Қоғам

72-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлік туы Шығысқа жетті

72-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлік туы Шығысқа жетті

Облыс орталығындағы Республика алаңында 1941 жылы Қазақстанда жасақталып, Ұлы Отан соғысындағы ең бір қиян-кескі ұрыстарға қатысып, екінші дүниежүзілік соғыс тарихынан ойып тұрып орын алған 72-ші атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесін құрметпен қарсы алуға арналған салтанатты әскери жиын өтті.
Жауынгерлік туды қарсы алуға арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Ұлттық гвардияның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518, 6699, 3477 әскери бөлімдерінің әскери қызметкерлері, Ұлттық Ұланның, Ұлы Отан соғысының және Ауған соғысының ардагерлері, қаладағы әскери-патриоттық клубтардың мүшелері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Елбасының тапсырмасына орай Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар қазір еліміздің әр өңірінде кеңінен ұйымдастырылып жатқандығын атады.
– Өңірдің қалалары мен аудандарында күн сайын осындай шаралар өткізіліп, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне лайықты сый-құрмет көрсетілуде. Шығыстан 109 Кеңес Одағының Батыры шықты. Соғысқа қатысқан 600-дей ардагер ортамызда болса, 30 мыңға тарта тыл еңбеккерлері бар. Олар әлі де белсенді іс-әрекеттерімен қоғам назарынан тыс қалған емес. Байрағымыз көкке көтерілгенде, жауынгерлердің рухы бірге көтерілген. Бұл шараның жастарға берер тәрбиесі орасан, бүгінгі ұрпаққа қажетті дүние. Тәуелсіз еліміздің көгінде көк байрағымыз желбірей берсін. Ардагерлеріміз аман болсын,-деді Жақсылық Омар.
– Аталмыш шара Ұлы Жеңістің 70-жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты республикалық акцияның аясында жалғасын тауып отыр. Онда 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туын қарсы алу-табыстау эстафетасы өткізілуде. Бүгін Жауынгерлік туды Өскемен қаласының әскери гарнизоны Алматы қаласынан қабылдап алды. Аталған дивизия 1941 жылдың 15-желтоқсанында бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласында жасақталып, Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы кескілескен шайқастарға қатысты, Венгрияны, Чехословакияны, басқа да көптеген елді мекендерді жаудан азат етіп, неміс басқыншыларын тізе бүктірумен соғысты аяқтады. Мұндағы басты мақсат – Қазақстан әскерінің рухын көтеру, соғыс жылдарында дивизия құрамында жаумен айқасқан майдангерлер ерлігіне тағзым ету. Сондай-ақ, жастарға атақты дивизияның ерліктерін дәріптеп, бойларына патриоттық рух ұялату. Шара тақырыптық кештер өткізумен жалғасып, кешкісін ардагерлерге арналған үлкен гала-концертпен қорытындыланады, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Бауыржан Әбжанов.
Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Егоров Ұлы Жеңіс бүкіл кеңес халқының бірлігі мен ынтымағының, ерен еңбегінің, жеңіске деген құштарлығының арқасында мүмкін болғандығын, аға ұрпақтың қанымен, жанымен келген бұл бейбіт өмірді көздің қарашығындай сақтай білу керектігін жеткізді.
Мұнан соң еліміздің Әнұраны шырқалып, 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының әйгілі Жауынгерлік туының көшірмесі Ұлттық Ұланның 5518 әскери бөлімінің командирі, майор Жандос Қасымовқа салтанатты түрде табыс етілді.
Естеріңізге сала кетейік, «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафеталық шарасының ұйымдастырушысы – еліміздің Ұлттық Ұланы. Оның басты атрибуты – аты аңызға айналған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесі. Ағымдағы жылдың үшінші ақпанында әйгілі нышан Астанадан сапарға шығып, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі Ұлттық Ұланның әскери бөлімдерін аралап келеді.
Жас ұрпаққа берер тағлымы мен тәрбиесі мол эстафеталық шараны ары қарай Семей, Курчатов, Павлодар қалаларының әскери бөлімдері жалғастырады. Акция бесінші мамыр күні мәреге жетеді. 92 күннің ішінде жәдігер Қазақстанның 25 қаласында болады деп жоспарлануда. Ал 9-мамырда Жауынгерлік ту Астанадағы Жеңіс шеруінде желбірейтін болады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button