Қоғам

Зыряндағы құрылыс қарқын алады

Зыряндағы құрылыс қарқын алады

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ кезекті рет Зырян ауданындағы құрылыс нысандарында болып, ондағы жұмыс қарқынымен танысты.

Мектеп алдағы оқу жылына дейін пайдалануға берілуі тиіс

Бүгінде ауданда жұмысы тұралаған төрт бірдей құрылыс нысаны бар. Осыдан бір жарым ай бұрын Зырянға жасаған жұмыс сапары барысында аймақ басшысы аталмыш ғимараттардың барлығына бас сұғып, әрқайсысының ахуалымен жеке-жеке танысқан болатын. Сол жолы мердігер компаниялардың жұмысын қатаң сынға алған облыс әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеп, оларды орындауға белгілі бір уақыт берген еді. Өкінішке қарай, сол міндеттер әлі күнге дейін орындалмапты.
Мәселен, Чапаев ауылындағы 130 балаға шақталған мектептің құрылысы қазірде аудандағы ғана емес, бүкіл облыс көлеміндегі ең түйткілді мәселенің бірі болып тұрғаны жасырын емес. Осыдан төрт жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстары әлі бітер емес. Аталмыш істі қолына алған «Халиф Гром» серіктестігіне бөлінген 460 миллионнан астам теңгені 2012 жылдың қыркүйегіне дейін игеріп тастау керек болған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бірнеше жыл бойы құрылыс жұмыстары мүлдем жүргізілмей, жартылай салынған ғимарат қаңырап бос тұрған-ды. Аймақ басшылығы мен құзырлы органдар қызметкерлері нысан басына сан мәрте келіп, тиісті ескертулер жасағанымен, жағдай өзгермеді. Құрылыс жұмыстарын негіссіз созуға жол берген жауапсыз мердігерге келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындамағаны үшін қомақты айыппұл да салынған.
Сәуір айының орта тұсында құрылыс нысанына келген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ серіктестік директоры Евгений Гаоға қатаң ескерту жариялаған болатын. Сол кезде құрылыс компаниясының басшысы осы іске қатысты соттың шешімі оңды болса, нысанды тамыз айына дейін бітіруге уәде берген.
Естеріңізге сала кетейік, қазір «Халиф Гром» серіктестігі банкроттық сауықтыру үдерісін бастан кешіруде. Осыған байланысты нысандағы жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болғанын алға тартып ақталады мердігер. Дегенмен, аймақ басшысы бұл құрылыс жұмыстарын тоқтататындай себеп емес екенін айтып, нысанға тез арада жұмыс күшін тарту керектігін қадап тұрып ескертті.
Евгений Гао мектеп 15 тамызға дейін пайдалануға берілетінін, нысандағы жұмыстарға 70-ке жуық адам тартылғанын айтты. Алайда, сол жетпіс құрылысшының жетеуін де көре алмадық бұл жерден.
– Өткен сапарымда мектептің құрылысын тез арада аяқтауға уәде беріп едіңіз, сол уағдалы сөзіңізді неге орындамайсыз?! Мен құлшына еңбек етіп жүрген бірде-бір құрылысшыны көріп тұрған жоқпын. Сонда мектеп өзі салынып біте ме? – деген облыс әкімі жауапсыз мердігердің ісімен құзырлы органдар мықтап айналысатынын ескертті.
Бұл жолы да облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын сынға алды.
– Бір жарым айда не бітірдіңіздер, соны айтыңыздаршы? Жағдай сол қалпы ғой. Егер істей алмасаңыздар, неге бірден солай деп айтпайсыздар? Біз бұл жұмысты басқа бір компанияларға тапсырар едік. Уақытты үнемдей білуіміз керек, соны ұмытпаңыздар, – деген аймақ басшысы құрылыс жаңа оқу жылына дейін аяқталып, 1 қыркүйекте балалар білім ордасына кіруі керектігін ескертті.
Осы орайда, қазір нысанды салып бітіру жұмыстарына «Нарын Сервис» ЖШС көмектесуге әзір екенін айта кеткен абзал. Аталмыш серіктестік директоры Нығмет Шаухин қажетті қаржылай қолдау көрсетілсе, сағызша созылған құрылысты екі ай ішінде аяқтауға болатынын атап өтті. Аймақ басшысы бұл өте орынды бастама екенін айтып, «Нарын Сервис» және «Халиф Гром» серіктестіктерінен қолдау білдірілетінін жеткізді.

