Спорт

35 жыл сақталған рекордты жаңартты  

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, марафоншы Жанна Мамажанова жерлестерін жаңа рекордымен қуантты. Тегі шығысқазақстандық атлет Нидерланд Корольдігінің Роттердам қаласында өткен «NN marathon Rotterdam» марафонда жүлделі үшінші орынға ие болып, Қазақстан рекордын жаңартты.

Отандасымыз 42 шақырым 197 метрлік жарыс жолын екі сағат 26 минут 54 секундта жүгіріп өткенін айту керек. Осылайша, Мамажанова 35 жыл бойы мұрты бұзылмаған Қазақстан рекордын жаңартты. Еске салайық, бұған дейінгі ел рекорды 1987 жылдың 15 қарашасында тіркелген болатын. Ол кездегі рекордтың авторы, атақты алматылық стайер Зоя Иванова еді. Оның көрсеткіші екі сағат 27 минут 57 секундқа тең болатын.

Осы ретте, Роттердамдағы марафонда Жанна алдына жарыста топ жарған эфиопиялық Хавен Хаилу (көрсеткіші 2:22:01) мен нидерландтық Нинке Бринкманды (2:22:51) ғана жібергенін айту керек.

Бұл жетістігінің арқасында Жанна алдағы Әлем чемпионатының жолдамасына ие болды. Айта кетейік, алты құрлықтың желаяқтары ағымдағы жылдың 15-24 шілдесі аралығында АҚШ-тың Орегон штатында өтетін жаһандық жарыста бас қосып, өзара мықтыны анықтайтын болады.

Шығысқазақстандық «Altay Athletics» клубының өкілі, Семей қаласының тумасы Жанна Мамажанованың есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс болуы тиіс. Себебі, бүгінде Францияда тұрып, сол елде жаттығатын жерлесіміз осыған дейін бірнеше мәрте Қазақстандағы елішілік жарыстарда топ жарып, халықаралық бәсекелерде үздіктер қатарынан көріне білген. Сол сияқты, Мамажанова Токиода өткен Олимпиада ойындарына да қатысқанын айту керек.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button