Экономика

30 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы салынады

30 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы салынады

Аймақ басшысы Үржар ауданында салынатын осы маңызды нысанның құрылысын жүргізуге қатысты жиын өткізді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта арнайы жұмыс тобы жылына 30 мың тонна ет өндіретін, толық циклдегі бройлер құс фабрикасының құрылысын жүргізуге қатысты мәселелерді пысықтап жатыр. Егер бұл инвестициялық жоба сәтімен жүзеге асатын болса, құс етін шетелден тасып, шығынға батпайтын боламыз.
Таңдаудың Үржар ауданына түсіп отырғаны бекер емес. Өйткені, Үржар ауданы біздің облыс пен Алматы облысының үлкен қалаларына жақын орналасқан, логистикалық тұрғыдан да қолайлы. Сонымен қатар, бұл ауданда құс фабрикасының азық қорын қамтамасыз ететін бос жатқан суармалы алқаптар жеткілікті.
Облыс әкімі тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне инвесторларды тарту мәселесін жеделдетіп, жобаны жүзеге асыру үшін тез арада қажетті құжаттарды әзірлеу үшін бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
Жұмыс тобының мүшелері Үржар ауданына арнайы барып, көлемі 25 мың гектарды қамтитын тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді анықтап, аталған жерлерді фабриканың азық қорына пайдалануға алудың жолдарын қарастыратын болады. Сонымен қатар, «ҚазАгроқаржы» АҚ-ның облыстық филиалымен бірлесіп, несие беру мен қаржыландырудың шарттарын анықтауы қажет.
Үржар ауданының әкімдігі құс фабрикасы құрылысын жүргізу үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымы жасақталған көлемі 200 гектарды құрайтын жер учаскесі бойынша ұсыныстарын әзірлейтін болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button