Азық-түлік қауіпсіздігі

150 меморандум жасалды

Күршім ауданы әкімінің 2022 жылдың 12 қаңтарындағы  өкімімен құнсыздану үрдістерін тежеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған болатын. Осы  топтың отырыстары қаңтар мен тамыз айлары арасында 21 рет өткізіліп, бұл жиындарда ауылдық округ әкімдерінің бағаны тұрақтандыру бағытында атқарған жұмыстарының нәтижелері қарастырылды.

Әр округте жеке-жеке 15 жұмыс тобы құрылып, олар аудан әкімінің 2022 жылдың 7 ақпандағы бұйрығына сәйкес бекітілді. Ауылдық округтердегі жұмыс топтарының жұмыстарына бақылау жасау үшін олардың әрқайсысына бір-бірден мәслихат депутаттары бөлінді.

Штаб отырысында берілген тапсырмаға сәйкес 19 түрлі маңызды азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру жөнінде дүкендер иелерімен 150 меморандум жасалды. Оның ішіндегі 118 дүкенде 19 түрлі маңызды азық-түлік өнімдері саудалануда. Меморандум шартына сәйкес дүкендер иелерінің тізімдегі тауарлардың толайым сауда бағасын 15 пайыздан асырмауы қатаң қадағалануда.

Азық-түлік өнімдерінің бағасына ауылдық округ әкімдерінің жұмыс топтары күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Ал осы мониторинг қорытындысы аудандық штаб отырысында аптасына бір рет қаралуда.

Бүгінге дейін аудандағы 46 дүкенде меморандум шартын бұзу фактілері анықталды. Оның ішінде 20 дүкеннің иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің (ӘҚБК) 204-4бабы бойынша шара қолданылды. Бір жыл ішінде мұндай құқықбұзушылық тағы да қайталанатын болса, дүкен иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын болады. Ал басқа дүкендер иелері өз қателіктерін сол күні түзетіп, енді мұндай қадамға бармайтындықтарын мәлім етті.

Сонымен қатар бағаны тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері 32 жәрмеңке өткізіліп, аудан тұрғындарының ауылшаруашылық өнімдері арзан бағамен саудалануда. Өскемен қаласында орналасқан «СПК-Ертіс» ЖШС-нің тұрақтандыру қорынан қант, май, өсімдік майы, қарақұмық өнімдерін жеткізу бойынша 3 дүкен иесімен меморандум жасалып, осы өнімдер аудан орталығында саудаланып жатыр.

Бірінші сұрыпты бидай ұны мен сол ұннан пісірілген нанның бағасын тежеу мақсатында 2022 жылдың 12 мамырында Күршім ауылындағы 3 наубайхананың иелерімен меморандум жасалып, олар меморандум шартына сәйкес тұрақтандыру қорынан алынған ұннан пісірілген нанды қолжетімді бағамен (120 теңге) саудалауда. Шілде айында аталған 3 наубайханаға тұрақтандыру қорынан бірінші сұрыпты 37 тонна ұн жеткізілді.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы

 

 

Осы айдарда

Back to top button