Тәуелсіздік - 30

2000 жыл: Қазақ елі рухани жаңаруға бет алды

Қазақстан Тәуелсіздігінің тоғызыншы жылын – жаңа ғасыр табалдырығын жаңарған мемлекет ретінде аттады. Бұл жыл Елбасының Жарлығымен Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды.

Мәдениетті қолдау аясында ауқымды істер атқарылды

2000 жылы атқарылған іс шын мәнінде тәуелсіз елдің мәдениет саласын түбегейлі жаңа сапаға көтеруге, сол арқылы отандық мәдениеттің тың тынысын ашуға септігін тигізгені айқын. Соның арқасында елдегі мәдениет мекемелерінің жүйесі кеңейіп, мәдени шаралардың дәстүрі де артты. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар еңсеріле бастағанда қазақ жұрты руханиятқа назар аударып, өзінің осы жолдағы кем-кетігін түзеумен болды.

Жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда бұған дейінгі экономикалық дағдарыста орын алған олқылықтарды жоюға күш жұмылып, қиын-қыстау кезеңде жабылып, құрыған мұражайларды, кітапханалар мен мәдениет сарайларын қайта ашу қолға алына бастады. Атап айтқанда, республика көлемінде 468 кітапхана, 239 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан 5 театр ашылды. Астанада Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, Президент мәдени орталығы, Мемлекеттік мұражай ашылып, бұл да елдің рухани-мәдени өміріне айтарлықтай сапалық өзгеріс әкелді.

Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылында халықтың асыл мұрасына бетбұрыстың куәсі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің 100 томдық жинағы, Қазақстан тарихи-мәдени ескерткіштерінің 10 томдығы, белгілі академик Әлкей Марғұланның 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Бұдан бөлек, Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлының, Павлодарда Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Атырауда Бейбарыс Сұлтан мен күй атасы – Құрманғазының, Алматыда Абылай ханның ескерткіштері ашылды. Осы жылы астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады.

«Ақындар айтысы» республикалық конкурсы, «Шабыт» жастар шығармашылық фестивалі осы жылы дәстүрлі конкурстар ретінде қалыптасты.

Қазақстанның Мәдениет жылындағы шаралар республикалық ауқымды ғана емес, халықаралық деңгейден де көрініс тапты. Мәселен, осы жылы тұтастай түркі жұртының бесігіне айналған шежірелі Түркістан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар түркі мемлекеттерінің басшылары да түгелдей қатысты.

Сиднейде атой салған саңлақтар

Жас Қазақстанның атын да, атағын да әлемге танытқан спорттағы жетістіктің негізгісі ХХVІІ Сидней Олимпиадасында көрініс тапты. Осы Олимпиадада Қазақстанның Туы әлемдік додада жоғары көтеріліп, боксшы Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов, желаяқ қыз Ольга Шишигинаның арқасында Әнұранымыз Сидней аспанында шырқалды.

Көптеген жанкүйер үшін 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының орны бөлек. Ол жылдары теледидарға телміретіндер көп болғанымен, арнаның саны аз еді. Сондықтан болар, жұрт Олимпиада сияқты аламан додаларды басынан соңына дейін қалдырмай көретін. Бәлкім, жасыл құрлықтағы Олимпиаданың ел жүрегінде ерекше сақталуының бір құпиясы да осында шығар.

Аустралияға Қазақстан делегациясын боксшы Ермахан Ыбырайымов бастап жүрді. Жалпы, елімізден 130 спортшы өнер көрсетті. Ең көбі – «спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетиканың өкілдері. Сиднейде бұл спорт түрінен 25 қатысушы болды.

Жасыл құрлықтағы Олимпиаданың шымылдығы 15 қыркүйекте түрілген. Бір қызығы, 26 қыркүйекке дейін медаль бұйырған жоқ. Бірде-бір спортшымыз жүлдеге іліге алмай, зарыққанымыз тарих бетінде жазылып тұр. Есесіне, соңғы 5 күнде 3 алтын мен 4 күмісті қоржынға салдық. Барлығы 27 қыркүйекте басталды. Сол күні Олимпиаданың ең биік тұғырына жеңіл атлет Ольга Шишигина көтерілсе, велоспортшы Александр Винокуров күміс жүлдеге ие болды. Тағы бір күміс еркін күрес балуаны Ислам Байрамуковқа бұйырды.

Ал біздің жеті боксшымыздың төртеуі жүлдеге ілігіп, Куба мен Ресейден кейін жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтадық. Сидней Олимпиадасы дегенде бірден марқұм Бекзат Саттарханов еске түседі. 20 жасында қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Бекзатқа дейін қазақ жігіттері арасында бокстан Олимпиада алтынын алған ешкім болмады.

71 салмақта жұдырықтасқан Ермахан Ыбырайымов «Олимпиада чемпионы атанамын» деген уәдесінде тұрды. Аса ауыр салмақтағы боксшы Мұхтархан Ділдәбековтің Сиднейдегі күмісі де алтынға бергісіз. Тағы бір күміс 51 келідегі Болат Жұмаділовке бұйырды.

