Білім

22 мектепке жаңа автобуспен қамтылды

22 мектепке жаңа автобуспен қамтылды


Биылғы Тәуелсіздік тойы облысымыздағы бірнеше мектеп үшін ерекше сыймен есте қалатын болды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов 22 мектепке автобус кілттерін табыстады.

Шалғайдағы оқушыларды білім нәрімен сусындату үшін елімізде «Мектеп автобусы» дейтін бағдарлама жұмыс істейді. Аты айтып тұрғандай, мектебі жоқ немесе сынып саны толымсыз елді мекендердің балаларын жақын жердегі білім ошақтарына тасымалдау – сол бағдарламаның негізгі мақсаты. Біздің облыста аталмыш бағдарлама аясында 193 автобус оқушы тасымалыман айналысады. Тәуелсіздік күні қарсаңында солардың қатары тағы 22 автобуспен толықты. Ең бастысы, су жаңа көліктің бәрі – отандық өнім. Белінде «Мектеп автобусы» деген жазуы бар су жаңа көліктер облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңына сән беріп тұрды. Қақаған аязға қарамастан, көлік кілтін қабылдауға келген мектеп өкілдерінің жүзінен қуаныш байқалады.

-Осынау аязды күнге қарамай, барлығымызды орталық алаңға жинаған бір қуаныш бар. Ол қуаныш – Тәуелсіздік тойы. Осынау мереке қарсаңында оқушы тасымалдайтын көлікке мұқтаж бірнеше мектепке автобус кілттерін табыстамақпыз. Солайша, біз өңірдің мектептерін автобуспен толықтай қамтамасыз етеміз. Бүгін берілетін көліктің бәрі өзімізде құрастырылған. Ендігі міндет – барлық мектептердегі пән кабинеттерін Назарбаев зияткерлік мектебінің негізінде жабдықтау. Осының бәрі тәуелсіз ел болуымыздың арқасында жасалып жатыр, – деді облыс басшысы.

«СемАЗ» көлік зауыты құрастырған «Daewoo BSD 106» маркалы автобустарға Өскемен және Риддер қалаларының, Бородулиха, Тарбағатай, Ұлан, Аягөз, Бесқарағай, Глубокое, Жарма, Зырян, Катонқарағай, Көкпекті, Тарбағатай, Шемонайха аудандарының мектептері ие болды. Жалпы, Шығыс Қазақстан бойынша 6041 оқушы күн сайын автобус арқылы қатынап білім алуда.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button