Мәдениет

43 өнерпаз облыстық кезеңге өтті

43 өнерпаз облыстық кезеңге өтті


«Men Qazaqpyn» дәстүрлі әншілер, термешілер мен күйшілердің телевизиялық жобасы биыл да жалғасын таппақ. 26 мамыр мен 29 маусым аралығында байқаудың аудандық және қалалық іріктеу кезеңіне жүзге жуық өнерпаздар қатысып, оның 43-і қазылар алқасының шешімімен облыстық кезеңге таңдалып алыныпты. Бұл туралы облыстық ақпараттық орталықта «ALTAI» телеарнасы директорының орынбасары Айдос Жұқанұлы журналистерге әңгімелеп берді.

Айдос Жұқанұлының айтуынша, республикалық телерадио корпорациясы аталған жобаны осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. «Men Qazagpyn» мегажобасының қалалық және аудандық іріктеу кезеңі еліміздің 14 облысында да аяқталыпты. Кейбір облыстарда тіпті байқаудың облыстық іріктеу кезеңі де өтіп қойған. Біздің Шығыс Қазақстан облысы белгілі бір себептермен өзге облыстардан кейін бастаған екен. Үржар ауданынан басталған байқаудың аудандық, қалалық іріктеу кезеңі 26 маусымда ғана мәреге жеткен.

– Бұл жобаның мақсатын өздеріңіз білесіздер, ол – атадан мұра болып келе жатқан төл өнерімізді дамыту, насихаттау. Байқауға облысымыздың Үржар, Аягөз, Тарбағатай, Көкпекті, Зайсан, Глубокое, Күршім, Бородулиха, Бесқарағай, Абай және Жарма секілді аудандары мен Өскемен мен Семей қалалары қатысты. Дәстүрлі ән, терме мен күй секілді үш жанр бойынша 100-ге жуық адам байқауда бақтарын сынап, солардың ішінен ең мықты деген 43 өнерпаз қазылар алқасының шешімімен таңдалды. Олардың 19-ы күйші, 16-ы дәстүрлі әнші, сегізі термеші, – дейді Айдос Жұқанұлы.

Шемонайха, Риддер, Зырян, Катонқарағай секілді аудандар байқауға қатыспай, тыс қалған. Ал ең белсенділік танытқан Үржар ауданы көрінеді.

– Аудандық, қалалық іріктеу кезеңінен өткен 43 адам Астананың 20 жылдық мерейтойы өткен соң, 11 шілдеде өтетін облыстық іріктеу кезеңіне қатысады. Іріктеу кезеңінде ең үздік деген дәстүрлі әнші, күйші мен термеші, яғни, үш адам таңдалып алынып, олар байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алады, – дейді телеарна басшысының орынбасары.

Бір атап айтарлығы, байқауға қатысу үшін ешқандай музыкалық білімді нақтылайтын құжат талап етілмеген. Үміткерлердің арасында тіпті күзет, өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейтіндер де бар көрінеді.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button