500-ден астам мұғалім ІТ-технологияны меңгереді
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар ашу» және «Кәсіби мамандар дайындау үшін ІТ-орталықтарды іске қосу» жобалары қолға алынған болатын.
Семейде облыс мектептерінің 544 мұғалімі «ІТ-технологиялар бағдарламасы» бойынша қайта даярлаудан өтіп жатыр.
-Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясының қанатқақты жобасын жүзеге асыру үшін Семейдегі электротехникалық колледжде облыстың барлық аудандарының мектептерінен әртүрлі пәннің мұғалімдерін жинап, кәсіби маман даярлау үшін қайта оқытуды бастап отырмыз,-деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. – Облыс бойынша биылғы оқу жылынан бастап 277 мектепте осындай ІТ сыныптар ашылып, жұмыс істеуі тиіс.
Әсем Нүсіпованың айтуынша, мұғалімдері қайта даярлап жатқан бұл курс бес аптаға созылады. Үш аптада осы бағдарламаны теориялық тұрғыдан үйренсе, қалған екі аптада ұстаздар алған білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Осы уақыт ішінде мұғалім IT – технологиясын бағындыра білуі керек. Бұның ішіне әрине, 3D баспа өнімі, Web-дизайн жасау және роботтық жүйелер де кіреді.
-Мектептердегі оқушылардың жас ерекшелігіне сай технологиялық ақпараттармен қамтитын боламыз. Мәселен, 3-5 сыныптардың өз ерекшелігі болады, ал 5-9 сынып, сол сияқты 10-11 сыныптардың бағдарламасы жас ерекшелігіне сай қамтылады. Осылайша барлық жастағы оқушылардың сенсорлық даму интеллектін қамтимыз,-деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары электротехникалық колледждегі ІТ сыныптарды аралатып таныстыру барысында. – Шәкірттердің заманға сай тұлға болып қалыптасуына атсалысуымыз керек. Ұстаздар осы жерде түрлі инновациялық технологияларды үйретіп жатыр. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамту», сол сияқты мехатроника мен робототехникасын облыстың 544 мұғалімі оқып, үйренбек. Курс аяқталған соң сынақ жұмыстарын тапсырып, сертификаттарына ие болады. Осы арқылы химия, физика, информатика немесе бастауыш сынып мұғалімдері қосымша жаңа пәннен сабақ беру мүмкіндіктеріне де ие болады.
Әрине, қазір демалыс кезі. Дегенмен, мұғалімдердің бұл еңбектері ескеріліп, материалдық жағынан қолдау көрсетілетін болады. Алдағы уақытта осындай мұғалімдердің біліктілігі бірден бағаланбақ.
-Бұл шынымен де біз үшін аса қажет, сондықтан да демалысымызда келіп оқып жатқанымызға өкінбейміз,-деді Глубокое ауданы, Верхберезовка ауылынан келген мұғалім Елена Жидяева,-жаңа сыныптар ашылып жатыр. Математиктер және информатиктер үшін бұл курс таптырмас білім көзі болып отыр. Десек те, ашылатын ІТ-сыныптарда лаборанттың болуы аса қажет.
Әсем Нүсіпова ұстаздың бұл өтінішін назарға алатындығын айтты. Электротехникалық колледждің мұғалімі Ирина Шустова осы бағдарламаның жетекшісі әрі жаттықтырушысы екен. Оның айтуынша, балалар графикалық кескіндемелер салып, болашақта сызба, сурет, анимация жұмыстарымен де айналысып, мультфильм түсіруге бейімделуі керек. Тіпті, сәулет, құрылыс саласын меңгеретіндер де ісін осы бағыттан бастай алады. Сондықтан бағдарламаның берері мол.
-«Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынғандықтан, бұл іс тікелей қадағалауымызда болады,-деді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков,- әр баланың білім деңгейіне назар аударамыз. Қыркүйектің 1-інен бастап, ІТ-сыныптар біздің облыстағы 277 мектепте түгелдей ашылады деп ойлаймыз.
-Назарбаев зияткерлік мектебі мен Германия, Ұлыбритания сияқты елдердің тәжірибелеріне орай біз әр сыныпқа модульдер ойлап таптық,-деді электротехникалық колледж директоры Азат Сарпеков,-біз бастауыш сыныптарға алдымен ойын түрінде үйретеміз. Ал 6-8 сыныптарға сайттар жасау, роботтехниканы құрастыруды тереңдете бастаймыз. 9-11 сыныптар мехатрониканы, виртуальды әлемді бағындыруға тырысады. ІТ-технологияны, бағдарламаны меңгерту барысында балалардың жас ерекшелігін ескеріп отырамыз.
Раушан Нұғманбекова,
Семей.