Экономика

73 жоба жүзеге асырылып жатыр

Өңірімізде Индустрияландыру картасы бойынша 15 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етуді көздеген 73 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің мәжілісінде облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шорманов хабарлады.
Бұдан бөлек, жалпы сомасы 811 миллиард теңгені құрайтын республикалық жобалар да қосымша 3900 жұмыс орнын құруды көздейді.
– 2010-2018 жылдары аралығында жалпы сомасы 707 миллиард теңгеден астам 47 жоба іске асырылып, қолданысқа берілді, – дейді Ержан Шорманов. – Нәтижесінде 8,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Биыл жалпы сомасы 26 миллиард теңгеден астам 4 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 160 жаңа жұмыс орны ашылады. Аталмыш жобалардың біріншісі – темір-бетон өнімдерін өндіру кәсіпорны. Қазіргі уақытта бұл өндірістің жұмысы жолға қойылып, жылдың бірінші жартысында темір-бетон өнімдерінің 700-ден астам түрі өндірілді. Тағы бір жоба – Жарма ауданындағы «Жаңғыз-солар» ЖШС салып жатқан қуаты 30 мВт-тық күн электр станциясы. Қазіргі уақытта нысанның монтаждау жұмыстары толықтай аяқталып, күн батареялары құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар «Аягөз құрылыс материалдары комбинаты» ЖШС 2,3 млрд. теңгені құрайтын жобаны іске асыруда. Бүгінгі таңда жұмыстары аяқталып, құрылғыларды жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Төртінші жоба – «Тұрғысын-1» ЖШС жүзеге асырып жатқан Тұрғысын ГЭС-ін салу жұмыстары. Бекітілген кестеге сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан нысан жыл соңында қолданысқа беріледі.
Басқарма басшысының хабарлауынша, 2020-2025 жылдары аралығында 557 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартуды көздеген 22 жоба жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы алдағы уақытта өңірімізде мың адамды жұмыспен қамтитын тау-кен байыту комбинатын салмақ. Жоба қазіргі уақытта министрлік қарауына жолданған.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button