Аймақтар аухалы

71 адам жұмысқа орналасты

 Үлкен Нарын ауылында аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Басты мақсат – азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. 

Жұмыспен қамту орталығының директоры Сәуле Елубаева «Еңбек.кз» электронды порталында аудан аумағында бар-жоғы 45 қана жұмыс орындарының   ұсынылғанын  тілге тиек етіп, жұмыс беруші мекеме өкілдеріне аталмыш порталмен жұмысы бәсең екендігін атап өтті.

-Өткен жылғы жәрмеңке барысында сіздерге осы жөнінде түсіндіріп едік. Еске салып өтсек, аудан мектептерінің әрқайсысы жұмысқа тіркеу порталында өздеріне қажетті немесе мекемелерінде бар  бос орындар туралы хабардар етулері қажет, қазіргі жағдайды көре отырып, мектеп өкілдері  бұл жұмысты лайықты түрде атқармағандығын айтқымыз келеді. Бүгінгі жәрмеңке қорытындысы бойынша барлықтарыңыз аталмыш порталға тіркеліп немесе біздің мекеме қызметкерлеріне көмекке жүгініп, бос жұмыс орындары туралы мәліметті орналастырыңыздар. Ал жұмыс іздеушілер манағы порталға кіріп, өзінің түйіндемесін қалдырғаннан кейін, жұмыс беруші тарап сіздерді әңгімелесуге шақырады. Әңгімелесу нәтижесі бойынша жұмысқа қабылдау, әлде қабылдамау туралы нақтылы шешім қабылданады,-деді С.Елубаева.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген жандарға жұмыс берушілермен жақынырақ танысып, сұхбаттасу үшін арнайы уақыт  бөлді. Жарты сағат ішінде жұмыссыз тұрғындар мектеп өкілдерінен ондағы бос жұмыс орындары, жұмыс беруші тараптан қойылатын талаптар туралы сұрап  біліп, өздерінің жазбаша түйіндемелерін қалдырды.

Жәрмеңкені қорытындылаған Сәуле Елубаева іс-шара барысында  мектеп директорлары тарапынан 108 бос жұмыс орнының ұсынылып, қатысқан 92 жұмыс іздеушінің 71-і жұмысқа орналасқандығын жеткізді.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button