Қоғам

140 орындық балабақша ашылды

 140 орындық балабақша ашылды

Өскеменде шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мемлекеттік бағдарламасының аясында 140 орындық «Шығыс балдырған» балабақшасы ашылды.
Айта кетейік, аталмыш балабақша – облыстағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған алғашқы нысандардың бірі. Оның нәтижесі екі жаққа да тиімді. Сонымен қатар, артықшылығы да көп. Мәселен, Үкімет кәсіпкердің дамуына жағдай жасайды. Ал кәсіпкер табыс тауып, мемлекеттің тұралап тұрған саласын жақсартуға ықпал етеді. Ең бастысы, бұл жобалар әлеуметтік маңызы бар жерде жүзеге асырылады екен.
«Шығыс балдырған» балабақшасының басшысы Динара Исабаеваның айтуынша, аталмыш нысанның құрылыс жұмыстарына 70 миллион теңге жұмсалыпты.
– Бізде балалардың жан-жақты болып, қажетті білім алулары үшін барлық жағдай жасалған. Әзірше, 39 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді Динара Исабаева.
Қалалық білім басқармасының бас маманы Айгүл Ережепова Өскеменде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасының аясында бес балабақша салынып жатқанын айты. Негізі, қала бойынша бүлдіршіндердің 97,4 пайыз балабақшамен қамтылыпты.
Ағымдағы жылы өңірімізде 14 балабақша ашу жоспарланып отыр. Соның ішінде 11-і мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге аспақ. Тіпті, мектепке дейінгі білім беру орталықтарын ашу үшін инвесторлар жеті миллиард теңге бөлуге дайын екен.
Жаңадан ашылған балабақшаға бірінші болып қызы Айназды әкелген Алида Ажикенова қуанышында шек жоқ екенін жеткізді.
– Баламды осындай жекеменшік балабақшаға беруді жөн көрдім. Маған мұнда қазақ және орыс топтарын қатар оқытатыны ұнады, – дейді Алида Ажикенова.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button