Сайлау-2023

Өскемендегі Самал ауданының тұрғындары жиналып келіп дауыс берді

Наурыз мейрамы қарсаңында болып жатқан Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысушы жұрттың белсенділігі жоғары. Дауыс беру учаскелерінде мерекелік көңіл-күй ерекше сезіліп тұр.

Өйткені сайлау комиссиясы мүшелерінің біразы ұлттық нақыштағы киімдерін киіп саяси науқанға келушілерді жылы қарсы алса, мектептің кіреберісіне тұрғындарға арнап ыстық шәй мен бауырсақ қойып, дастархан жайыпты.

– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан мына сайлауда ерекше бір мерекелік леп байқалады. Көршілермен бірге топ болып жиналып келіп дауыс бердік. Дастархан жайып қойыпты, ән шырқап, би билеп, думанды қыздырып жатыр екен. Жақсы, елдің көңілін бір серпіп тастады, – дейді Самал ауданының тұрғыны Мәншүк Қасбатыр.

Өскемен қалалық №27 мектепте орналасқан №116, 117, 118 сайлау учаскелері бойынша алғашқы бір сағаттың өзінде 550-ден астам адам дауыс беріп үлгерген. Жалпы №116 сайлау учаскесі бойынша 2138 адам, №117 сайлау учаскесі бойынша 1906 адам, №118 сайлау учаскесі бойынша 1932 адам дауыс беретіндігі көрсетілген. Демалыс күні болса да ертелетіп келіп таңдауын жасап жатқандардың қарасы көп. Ал сайлаушыларға арнап мектепте мерекелік концерт те әзірлепті. Дауыс беруге келген жұртшылық ұлттық тағамдардан дәм татып, концертті тамашалап мәз-мейрам.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button