Аймақтар аухалы

19-шы шағын аудан шырайлана түспек

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі жаңадан салынып жатқан 19-шы шағын ауданда болып, сондағы тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға 500-ден астам азамат қатысты, тұрғындарға аталмыш шағын ауданды абаттандыру бойынша кешенді жоба таныстырылды.

Бұл іс-шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа құлақ асатын мемлекет және ашық бюджет қағидаттары аясында өткізілгенін атап өткен орынды.

Облыс орталығының 19-шы шағын ауданы – Ертістің сол жағалауында орын тепкен, 540 гектар аумақты алып жатқан жаңа аудан. Бұл жерде құрылыстар 2008 жылы басталған болатын.

Содан бері аумақта жалпы ауданы 425 мың шаршы метрден асатын 63 көпқабатты тұрғын үй салынды, оларда 5581 пәтер бар. Шағын ауданда 20 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Қазір тағы 3 мың пәтерлік 26 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Атап өтерлігі, осы 12 жылдың ішінде ауданда облыстық соттың, прокуратураның ғимараты, қан орталығы, мың балаға арналған екі мектеп, 250 орындық бір балабақша, 200 төсектік балалар ауруханасы бой көтерді.

Келер жылы Есенберлин даңғылы бойындағы мамандарды қайта даярлаудың өңіраралық орталығын қайта құру арқылы 700 орындық физика-математикалық мектепті ашу көзделіп отыр.

–Менің тапсырмам бойынша осы 19-шы ықшам ауданды абаттандырудың кешенді жоспары әзірленіп шықты, ол жоспар биыл іске асырылады. Жалпы, абаттандыру ісіне 1,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов осы жиында тұрғындарға нақты қандай жұмыстардың қолға алынатыны, оларға қанша қаражат жұмсалатыны туралы толық ақпараттың берілетінін айтты.

Өскемен қалысының әкімі Жақсылық Омар кешенді жоспар туралы слайдтар көрсету арқылы егжей-тегжейлі есеп берді. Ол жоспардың екі кезеңмен орындалатынын жеткізіп, әрбір жұмыстың көлемі мен оларға бөлінген қаржы сомасын баяндады.

Айталық, алғашқы кезеңде ауданның 2-ші және 3-ші кварталдары абаттандырылады. Жұмыстардың ішінде аулаішілік жолдар мен тротуралар төсеу, көше шамдарын орнату, қоқыс жәшігі бар орындықтар қою, подъездерді жарықтандыру, сонымен бірге жерасты және жауын-шашын суларына арналған арналар салу қарастырылған.

Келесі кезеңде 1-ші және 2-ші кварталдың қалған учаскелерінде құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Бұл ретте де жолдар, тротуарлар төселіп, көше, аула шамдары орнатылады, сондай-ақ 12 балалар алаңы, 12 спорт алаңы, 3 футбол алаңы жасалады.

Бұдан бөлек, көгалдандыру ісіне де зор көңіл бөлінетін болады. Атап айтсақ, 250 шаршы метр аумаққа гүлзарлар егіліп, 16 мыңға жуық көшет отырғызылады. Жалпы 20 мың шаршы метрден астам аумақта көгалдандыру жұмыстары жүреді.

Атап өтерлігі, абаттандыру жөніндегі кешенді жоспар туралы облыстық «Дидар», «Рудный Алтай» газеттерінің арнайы нөмірлері шығарылып, шағын аудан тұрғындарына таратылған да болатын.

Жиынның екінші кезеңі сұрақ-жауап форматында жалғасты. Кездесуге келген аудан тұрғындары өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын облыс әкіміне және қала басшылығына жолдады. Көпшілік кейбір көпқабатты үйлердің іргесінен жерасты суларының көтерілуі, жауын-шашын суына арналған арықтардың, балаларға арналған ойын алаңдарының аздығы сынды мәселелерді көтеріп, ұялы байланыс пен интернеттің сапасына, қоғамдық көліктер қатынасына да шағым айтылды.

Тұрғындардың бір бөлігі облыс басшысына соңғы жылдары шағын ауданда атқарылған игі жұмыстар үшін алғыс та білдірді. Мәселен, былтыр кеңейтілген Сәтбаев даңғылынан Самар тас жолына шығатын жол құрылысы аяқталған. Сонымен қатар Есенберлин даңғылынан Алматы трассасына апаратын қашықтығы 5 шақырымдық күре жол салына бастады. Бұл жобаның құны 7 миллиард теңгеден асады.

Бұдан бөлек, шағын аудан үшін 2 жылу сорғы стансасы, 1 су айдау стансасы, 3 кәріздік станса және 33 трансформаторлық подстанция орнатылған-ды. Бұл бірқатар коммуналдық мәселелерді шешуге септесті. Осыдан екі жыл бұрын Есенберлин мен Көкжал Барақ даңғылдары арасынан демалыс саябағының құрылысы басталған. Оның мердігері – «Шығыс жолдары» серіктестігі.

Аталмыш кездесу барысында жұртшылық тарапынан көтерілген барлық мәселелер жазылып алынды. Сондай-ақ жиын алдында мемлекеттік орган қызметкерлері түрлі сала бойынша өтініштер қабылдады. Олар бойынша нақты жұмыс жүргізілмек. Облыс басшысы қала әкіміне шағын аудан мәселелерін жіті назарда ұстап отыруды тапсырды.

– Бұл аумақтың келешегі зор. Осы жылы қаланың бұл ауданы тіптен жайлы болып, шырайлана түседі. Бірақ бұл істі біз бірге атқаруға тиіспіз. Көктем шыға тал егуге өзім келемін, сіздер де сол шаруаға белсене атсалысады деген сенімім зор. Айтарым, 3-4 айдан кейін сіздермен тағы жүздесемін, қала басшысы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп береді, – деді Даниал Ахметов.

Осы күні аймақ басшысы Өскеменде жалауы көтерілген еліміздің жеңіл атлетика бойынша чемпионатының ашылуына қатысты. Қазақстанның барлық өңірінен сайысқа 260 спортшы қатысуда. Мұнда жеңімпаз атанғандар ел намысын 12-13 ақпанда Қытайда өтетін Азия чемпионатыда қорғамақ.

– Жеңіл атлетиканың дамуы үшін өңірде барлық жағдайларды жасап жатырмыз. Екі жылдан соң осы сала бойынша әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымға ие боламыз деп санаймын. Сондықтан сіздерден үздік нәтижелер күтеміз. Сайыстың әділ өтуін, сіздерге сәттілік тілеймін, – деді салтанатты шарада еліміздегі жеңіл атлетика федерациясының президенті, аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button