриялық дамуына қосылған үлкен үлес. Оны іске асыру үшін 244,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қазір оның 50 пайызы игерілді. Жыл соңына қарай тотықты кен өндіру бойынша бірінші кешен іске қосылады. Жоба толық қуатына көшкенде мұнда жылына 25 тонна катодты мыс пен 85 тонна концентратты мыс өндірілетін болады. Ең бастысы, жоғары технологиялар енгізілетін бұл комбинатта жаңадан 1500 жұмыс орны ашылады. Онда негізінен жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтылады, – деген бірегей кәсіпорынның құрылысымен танысқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Қазір өңірде энергетикалық кластер құру жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл кластерге Курчатов қаласында бой көтеретін 300 МВт-қа дейін кіші қуатты реакторы бар тәжірибелік-өнеркәсіптік энергоблок, Зырян ауданындағы Тұрғұсын шағын ГЭС-і, Өміш асуындағы Тайынты жел электр стансасы еніп отыр. Аталған жобалардың бәрі де ҮИИДБ аясында атқарылуда.
Сондай-ақ, облыста индустрияландыру аясында орман және ағаш өндіру саласын, жаңа технологияларды пайдалану арқылы толық металлургиялық кластерді дамыту, геологиялық барлау жүргізу бағыттарында болашағы үлкен жобалар қолға алынған.
Бұл жұмыстар ең алдымен экономиканы әртараптандыруға, яғни, Мемлекет басшысы айтқандай, сол арқылы отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сөйтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік бермек.
ҮИИДБ-нің тағы бір игілігі, бұрыннан жұмыс істейтін және табысы әжептәуір кәсіпорындар өз өндірістерін жаңғыртуға немесе кеңейтуге, инновацияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға, соның арқасында тауарын экспортқа шығуға мүмкіндік алды. Яғни, «президенттік» бағдарлама отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттырды.
Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығының талдаушысы Шолпан Сапарғалидың айтуынша, ҮИИДБ-нің екінші кезеңінде бірқатар басымдықтар айқындалып отыр. Соған сәйкес негізінен даму болашағы зор секторлар қолдау табатын болады. Яғни, сұраныс пен ресурсқа ие салаларға ғана көңіл бөлінеді. Мысалы, бұл мұнай мен металлургияны қайта өңдеуге қатысты. Себебі, бұл салаларда ресурстар мен мүмкіндіктер жеткілікті. Екіншіден, нақты тауарлық-өнімдік топтар анықталады. Үшіншіден, жаңа кластерлік саясат жүзеге асырылады. Төртінші бағыт – «Алатау» ИТП мен «Назарбаев Университеті» базасындағы инновациялық кластерлерге маңыз беріледі.
Алдымызға осындай үлкен мақсаттар қойған мемлекет басшысы: «Келешекте ел экономикасының өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 100 мың жұмыс орнын құру керек. Өңдеуші индустрия жоғары кәсіби қызметтің 80 пайызын тұтынады. Индустриялық сектордағы бір жұмыс орны іс жүзінде қызмет көрсету секторындағы 3-тен 5-ке дейін жұмыс орнын құрады. Сол себепті, индустрияландыру бағдарламасы арқылы жыл сайын 30 мыңнан 50 мыңға дейін сапалы жұмыс орны құрылуы тиіс», – деп атап көрсеткен-ді.
Қорыта айтсақ, ҮИИДБ аясындағы жобалар еліміздің экономикалық өркендеуін жаңа деңгейге көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал еткенін баса айтпақпыз. Бұл бағдарлама алдағы жылдары да жалғасын тауып, өзінің толайым табыстарымен қазақстандықтарды қуанта бермек.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button