Қоғам

Зырянның қымызын кезекке тұрып алды

Зырянның қымызын кезекке тұрып алды


Зырян ауданының өнерпаздары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Өскемендегі Металлургтер мәдениет үйінде қала тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынды.

Ауданнан келген шығармашылық ұжымдар Металлургтер мәдениет үйіне жиналған өнерсүйер қауымға халық әндері мен билерін ұсынып, көрерменді бір серпілтіп тастады. Сахнада шырқалған музыкалық шығармалар арасында әсіресе, «Қазақстан», «Астана», «Туған жерім тамаша» сияқты қазақ әндері жиналған қауымның ерекше қошеметіне ие болды. Ал «Карусель» және «Бах» скрипкашылар ансамблінің орындауындағы шығармашылық туындылар кім-кімді де бейжай қалдырмағаны сөзсіз.

Сахна төрінде Талғат Байгереевтің орындауындағы «Ерке сылқым» күйі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, концерттің сәнін келтірді. Концертте Берік Тұрқанов «Қазақстан» әнін шырқаса, Елизавета Миннуллина «Бәрі де есімде», Арина Полторанина мен Владлена Беляеваның орындауындағы «Мама моя» әні залда отырған көрермен қауымды ерекше сағынышқа бөледі. Мың бұрала билеген «Зыряночка» би тобының бишілері «Қазақ биі», «Пламя» сияқты хореографиялық қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.

Келесі күні зыряндықтар өскемендіктерге арнап «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында «Freshmarket» гастрономының алдында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин мен қала әкімі Ерлан Аймұқашев аралады.
Ауданның 13 ауылдық округі мен Зырян және Серебрянка қалаларының шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлері ауылшаруашылық өнімдерін ұсынған жәрмеңкеде қой мен шошқа еті – 1000, жылқы еті – 1100, құс еті – 630, көкөністер – 60, балдың литрі – 900, балық – 280, сарымайдың келісі – 1500 теңгеден саудаланды.

Зырян аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Мамай Бұтабаевтың айтуынша, жәрмеңкеге 5730 келі ет, 300 литр күнбағыс майы, 750 келі көкөніс, 80 литр қымыз, сондай-ақ, шұжық және сүт өнімдері әкелініпті. Жәрмеңкеде қымыз бен бал өнімдері лезде сатылып кетті. Базардағымен салыстырғанда әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып, таласып алды.
– Бүгінгі өнімдердің бағасы базармен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Меніңше, бұл шара ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Мамай Бұтабаев.

Сондай кәсіпкерлердің бірі – Александр Марухин ара шаруашылығымен
отбасымен бірге айналысады. Оның айтуынша, бүгінде ұлы осы салаға байланысты Польша мемлекетінде білімін жетілдіруде. Болашақта оқуын тәмамдаған соң елге оралып, отбасылық кәсіпті жалғастыратынын да ерекше мақтанышпен айта кетті ол.
– Бал аралары адамдар сияқты жылылықты жақсы көреді. Сондықтан балды көбірек алғыңыз келсе, оны 23-28 градус жылылықта күтіп ұстаған дұрыс, – дейді Александр Марухин.

Бұл күні өнімді тауар өндірушілердің өзінен сатып алуды ұйғарған қалалықтардың қарасы көп болды. Қала тұрғыны, зейнеткер Биғайша Тоқтарбаева жәрмеңкенің енді апта сайын өтіп тұратындығына ризашылығын білдірді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button