Білім

100 жаңа оқулықтың пайдасы бар

100 жаңа оқулықтың пайдасы бар
Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Рухани жаңғыру» жобалық офисі ашылды. Іс-шара аясында университеттің «Рухани жаңғыру» бағытындағы жобаларының таныстырылымы өтіп, Cаll-орталық іске қосылды. Орталықтың ашылуына Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, қаланың зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Біздің университетте сегіз мыңнан астам адам еңбек етіп, білім алады, – деді ректор Мейір Ескендіров, – «Рухани жаңғыру» жобалық офисі өткен мен болашақты сабақтастыру үшін аса қажет. Қазір қоғамда интеллигенция, зайырлылық, интеллект деген ұғым қалыптасқан. Интеллектің бірнеше түрі болады, күнделікті ақыл-ойы өсумен қатар, түрлі технологиялар арқылы жинақталатын ІТ-интеллект бар. Яғни, жасанды интеллект дейміз. Бұны да жастардың, болашақтың тілі ретінде назардан тыс қалдырмау керек. Сондай-ақ, эмоционалды интеллект дегені бар. Екеуі де өте өзекті. Эмоционалды интеллект дегеніміз баланың отбасындағы естіп-көрген, алған тәрбиесімен, отбасының ықпалымен тығыз байланысты. Осы орайда біз «Рухани интеллект» деген ұғымды ғылымға енгізуді жөн санадық.
Жиын барысында Семей қаласындағы жоғары оқу орындарының ұстаздары үшін «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бойынша тимбилдинг өткізілді. Тимбилдинг барысында жаңа оқулықтарды интерактивті тәсілмен пайдалану туралы да айтылды.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын халыққа түсіндіру, насихаттау мақсатында Шығысқа келіп жатырмыз, – деді Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің жмеңгерушісі Аида Балаева,-«Рухани жаңғыру» өтті-кетті дейтін бір жылдық бағдарлама болып қалмауы тиіс, себебі ол ұзақ жылдарға арналған. Оқытушылар 100 жаңа оқулықты өздерінің күнтізбелеріне қосуы керек. Қандай жақсы дүние жасалса да, осының бәрі тәуелсіздік жылдары қолға алынуы тиіс. Біз Шығыс Қазақстанның жастары, балалары болашақтарынан зор үміт күттіретін буын екендігін байқадық.
– Біз болашақта небір жаңа мамандықтарды игереміз, сол үшін де 100 жаңа оқулықтың керегі мол, – деді Семей қаласындағы Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетінің ғалымы Махмұт Түйебаев, – оқулықтардағы философия, саясаттану, әлеуметтану тақырыптары кеңінен қозғалған екен. Осы үшін ұстаздар атынан рахметімізді айтамыз.
Тимбилдинг барысында оқулықтардың оқуға өте қолайлы екендігін айтқан Шәкәрім атындағы университеттің кафедра меңгерушісі Арай Жүндібаева 100 кітаптағы аударма деңгейі жоғары әрі сапалы деп анықтама берді. Бұл, шынымен де, халық игілігі үшін атқарылған маңызды шаруа деді ол.
– Ұлттық кодымыз саналатын діл, тіл, салт-дəстүрімізден айырылып калмау мақсатында жасаған Ұлт Көшбасшысының мақаласын жаңғыртуымыз керек. Сондықтан осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын алты тілге аудару жоспарда бар, – деді Аида Балаева студент-жастармен кездесу барысында.
– Аида Ғалымқызымен сұхбаттасып, көкейіміздегі сұрақтарымызды қойдық. Сұрақтарымызға толық, әрі нақты жауап алдық, – деді Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенті, студенттік кәсіподақ төрайымы Ақнұр Асхатқызы, – бұл кездесу маған не берді? Біріншіден, тіліміздің қадір-қасиетін сақтап, оны әлемдік деңгейге танытуымыз керек екендігін түсіндім. Екіншіден, өзгерісті өзіңнен бастап, ізденіс, тәртіп арқылы елімнің дамуына өзімнің үлесімді қосуым қажеттігін ұқтым. Біздің еліміздің жастары – ең белсенді, ең білімді және еңбекқор. Ал аға буынымыз ең қамқор және жанашыр. Осындай аға буын өкілдері, біз үшін қаншама жағдай жасап жатқан кезде, еңбек етейік, еліміздің көркеюіне үлес қосайық.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button