2002 жыл: Қазақстан экономикасы нарықтық ел ретінде мойындалды
Ұлттың саулығы – мемлекеттің байлығы. Қазақстан Тәуелсіздігінің он бірінші жылы, яғни 2002 жыл – Денсаулық жылы ретінде жарияланды. Расында, да ұрпақтың келешегіне, ұлттың денсаулығына қатысты алаңдауға боларлық жағдай осы тұста қалыптасқаны да шындық.
Елімізде Денсаулық жылы жарияланды
Денсаулық жылы жарияланған кезеңде медицина саласындағы жағдай, жасыратыны жоқ, көңiл құлазытарлықтай деңгейде едi. Мәселен, сол кездің деректеріне сүйенсек, тұрғындардың орта жасының 64 жасқа тең екендiгi, мұның ТМД елдерi арасында ең төменгi көрсеткiш болып табылатыны дәлел бола алады. Елiмiзде сонымен қатар туберкулез ауруы, нашақорлық, ана мен жалпы өлiмнiң көптiгi, бала туудың кемуi, медициналық көмекке қол жеткiзудiң қиындығы үлкен проблемаға айналған болатын.
Дегенмен, қолға алынған түбегейлі шаралардың нәтижесінде Денсаулық жылының мiндеттерi дер кезiнде орындалды. Бұл ұлттың болашағы үшін атқарылған кемел істердің бастауы еді. Осы жылы атқарылған істердің арқасында тегін медициналық көмектің кеңеюіне жол ашатын денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл кейінгі жылдары өз жемісін де берді.
«Кофи Аннанның берген бағасы»
Сонымен қатар 2002 жылы сан бағдарлы сыртқы саясатымыздың жетістіктері де айтарлықтай оқиға ретінде орныққаны рас. Көршілес елдермен, оның ішінде алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде сөйлесіп, ықпалдастықтың ырғағын тең деңгейде ұстай алдық. Соның нәтижесінде Қазақстан халықаралық аренада өзінің салмақты бағыты, ұстанған жолы бар, сондай-ақ ықпалдастық пен ынтымақтың тың бастамаларын дүниеге келтірген ел ретінде танылып үлгерді.
2002 жылы БҰҰ-ның сол кездегі басшысы Кофи Аннанның Нұр-Сұлтанға сапары да осыны айғақтаса керек. Бұл Кеңес одағынан мұраға қалған әлеуеті зор атом қаруынан бас тартып, жаһанға бейбітсүйгіш ел, татулық пен бірліктің ордасы ретінде үлгі болғанымыздың көрінісі болатын.
Осы сапары барысында Кофи Аннанның Қазақстандағы татулық пен этносаралық ынтымаққа құрметін білдіріп: «Бұл – Қазақстанның жетістігі ғана емес, күллі посткеңестік елдерге үлгі боларлық жағдай» дегені де есте. БҰҰ Бас хатшысы осы жолы «Достық» орденімен марапатталып, соның салтанатты рәсімінде «Мен қазақ тіліндегі «достық» деген сөздің мағынасын жақсы түсінемін және бүгінгі таңда Қазақстан үшін бұдан артық мәнді де өзекті тақырыпты көре алмай отырмын. Бұл – этникалық өзгешеліктеріне қарамастан, сіздердің халықтарыңыздың арасындағы достық. Бұл – «сан алуандықтағы бірлік» тұжырымдамасын іске асыру» деп атап өткен болатын.
Аталған оқиға елдің саяси өмірінің көрнекті оқиғасы және Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы дамуының маңызды кезеңі болды.
«Кофи Аннан Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық-мәдени орталықтарының басшыларымен кездесті. Бас хатшы аз ұлт өкілдерінің қысқаша айтқан сөздерін мұқият тыңдады. Әйтсе де бұлардың арасынан шешен-ингуш диаспорасы жетекшісінің сөзі оның жадында қалыпты. Іс-шара аяқталғаннан кейін ол сыпайы ғана «Бұлар Ресейде соғысып жатқан әлгі сол халық па?» деп сұрады. Сұрағына нақты жауап алған К.Аннан «Өзіндік сипаты бар халық екен» деді ойлы жүзбен. Содан соң іле «Олар Сіздерге қиын проблемалар тудырмай ма?» деп сұрады. Бұл диаспора тарапынан ешбір қиындық жоқтығы жөнінде жауап алған ол ойланып қалды…» деп жазады осы оқиға туралы естелігінде Қасым-Жомат Тоқаев.
Ауылға айрықша назар аударылды
Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктен бергі 2002 жылға дейінгі кезеңде атқарылған істердің негізгі қорытындысы бойынша Қазақстан азат, өз тізгіні өз қолында, әлемдік қауымдастықтың теңқұқылы әріптесі ретінде таныла білді. Мәселен, халықаралық саясатта ғана емес, 2002 жылы Қазақстан экономикалық бағытта да сапалы дамуға қол жеткізді. Еуропа Одағы мен АҚШ жылдың басында Қазақстанды нарықтық экономикалы ел ретінде мойындады. Мұндай мәртебе бізге инвесторлар тартуға мол мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл республиканың халықаралық беделін көтеруге зор септік болды.
