2001 жыл: Даму бағыты айқындалған алғашқы онжылдық
ХХІ ғасырдың алғашқы жылы – ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы. Осы он жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай өзгерді. Кезінде КСРО қирандысынан қалған қордалы проблемалармен бетпе-бет келіп, егемендігі екіұшты болған қиын сәтті еңсеріп қана қойған жоқ, өзінің келешек даму жолын тапты.
Мемлекеттің іргетасы толық қаланды
Осылайша, Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында Қазақстан өзіне берілген мүмкіндікті барынша нәтижелі іске асырды. Атап айтар болсақ, алғашқы онжылдықта мемлекеттіліктің іргетасы сапалы қаланды. Егемен елдікті айқындайтын елдің шекарасы берік қолға өтіп, барлық жағынан бүтінделді, ұлттық қорғанысымыз – Қарулы Күштер құрылып, қауіпсіздік күшейтілді, жаңа Конституция қабылданып, әлемдік өркениетке тән демократиялық даму бағытына таңдау жасалды. Қазақ елі саяси жаңғырды, ел экономикасына қан жүгіріп, әлеуметтің әлеуеті де артты, ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясатымыз да бекем болды, әлемдік қауымдастық жас мемлекеттің аяқ алысын оң бағалап, халықаралық аренада беделіміз арта түсті. Ең бастысы, осы жылдар ішінде Қазақстан барлық жағынан алғанда да еркіндікке қол жеткізді. Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз елдің жаңа елордасы тұрғызылды. Азат халықтың санасы да, сапасы да жаңарды. Отарлаудың салдарынан сан ғасырлар бойы сіңісті болып келген бодандық сезімінен, масылдық дертінен арылдық.
Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы 10 жылдығында елдің экономика негіздеріне түбегейлі өзгерістер орнығатын реформалар жасалды. Расында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары терең дағдарысқа ұшыраған ұлттық экономика құрдымға кете құлдыраудың аз-ақ алдына барып қайтып еді. Кейіннен сауатты саясаттың арқасында өсімге ұмтылатын болдық. 1997 жылы Қазақстанның ішкі-сыртқы дүниелерінде қай бағытпен жүретінін, нені мақсат етіп, қандай межеге ұмтылатынын айқындайтын «Қазақстан-2030» ұзақмерзімді даму стратегиясы дүниеге келді. Мінеки, осындай мысалдардың барлығынан-ақ Тәуелсіз елдің өткен он жылдығында жүз жылға татитын қыруар дүниелер тындырылғанын байқауға болады.
Осындай ғасырға татитын он жыл турасында Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күніндегі салтанатты жиында былай деген болатын: «Осы жылдардың iшiнде бұл жолдың сорабын алдымен Түркi қағанатын, кейiннен Қыпшақ конфедерациясы мен Қазақ хандығын құрған өзiмiздiң ұлы бабаларымыздың бұдан мың жарым жылдан астам уақыт бұрын тартқанын бiз есiмiзден шығарған емеспiз. Ойлансақ, армандағанымыз, аңсағанымыз осы емес пе едi! Бүгiнгi күнi, менiң бiлуiмше, көкiрегi ояу кез келген азамат «Тәуелсiздiк маған емес, бiзге, менiң елiме не бердi, қолымызды неге жеткiздi» деген сауалды өзiне қоймай тұра алмайды. Осы мiнбеде тұрып, ағымнан жарылып: бұл сауалдар менiң өзiммен iлесе жүретiн күнбе-күнгi серiгiм екенiн, жатсам-тұрсам ойымнан еш кетпейтiн қымбат сырласым, басқан қадамымды, көкейдегi ойымды аңдып тұратын сыншым екенiн айтуым керек. Көне «Күлтегiн ескерткiшi» жазуында: «Елiн елдiктi еттi, жауын бейбiт еттi» деген сөздер бар екен. Осыдан мың жылдан көп бұрын айтылып, тасқа қашалған бұл сөздер бiздiң басымыздағы бүгiнгi жағдайға тiкелей қатысы бар сияқты».
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы басталды
Жалпы 2001 жылы да еліміз бойынша елеулі оқиғаларға толы болды. Осы жыл елімізде Автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Трансеуразиялық магистраль «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы басталды. Еліміздегі көшелердің көп бөлігі жөнделіп, жаңа жолдар салынды. Әуежайлар мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды.
Семейде Ертіс өзенінің үстінен салынған аспалы көпір ашылды. Құрылысты жапондық компания жобалап, қаржыны да сол елдің үкіметі бөлді. Көпірдің салтанатты ашылуы 2000 жылдың күзінде Елбасының қатысуымен өтсе де, жұмыстар толық осы жылы аяқталды. Нысан әлемдегі 17-ші, ТМД-дағы тұңғыш аспалы көпір атанды. Қазір ол – қаланың басты бір символы.
Елдің жағдайы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстыруға еш келмейтін. Атап айтқанда, 2001 жылы банктер берген несие көлемi 460 миллиард теңгенi құрады. 2001 жылғы инфляция 7 пайыздан төмен мөлшерге түстi. Халықтың депозиттері 3,9 пайызға өсіп, 112,1 миллиард теңгені кұрады.
