Білім

21 түлек келісімшартқа отырды

21 түлек келісімшартқа отырды


Облыста мал дәрігерлерінің тапшылығы сезілуде. Бүгінде бұл салада еңбек етіп жүрген мамандардың 40 пайызы зейнет жасына таяп қалыпты. Бұл туралы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батxолдин мәлім етті.

– Өңірімізде 1,5 миллион қой мен бір миллионға жуық ірі қара бар. Осыдан-ақ біздің облыста мал дәрігерлеріне деген сұраныстың жоғары екенін аңғаруға болады, – дейді Ертай Батxолдин.

Айта кетейік, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Саратовкадағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылық колледжінде өтті. Бұл түлектердің жұмыссыз қалмауы үшін ұйымдастырылды. Оған серпіндік жастар қатысты. Мұны бізге аталмыш колледждің директоры Оралбек Оспанов айтты.

– Түлектер жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесіп, емін-еркін әңгімелесті. Сөйтіп, көптен бері өздерін толғандырып жүрген сауалдардың жауабын алды, – деді Оралбек Оспанов.

Жәрмеңке барысында 19 жұмыс беруші кәсіпорынның өкілдері жас түлектермен әңгімелесіп, оларды ауылдық жерлерде еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ әкімдік қызметкерлері жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлері мен еңбекақы мөлшері туралы барлық ақпаратты жан-жақты түсіндіріп берді.

– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан түлектердің дені Күршім, Жарма, Алтай, Глубокое, Бородулиxа, Бесқарағай, Ұлан аудандарына барып, еңбек ететін болды, – деді Оралбек Оспанов.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, қазір Үржар ауданына 10, Аягөз ауданына 20 мал дәрігері қажет. Ауданнан келген әкімдік қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, түлектерге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында да, әкімдік тарапынан да жағдайлар жасалады. Жәрмеңкеге қатысқан аудандардың барлығына дерлік ауыл шаруашылығы саласының мамандары ауадай қажет. Сондай-ақ техниканың тілін жетік меңгерген кадрларға да сұраныс бар. Мәселен, Зайсан ауданының өзіне екі мал дәрігері, үш комбайншы, екі тракторшы мен инженерлер қажет болса, Ұлан ауданында ағылшын тілінен сабақ беретін мамандар тапшы.

– Жас түлектерге сәттілік тілеймін. Білікті маман атанып, аймақтағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлестеріңді қосатындарыңа сенемін, – деді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаева.

Жәрмеңке барысында 21 түлек жұмыс беруші мекемелермен келісімшартқа отырды. Олардың қатарында Төребек Бекболат, Қуанышбек Ержан, Арман Сқақов, Айсұлу Төреxан, Назерке Жайшылықова, Еркебұлан Жаңабай, Ұлжан Сағынтаева сынды бірнеше жас бар.

– «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша ақысыз негізде білім алдым. Биыл оқуымды бітіремін. Одан соң келісімшартқа сәйкес Жарма ауданына барып еңбек етемін. Бұйырса, колледж қабырғасында алған білімімді кәдеге жаратамын, – дейді Еркебұлан Жаңабай.

Жәрмеңке соңы шағын концерттік бағдарламаға ұласты. Онда өңірімізге танымал жастар өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

– Қолына диплом алған соң, әр түлектің көкейінде «Енді не істеймін?» деген сауал тұратыны бар. Ал осындай күпті көңілдердің түкпіріндегі бұлыңғыр ойларды сейілтудің бірден-бір жолы – еңбек жәрмеңкесі, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button