Қазақстанның ұлттық мұнай қоры құрылды

Жалпы, осыған дейінгі экономикалық қиындықтар еңсеріліп, жаңа ғасырда елдік дамудың даңғыл жолына түсу мәдениет пен білім саласын жаңғыртуға үлкен септік жасады. Республиканың мұнайдан түсетін табыстары осы кезеңде күрт көтеріле бастады. Сол кездің ресми статистикасына үңілсек, елімізде 2000 жылы 35 миллион тонна шикі мұнай өндірілген. Сол жылғы экспорт көлемі 4,2 миллиард АҚШ долларына тең болды. Салыстырмалы түрде қарағанда, 1995 жылы бұл көрсеткіштер 23 миллион тонна және 0,7 миллиард АЌШ долларына тең келген еді.

Расында, экономикалық дағдарыс еңсеріле бастаған осы жылы негізгі мәселе мұнайды сатудан түсетін табыстың көлемі емес, оның тұрақты өсу динамикасы болатын. Өйткені мұндай «пайданың» үрдісі сол кездері «мұнай доллары» ауруынан туындайтын «экономиканы ентіктіру» секілді проблемаларды туындатқан. Сондықтан, осындай проблемалардан құтылу үшін «қара алтынды» молынан өндіре бастаған осы жылы 23 тамызда  Қазақстанның ұлттық мұнай қоры құрылды.

«Қазақстанға мұнай долларынсыз немесе, ел айтатындай, «мұнай инесіне» дағдыланбай-ақ өмір сүруге үйрену қажет. Өндіріс таппаған ақшаны әлеуметтік салаға жұмсауға немесе жалақыны жөнсіз көтеруге әуестенбеу, оны әлде бір «қиын күндерге» сақтау өте маңызды. 2000 жылы біз құрған ұлттық қор, атап айтқанда, осы мақсатты көздейді және жөнсіз жойымпаздық пен құнсыздану қысымын төмендетудің негізгі құралы болып табылады», – деп жазады бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында.

Расында, мұнай қаржысын сауатты пайдаланып, орынды жаратқанда ғана қатерсіз даму арнасына түсуге жол ашылатынын әлемде орын алған тәжірибелердің өзі көрсетіп отыр. Ал ұлттық қорды құру мұндай проблемаларды Қазақстаннан аулақтата түсті. Өйткені ұлттық қор Қазақстанның осы уақытқа дейінгі қарқынды дамуын және әлемдік дағда­рыс қыспағынан қысқа мерзімде қиналмай шығуын қамтамасыз етудегі үлкен бір арқа сүйер тірекке айналды.

Елбасының Ресей басшымен алғашқы кездесуі

2000 жыл тәуелсіз Қазақстанның халықаралық саясаттағы қадамы да нық болды. Әлем елдерінің назары Нью-Йоркте өткен Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының мыңжылдық саммитінде болса, дәл осы жаһандық басқосуда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеп, «Қауіпсіздік және ынтымақтастық – ғаламдық және аймақтық аспектілер» тақырыбында арнайы баяндама жасады.

Ал осы жылғы дәстүрлі Жолдауында Елбасы: «Жиырма бiрiншi ғасырдағы Қазақстан – әлемдiк экономикалық және саяси кеңiстiктiң бiр бөлiгi. Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыр болады деп сенемiн. Бұл ғасыр бiздiң тарихымызға жасампаз iске толы, бейбiт өткен ғасыр болып енедi деп сенемiн. Лайым, осы ниет қабыл болғай!» – деп атап өтті.

Осы жылы маусымда Ресейге ресми сапары шеңберінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұңғыш рет Ресейдің жаңа басшысы В.В.Путинмен кездесті. Мемлекет басшылары «Байқоңыр» кешені бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды. Екі басшы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарға серпін беруге бел байлағандықтарын мәлімдеді.

«Ресей жағы бұл сапарға мемлекеттік мәртебе берді. Қазақстан басшысын бірінші рет Кремль апартаментіне орналастырды. Бұл сапардың маңызын одан да арттыра түсу үшін ресейліктер президенттердің бейресми кездесуін өткізді. Бұл кездесу Мәскеу маңындағы мейрамханалардың бірінде өтті және ондағы жай келушілерге мұнда екі мемлекет басшылары келетіні ескертілген жоқ. Н.Назарбаев пен В.Путиннің келуі мейрамхананы дүр сілкіндірді. Ал президенттер болса көпшілікке арналған залда отырып алып, емін-еркін әңгімеге кірісті. Егер күзет қызметкерлері мен еріп келген адамдар болмаса, оларды жұрттың байқамай қалуы да мүмкін еді. Ал келесі күні Н.Назарбаев зайыбымен В.Путиннің үйінде болып, отбасылық жағдайда таңертеңгілік ас ішті. Н.Назарбаев пен В.Путиннің бір-біріне сеніскен жеке қарым-қатынастары дәл сол жолы қалыптасты деп айтуға болады. В.Путин Елбасыны көп нәрсе үйренуге болатын тәжірибесі мол жолдас деп есептейтінін көпшілік алдында айтты», – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев «Беласу» атты кітабында.

 

 «Ұлттық қор құру туралы идея алғашында 1997 жылдың өзінде-ақ, «Қазақстан стратегиясы – 2030» дайындалып жатқан кезде пайда болған еді. Бірақ сол кезде халықаралық кеңесшілер, отандық басқарушылар мен экономистердің көбі бұл идеяны сандыраққа балады. Ақырында біраз уақыт өткен соң, 1998 жылы тамызда мұнай бағасы опырыла құлап, Ресейді дағдарысқа ұшыратты. Сондықтан біз ұлттық қорды құру мәселесіне 2000 жылы қайта оралдық».

 

Н.Назарбаев, «Қазақстан жолы» кітабынан.

 

Әзірлеген – Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button