Қоғам

Жаңа Бұқтырма туристік орталыққа айналады

Ержан Әбіш

Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыста, оның ішінде Алтай, Самар, Катонқарағай аудандары мен Риддер қаласында туризмді дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

Туризмді дамыту бағдарламасын іске асыру екі бағыттан тұрады, олар – инфрақұрылымдық проблемаларды шешу және барлық демалыс аймақтарының бас жоспарын әзірлеу.

Бүгінде барлығы 60-тан астам жоба бар. Аймақ басшысының айтуынша, Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысын міндетті түрде аяқтап, туристердің жайлылығы мен қауіпсіздігіне бағытталған жобаларға баса назар аудару қажет.

– Алтай – Катонқарағай жолының 58 шақырымы жөнделіп, барлық өткелдер ретке келтірілетін болады. Сонымен қатар Жаңа Бұқтырмада туристік аймақ құру бойынша үлкен жобаны іске асырып жатырмыз. Мұнда балалар алаңы, веложолдар, басқа да спорттық-мәдени нысандар салынады. Біз ауқымды идеялары бар және оларды жүзеге асырғысы келетін мамандарды шақыруға әзірміз, – деді облыс әкімі.

Инфрақұрылым бойынша айтар болсақ, подстанцияның қуаты қазіргі бар демалыс базаларына ғана емес, болашақта пайда болатын базаларға да жететінін тексеру қажет. Октябрь кентінде өрт сөндіру бөлімшесі күшейтіліп, өрт сөндірушілер құтқарушылармен қатар жұмыс істейтін болады.

Жиында Катонқарағай ауданында пантымен емдеу, ал Риддерде шаңғы туризмін дамыту жолдары да қарастырылды.

Осы айдарда

Back to top button