Елдің экономикалық даму перспективаларына назар аударылып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құлдыраған кәсіпорындар мен ұйымдарға көмектің негізгі бағыттары да жүзеге аса бастады.
Осы жылғы «Iшкi және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негiзгi бағыттары туралы» Президенттің дәстүрлі Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылға айрықша назар аударды.
«Бiздiң бәрiмiз алдымен ауылға қолдау көрсету дегенiмiз кез келгендi және көрiнгендi оңды-солды мемлекеттiк қаржыландыруға келiп тiрелiп тұрмағанын мықтап ұғынып алуымыз керек. Бiз бәз баяғыдай масылдық болушылық тәжiрибесiн қайта түлете алмаймыз және олай iстемеймiз. Алдағы уақытта да адамның өзi үшiн және өзiнiң отбасы үшiн ырзығын теруiне қажеттi жағдай туғызу бағытын нысаналы жүргiзу керек, жұмыс iстей бiлетiн, өзiнiң еңбексүйгiштiгiн көрсеткен адамдарға қолдау көрсету керек. Мемлекеттiң халықтың және оның болашағының алдындағы жауапкершiлiгi де, мiне, осында жатыр» деп атап өтті Елбасы Жолдауында.
Бұл ретте Тұңғыш Президент Үкiметке ауылдық аумақтардың тұрғындарын келешегi болатындай етiп қоныстандыру үлгiсiн жасауды тапсырды. Әлеуметтiк салаға ерекше назар аударуды жүктеп, ауылға қатысты жаңа саясат маңызды орын алуға тиiстігін атады Елбасы.
Мұғалiм мәртебесiн арттыру мәселесі де Жолдауда айтылып, сол жылдың өзiнде мұғалiмдердiң жалақысы 30 пайызға ұлғайтылды.
«Экономист сарапшылардың есебi бойынша, шағын және орта бизнестi қоса алғанда, экономикалық өсiмнiң 25-тен 35 пайызға дейiнгi активтерi мен ресурстары астыртын айналыста жүр. Ендеше оларды нарық айналысына қосу ел экономикасы үшiн орасан зор тиiмдiлiк бередi. Мiне, осыған сүйенiп, шағын және орта бизнестi жан-жақты нығайта беру қажет» деді Елбасы Жолдауында.
Сонымен қатар мемлекеттiк құрылыс пен қоғамды демократияландырудың негiзгi бағыттарына байланысты бiрқатар шаралар кешенi мақұлданды.
Бәйтерек, УЕФА және Тальго
Осы жылы киелі Түркістан шаһарында Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Құрылтай жұмысына 32 мемлекеттен келген 400-ден астам өкіл қатысты.
«Бүгінгі күн жұмыр жердің бетіндегі қазақ атаулыға айтулы күн екені күмәнсіз. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың төрт жүзге жуық өкілдері әлем қазақтарының екінші құрылтайына жиналып отыр. Міне, көңілдері атажұрт деп алып ұшқан алыстағы ағайындарымыз киелі Түркістан төрінде мәре-сәре күйге бөленген тамаша мерекенің куәсі болуда. Қуаныштарыңыз құтты болсын, бауырлар!» деді құрылтайдың ашылуында тебірене сөйлеген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар осы жылы Алматыда бірінші Еуразиялық медиафорум өтті. Бұл форумға әлемнің 30 елінен жетекші ақпараттық агенттіктердің 200-ге жуық журналисі қатысты. Сонымен бірге, іс-шараға саясаткерлер, экономистер мен саясаттанушылар да жиналды. Басқосу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының саяси, мәдени және әлеуметтік рөлі айқындалып, мемлекеттің БАҚ-тарды идеологиялық құрал ретінде пайдалануы қарастырылды.
2002 жылы елорда төрінде «Бәйтерек» монументі пайда болды. Ол көкке ұмтылған астананың символына айналды. Н.Назарбаев жасаған сызба-нұсқаның жобасы негізінде тұрғызылған «Бәйтерек» халықаралық байқауда жылдың ең үздік нысаны ретінде алтын медальға лайық деп танылды.
Қазақстан өз еркімен Азия футбол конфедерациясынан шығып, УЕФА құрамына енді. Келіссөздер екі жылға созылды, қазақстандық тараптың дәлелі қарапайым болды – мемлекеттің бір бөлігі Еуропа аумағында орналасқан.
Осы жылы алғашқы «Тұлпар-Тальго» пойыздары Алматы – Нұр-Сұлтан және Алматы – Шымкент бағытында қатынай бастады. Испандық вагондарды ірі шаһарлар арасында үнемі саяхаттайтындар бірден ұнатты, жүрдек пойыздар жолаушылардың алтын уақытын үнемдеп келеді.
Әзірлеген – Ержан Әбіш
«Бұл құрылтай – қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі. Біздің бәріміз үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш болуы мүмкін емес».
Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында сөйлеген сөзінен