Білім

320 орындық балабақша құрылысы басталды

  320 орындық балабақша құрылысы басталды

Облыс орталығындағы құрылыс қарқыны қатты жүріп жатқан 19-шы ықшам ауданда жуықта 320 орындық балабақша бой көтереді. Конституциямыздың 20 жылдығына орай кеше жаңа нысанның алғашқы қазығы қағылды. Дәстүрге сәйкес құрылыстың басталғанын бейнелейтін символикалық уақыт капсуласы құрылыстың іргетасымен бірге қаланды.
Көпқабатты зәулім ғимараттары көк тіреген 19-ықшам аудан күн санап емес, сағат санап өсіп келе жатқандай. Жуықта пайдалануға берілетін 1000 орындық жаңа мектептің маңынан ашылатын балабақшаның құрылысы 1 жылдың ішінде аяқталмақшы. Мердігерлер ұсынған құжатқа сүйенсек, әлеуметтік ғимараттың құрылысы 2015 жылдың III тоқсанында басталып, 2016 жылдың III тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Бас мердігер – Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен компания – «Global Consruction Technologies» ЖШС.
Іргетасқа капсула салу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және аталмыш компанияның өкілі Ма Шиян Лин қатысты. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде мұндай әлеуметтік нысандардың, яғни, балабақшалардың Өскемен және Семей қалаларында салынып жатқандығын айтып өтті.
– Барлықтарыңызды келе жатқан Конституциямыздың 20 жылдық мерекесімен және Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз елімізде ең алғаш рет концессиялық негізде балабақша құрылыстарын бастап жатырмыз. Осы жоба аясында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТЫҢ қолдауымен алдағы жылдары Өскеменде 6 балабақша, Семейде 5 балабақша салынады. Өскемендегі балабақшаны қытайлық әріптестеріміз жүргізсе, Семейдегі құрылысты түрік бауырларымыз қолға алады. Біз инвесторлар тарапынан құрылысқа жұмсалған қаржыны 7 жылдың ішінде өтеуіміз керек. Бұл – екі жақ үшін де пайдалы. Тағы бір айта кетер жайт, жақында ғана болған әкімдіктегі жиналыста Өскеменге тағы 5 балабақша салу туралы шешім қабылданды. Балабақша саны сұранысқа байланысты көбейеді. Құдайға шүкір, халық саны көбейіп, еліміздің әл-ауқаты артып келе жатыр. Бүгінгі уақыт капсуласы салынған күннен бастап, құрылыс қарқыны біздің бақылауымызда болады. Бұл – әлеуметтік құрылыс, бәріміз осы игілікті іске ат салысайық, – деді Жақсылық Омар.
Бүгінде облысымызда мемлекеттік – жекеменшік әріптестік механизмі арқылы әлеуметтік құрылыстарға инвестиция тарту жұмыстары жақсы жолға қойылған. Болашақта бой көтеретін Ілияс Есенберлин даңғылының бойындағы құны 739 млн теңгені құрайтын балабақшаны осы жұмыстардың жемісі деуге болады.
Шараның ең маңызды сәті – уақыт капсуласын салу жоралғысын облыс әкімінің орынбасары мен мердігер компанияның өкілі бірге орындады. Жоспарға сәйкес енді бұл жерден күні-түні ауыр техниканың гүрілі тынбай, салтанатты шара тарқай салысымен еңбек майданы басталып кетпекші. Құрылыс құжатында балабақша 2016 жылдың тамыз айында толық пайдалануға беріледі деп жазылған. Ал журналистерге сұхбат берген құрылыс компаниясының өкілі Ма Шиян Лин құрылыс материалы толықтай Өскеменнен алынатынын, сондықтан балабақшаны келесі жылдың тамыз айында емес, бір ай ерте – шілде айында тапсырып қоятындарын өте сенімді түрде айтты.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button