Бұдан бөлек, сол кездің деректеріне сүйенсек, 2001 жылдың 1 сәуірінде «Қазақтелеком» АҚ желісіндегі негізгі телефон абоненттері саны 1857092-ге жеткен. 2001 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, 106,8 мың жұмыс орны құрылған.
2001 жылы 18,3 миллион тоннадан астам астық жиналып, гектар шығымдылығы 14,1 центнерден айналыпты. Осының өзі елдегі әлеуметтік ахуалдың жақсыға ойысып отырғанын аңғартса керек.
Хан Кененің мүсіні Арқа төсіне орнықты
Елдегі экономикалық ахуалмен қоса рухани кемелдену, мәдени жаңғыру үдерістері де тынбастан жүріп отырды. Мәселен, бас қаланың Астанаға ауысқанына үш жыл толған осы жылы қазақ тарихы үшін айрықша оқиға орын алды. Атап айтқанда, астананың қақ төріне қазақтың соңғы ханы Кенесарының ескерткіші қойылды. Сөйтіп, ұлтының азаттығы, халқының бодандықтан босауы үшін күресіп өткен, сол үшін Есіл бойындағы Қараөткелге қасқая қарсы шапқан Хан Кененің айбарлы мүсіні Арқа төсіндегі ажарлы астанаға орнықты. Сөйтіп, Кенесарының рухы асқақталып, баба аманаты мұратқа жеткізілгендей болды.
Бұдан бөлек, 2001 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен астана төрінен «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық-мемориалдық кешені» аталатын мәдени орталық ашылды. Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес аспан астындағы ашық мұражай дүние жүзінің 17 елінде бар. Бельгиядағы «Шағын Еуропа» саябағы, Аустрия, Швейцария, Германия, Испания, Ұлыбритания елдерінің үлгісімен дүниеге келген «Атамекенде» 14 облыс, қос қала – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының макеттері қойылды.
«Бірде Индонезияға барғанда, мен сол елдің тұтас мини-картасын көрдім. Астанаға оралған соң, қала басшылығына соның қазақы нұсқасын – «Атамекен» этно-саябағын салуды тапсырдым. Енді жаңа астанамыздың орталығынан назар салған жанды өте керемет әсерге бөлейтін тұтас Қазақстанның шағын келбетін көруге болады. Бұл жерде мен «өз бойына бүкіл Қазақстанды сыйдырған астана» деген тұспалды бекерден-бекер қолданып отырған жоқпын. Біз астананы, әйтеуір, ауыстыру үшін ғана ауыстыра салған жоқпыз, бүкіл Қазақстанның жарқын болашағы үшін көшірдік» деп еске алады осы сәтті «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл да рухани кемелденудің жарқын үлгісі.
Елімізге Рим папасы келді
Тоқтала кететін тағы бір жайт, 2001 жылдың күзінде елімізге арнаулы сапармен Рим Папасы Иоанн Павел Екінші келген болатын.
Бұл турасында жазушы Зейнолла Қабдолов өзінің «Тәуелсіздік толғауы» атты баспасөзде жарық көрген естелігінде былай деп жазады: «Арнаулы сапармен астанаға келген Рим Папасы Иоанн Павел Екінші елорда көркіне көзі мен көңілі қатар тояттап: «Саған Құдайдың рақымы жаусын, Қазақстан! Сен келешекте қарыштап дамитын ел боласың, Қазақстан!» деп еміреніп тұрып, осы сөздерді таза қазақ тілінде айтуы бүкіл дүниені таң қалдырған тамаша нәрсе!
Рим Папасының біздің елге сапары 11 қыркүйектегі әрі бай, әрі күшті тәкаппар Американың күтпеген жерден тас-талқанын шығарған сұмдық тағылық терактпен тұстас келді. Бірақ, ұлы мәртебелі Папа бұл шырғалаңға қараған жоқ. Америка терроршылар ұясы ретінде танылған талибандарға қарсы «кек қайтаруға» кірісіп жатқанда Иоанн Павел Екінші біздің Президенттің шақыруымен бүкіл әлем халықтарының назарын түп-түгел Қазақстанға аударып, жарық дүниеге соғыстың емес, бейбітшіліктің ұранын тастап, қасиетті қазақ даласына өлімнің емес, өмірдің дәнін сеуіп, Қазақстанды мекендеген жүзден астам ұлт пен ұлыстың бірлігі мен ынтымағын қуаттап, біздің елімізде желбіреген жарастық пен азаттық туының астында тұрды. Мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың Елбасы болғалы күллі күш-жігерін сарқа жұмсап, соңғы он жыл ішінде асқан шеберлікпен, көреген көсемдікпен жүзеге асырып келе жатқан ақылды ұлт саясатының айта қалғандай ұлы жеңісі еді».
Қазақстан Республикасындағы дінаралық келісім дін өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді қатысуымен сипатталады. Еліміздегі конфессияаралық келісім мен ұлтаралық келісім бірін-бірі толықтырады.
Әзірлеген – Ержан Әбіш