Жаңа модуль тұрғындардың көзайымына айналмақ

Аудандағы проблемалық нысанның тағы бірі – Грехов кеніші әкімшілік ғимаратының базасындағы мүгедек жандарды оңалту орталығының құрылысы. Бұл ғимарат былтыр пайдалануға берілуі тиіс болатын. Дегенмен, мердігердің ауысуы сияқты жайттардың салдарынан оңалту орталығының мәселесі де түйіткілді болып кетті.
Нысанға ат басын тіреген облыс әкімі ғимаратты аралап шығып, бір жарым айда атқарылған жұмысқа көңілі толмайтынын жеткізді.
Жалпы, бұл нысанның да проблемалары бастан асады. Мердігер ұйым құрылысты кешіктіргенімен қоймай, еңбекақыны уақытында төлемей, жұмысшыларды біраз уақыт зарлатып қойған. Аудан әкімдігі араласқаннан кейін ғана еңбек дауы оң шешімін тапқан-ды. Десек те, қазір нысанда бірен-саран ғана жұмысшы жүргенін байқадық.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ мердігер компания басшылығына жұмысты тез арада аяқтауға күш жұмсау керектігін ескертті.
Жалпы, аталмыш мекеме іске қосылса, мұқтаж жандарға жағдай жасалып қана қоймай, 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал бұл маңайдағы кеніш жабылғаннан бері жұмыссыз отырған греховтықтар үшін тамаша мүмкіндік болары хақ.
– Оңалту орталығына бір айдан кейін қайта келіп, атқарылған жұмыстардың нәтижесін тексеретін боламын. Сондықтан сіздерге айтарым, тезірек жұмысқа кірісіңіздер. Жалпы, бүгінде облысымызда осы сынды мерзімінен кешіккен 118 нысан бар болса, оның 27-сі қатаң бақылауды қажет етеді. Бұл нысандардың жалпы құны 50 миллиард теңгеге таяу. Осының бәрі кезіндегі тендерлердің дұрыс өткізілмеуі салдарынан орын алып отыр, – деген аймақ басшысы енді бұл мәселеге жіті көңіл бөлінетінін, аталмыш саладағы шалағайлыққа жол берілмейтінін қадап тұрып айтты.
Аймақ басшысы аялдаған келесі нысан – 2013 жылы қолданысқа берілуі тиіс болған хоккей модулінің құрылысы бүгінде бітуге жақын. Енді мұздатқыш қондырғы орнату ғана қалған. Қазір мердігер компания «Энерготоргсервис» серіктестігі бұл мақсатқа қосымша қаржы сұрап отыр.
Негізі бұл спорттық кешен «Қазцинк» ЖШС мен облыс әкімдігі арасындағы меморандум аясында бой көтерген болатын. Отандық алпауыт компания оның құрылысына 370 миллион теңге бөлген. Жұмыстарды соңына дейін жеткізу үшін енді 160 миллион теңге көлеміндегі қаражат қажет.
Болашақта спорттық нысанда үлкен мұз айдыны, киіну бөлмелері, директор мен жаттықтырушы кабинеті, тағысын тағылар пайда болмақ. Ал әзірге, бұл – уақытынан кешіктірілген кезекті құрылыс нысаны.
Дегенмен, хоккей модулінің іші-сыртын аралап шыққан облыс әкімі соңғы сапарынан бергі тындырылған шаруаға оң бағасын берді.
– Жалпы, бұл бір керемет кешен болайын деп тұр. Балалар мен жасөспірімдер, жастар бұл жерде өздеріне қажетті дүниелердің бәрін ала алады. Мұндай модуль облысымызда кемде-кем. Сондықтан оның құрылысын ойдағыдай аяқтап, нысанды кешіктірмей пайдалануға беру керек. Сіздер жұмысты соңына дейін жеткізу үшін тағы 160 миллион теңге сұрап отырсыздар. Менің ойымша, бұл ақылға қонымды сұраныс. Сол себепті, сіздерге қаржылай көмек көрсететін боламыз, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Аймақ басшысы бұл жерде болашақта хоккей секциясын ашумен шектелмей, сондай-ақ, мәнерлеп сырғанау мен шорт-тректен жаттығулар ұйымдастыруға болатынын айтып, аудан әкімі Ермак Сәлімовтен осы ұсынысты мұқият зерделеп көруді сұрады. Облыс әкімі спорт кешенінің айналасын абаттандыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button