2,5 пайыздық несие кімдерге беріледі?
Айжанат Бақытқызы
Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде жеке шаруашылықтар мен шағын бизнес жобаларды дамытуға серпін беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жұмыс істейді.
Оның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агро бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі, бағаны тұрақтандыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Осы бағдарламаның орындалу барысымен танысу үшін Алтай Көлгінов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында тұрғындармен және «Ауыл аманаты» бағдарламасының әлеуетті қатысушыларымен кездесті. Жиынға қатысушылар кәсіптеріне қатысты ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
-Жобаны жүзеге асыруға республика бойынша 100 млрд қарастырылса, соның 1,5 миллиард теңгесі Шығыс Қазақстан облысына бөлінді. Бұл ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықтар мен басқа да кәсіп түрлерін бастауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы жобаның тиімді іске асуына байланысты,-деді Алтай Көлгінов.
Бағдарлама аясында өз кәсібін ашамын немесе ары қарай дамытамын деген ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық жеңілдікпен шағын несие жеті жыл мерзімге, әр адамға сегіз миллионнан артық қаражат беріледі.
Бағдарлама ауыл тұрғындарының сүт фермасы, мал бордақылау алаңы, құс фабрикасы немесе жылыжай шаруашылығы, тағы да басқа шаруамен айналысып, кәсібін дамытуға таптырмас мүмкіндік. Сондықтан бағдарламаны іске асыруда тұрғындарды белсендірек болуға шақырды.