20 бала арнайы сыйлық алды
Оқу жылы басталар тұста барлық білім мекемелерінде ерекше бір қарбалас басталады. Өскемендегі №24 мектепте де дәл солай екен.
Бұл күні аталған мектепте бірінші рет «Мектепке – жол» акциясы өтті. Оған Жібек маталар комбинаты ықшамауданында тұрып, осы мектепте оқитын балалардың ата-аналары, еңбек ардагерлері және №1 өзін-өзі басқару комитетінің өкілдері мен олар осынау акцияға тартқан меценат-демеушілер қатысты. Мектепте өткен акцияның мақсаты аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының балаларына оқу құралдарын табыстау еді.
– Бүгін әр оқушыға күнделікті қажет болатын кеңселік тауарлар берілді, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елена Гамула. – Өздеріңіз білесіздер, аз қамтылған отбасылар көбіне балаларын мектепке дайындай алмайды, яғни, жағдайлары бола бермейді. Жалпы, біз әр оқу жылы қарсаңында бір оқушыға портфельден бастап, барлық керек-жарағы салынған құралдарды сыйлап отырамыз. Әр мектептен бір-бірден жиналған балаларға ол сыйлықтарды Сол жағалаудағы мәдени кешенде қала әкімі немесе оның орынбасары салтанатты түрде тапсырады.
Акция барысында мектептің әр сыныбында оқитын 20 бала арнаулы сыйлықтар алды. Олардың арасында Ақмарал Мұхамеджанова, Софья Злобина, Андрей Ляпин, Михаил Пахороков, Аня Плотникова және басқа да оқушылар бар. Пайдалануға берілгелі 30 жылға таяған бұл мектепте қазіргі күні 800 бала оқиды, 33 сынып комплектісі бар. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы бойынша мектеп түлектері үздіктер қатарына ілінбесе де, жақсы тапсырғандардың бел ортасында болыпты.
Мұғалімдер мен ата-аналардың бірлесе жұмыс істеуі де соңғы жылдары оқушылар арасында болып тұратын тентектіктердің азаюына негіз болса керек.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының тағы бір баса айтқаны, білім ордасының жөнделуі 20 тамызға дейін бітуге тиіс болса, ол жұмыстар межелі мерзімнен бір апта бұрын аяқталыпты. Қазір оның іші-сырты жұтынып тұр. Жақында өткен облыс мектептері директорларының семинарына қатысушылар осында болған кезде бұл жағынан үлкен баға беріп кеткен екен.
Әдемі акция барысында сөз алған ықшамаудандағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы демеуші аға-апаларынан неше түрлі оқу құралдарын алып, қуанып тұрған оқушыларды құттықтап, олардың осындай қамқорлыққа жақсы оқумен, үлгілі тәртіппен жауап берулеріне тілектестігін білдірді.
– Біздің өзін-өзі басқару комитеті жыл сайын осындай шараларды өткізіп келеді. Биыл №24 мектепте бірінші рет өткізіп отырмыз. Мектептегі аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының балаларына көмек жасау туралы өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, көмек қолдарын созған «Қасымханұлы Дархан» атты жеке кәсіпкерлік мекемесіне, «Достық-сауда» сауда үйінің басшысы Эльмира Әмірхановаға және «Айгүл» жеміс-жидек павильонының басшысы Гүлнар Жұмажановаға алғысымыз шексіз, – дейді №1 өзін-өзі басқару комитетінің аға маманы Сәуле Алмұратова.
Біз қайтуға бет алғанда Елена Гамула демеушілердің сыйлық-дорбаларындағы оқу құралдарын жайып салып, көрсеткен. Оның ішінде, әсіресе, әр оқушыға қажетті кеңселік дүниелердің бәрі бар екен.