Зырянда күнбағыс өңдейтін кәсіпорын ашылады

Мал десе малы, егін десе егіні, өндіріс десе өндірісі бар өркендеген өңір-Зырян ауданында ара, марал шаруашылығы, сүт өңдеу, туризм саласы жақсы дамып келеді. 70 мың халық тұратын таулы өлкенің аты Бұқтырма цемент компаниясымен, Зырян кен байыту комбинатымен, өнімі экспортқа кетіп жатқан «Фаворит» ағаш өңдеу зауыты сияқты брендті өндірістерімен де белгілі.
Зырян ауданының әкімі қызметіне тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаған Нұржан Тоқсейітов журналистермен өткен брифингте ауданның әлеуеті мен болашағы аймақтағы пайдалы кен орындарын барлап, өңдеумен, Бұқтырма жағалауында туризмді дамытумен, шағын су электр стансаларын салумен байланысты екенін атап айтты. Қазір Тұрғұсын өзені бойында салынып жатқан «Тұрғұсын-1» су электр стансаның құрылысында 200 ге тарта жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр.
Аудан әкімінің тағы бір айрықша айтқан тұсы- зыряндық диқандардың агротехникалық шараларды кеңінен қолданып жатқандығы. Өңір шаруашылықтары егін шаруашылығын агротехникалық шараларды жүргізу есебінен дамыта отырып, өнім түсімін молайтып жатыр. Зырян ауданының малға да, егінге де жайлы аса құнарлы жерінде жұмыс істеп жатқан егін шаруашылықтары биыл минералды тыңайтқыштарды пайдалануды екі есеге арттырған. Шаруашылықтар 6 800 тонна тыңайтқыш себуді жоспарлап отыр. Аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 70 пайызы ылғал сақтау технологиялары бойынша өңделіп келеді. Аудандағы егін шаруашылықтарының егіп жатқан тұқымдарының 90 пайызы 1-2 сұрыпты өнімділігі жоғары дақылдар. Бір мезетте өзі жыртып, өзі сеуіп, жеті бірей жұмысты атқаратын қожалықтар қолындағы 50-ден астам заманауи, бесаспап техникалар- ауыл шаруашылығы кешендері егіс науқанын мерзімінде, сапалы атқаруға мүмкіндік бермек. Техника атаулыны жыл сайын жаңалап отырған зыряндық қожалықтар өткен жылы 387 млн. теңгенің жаңа техникаларын сатып алған.
-Бүгінгі күні ауданда геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр. Өңірде кен шикізаты қорын қалыптастыру үшін биыл республикалық бюджеттен геологиялық барлау жұмыстарына 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл кенішті өңірдің болашағына жаңа жол ашады. 2017-2020 жылдар ішінде «Қазцинк» компаниясы кен өндіру көлемін қазіргі деңгейінде сақтамақ, -деді аудандағы кен өңдеу өндірісі мен кен барлау жұмыстарының болашағы туралы Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов.
Биыл егістік көлемін, соның ішінде мал азығындық дақылдар алқабын арттырған Зырян ауданында соңғы екі-үш жылдан бері сүтті, етті мал шаруашылығы да қарқынды дамып отыр. Қазіргі күні ауданда бес тауарлы –сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Аймақтың Индустрияландыру картасына еніп отырған «Средигорненский», «Бородино» шаруашылықтарының екі сүт фермасы кеңейтіліп, қайта жаңартылып жатыр. Аймақтық Индустрияландыру картасына Зырян ауданынан күнбағыс өңдеу зауытын салу жобасы да енгізіліп отыр. Биыл ауданда құны 1 млрд. 800 млн. теңге болатын күнбағыс дақылын өңдейтін зауыт құрылысы басталады. Жаңа зауыттың жобасын «КТБ Восток» ЖШС ұсынып отыр. Күнбағыс егіп келе жатқан аудан шаруашылықтарының өнімі жаңа кәсіпорын үшін дайын шикізат болса, диқандар үшін өнімді алысқа шығармай-ақ ішкі нарықта сатуға оңды жағдай туады.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