Табиғат

19 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов таратқан мәліметке сәйкес, биыл облыс аудандарындағы тоңның қалыңдығы 2018-2019 жылдардың көрсеткіштерімен салыстырғанда анағұрлым жұқа. Дәлірек айтсақ, 32 мен 132 сантиметр аралығында екен. Бұл туралы облыс орталығында өткен арнайы брифинг барысында белгілі болды.

– Көп жердегі қар жамылғысының қалыңдығы 50 сантиметрден аспайды, гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендердегі су мөлшері қауіпті деңгейден төмен. Дегенмен, ауа райы күрт нашарлаған жағдайда қарғын су Алтай, Бесқарағай, Глубокое, Катонқарағай, Көкпекті және Тарбағатай аудандарының 19 елді мекеніне қауіп төндіруі ықтимал, – деп хабарлады Е.Чикенов.

Ол сонымен қатар қазір облыста апаттың алдын алу мақсатында ғарыштық мониторинг жүргізілуде екенін де айтты. Облыстық бюджетте шұғыл шығындарға және төтенше жағдайларды жоюға 1,8 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты.

Көп жылғы синоптикалық мәліметтерге сәйкес, облыс өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі наурыздың екінші онкүндігінде басталып, маусым айының ортасына дейін жалғасады. Алайда кей кездері табиғи апат күтпеген тұстан соққы жасауы мүмкін. Мәселен, биылғы қаңтар айының басындағы ауа температурасының күрт өзгеруі Ертіс өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне себеп болып, Глубокое ауданының Уварово ауылына қауіп төндірді.

– Су басу қаупі бар аймақта барлығы 90 үй болды. Жедел алдын алу іс-шаралары арқасында апатқа жол берілмеді. Қазіргі уақытта оқиға орнына инертті материалдармен толтырылған 500 қап жеткізіліп, тағы мың қап дайындалып қойды. Увароводағы жедел алдын алу іс-шараларына арнайы техника мен жеке құрамның 40-тан астам адамы жұмылдырылды. Бүгінде аталмыш елді мекендегі жағдай тұрақты, өзендегі су деңгейі жіті бақылауда, – дейді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Сергей Кимасов.

Брифингте сонымен қатар аймақтағы Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Қалжыр, Үлбі, Уба және Тұрғысын өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілетін учаскелер анықталып қойғаны белгілі болды. Бұған қоса, биыл «Жол картасы» бойынша облыстың бес ауданындағы өзендердің жағалауын нығайтуға бағытталған 10 іс-шара жоспарлануда.

– Өңірде 16 мың адамға шақталған 93 уақытша орналастыру пункті дайындалды. Бұдан басқа, жұмылдыру дайындығы басқармасы бір тәулік ішінде эвакуациялау пунктеріне 1 500 төсек-орын мен өзге де қажетті заттарды беруге, 300 орындық шатырлы лагерь ашуға дайын, – деді  Елдос Чикенов.

Брифингте ақпан айында төрт бағыт бойынша тікұшақпен барлау жұмыстары жүргізілетіні де айтылды. Оның үстіне, арнайы жұмыс топтары су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізіп, халыққа жадынамалар таратпақ.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button