“7-20-25” ЖАЛҒАСАДЫ
Елімізде “7-20-25” ипотекалық тұрғын үй несиелеу бағдарламасы келер жылы да жалғасатын болды.
Тиісті шешім туралы қаулыны Ұлттық Банк басқармасы 19 желтоқсанда қабылдады. 2023 жылы бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінеді.
Жеңілдетілген төмен пайызбен несие беру арқылы азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет ғана қатыса алады.
Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері:
-бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері
-қарыздың ең жоғары сомасы
-сыйақы мөлшерлемесі
-қарыз мерзімі
-өңірлерде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және басқа талаптар өзгеріссіз қалады.
Биыл 22 желтоқсанда 852,2 миллиард теңге көлемінде 64 146 жеңілдетілген қарыз берілген.
2018 жылы іске қосылған бұл бағдарлама жұмыс істейтін азаматтарды 20%-дан бастап алғашқы жарнамен, жылдық 7% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша ипотекамен қамтамасыз етуге арналған. Несие уақыты – 25 жылға дейін.
Қаулының толық мәтінімен ҚҰБ сайтында танысуға болады.
Жамал Ермен