Зырянда инсульт орталығы ашылады

Аймақ басшысы Зырян ауданына жасаған сапарын ауданның диқандарымен кездесуден бастады. Осы кездесуде облыс аумағынан тек Қытай нарығына ғана жұмыс істейтін май зауыты салынатыны мәлім болды. Өңірдегі күнбағыс алқаптарының иелері бұл зауытқа акционер ретінде тіркеліп, өз өнімдерін ешқандай делдалсыз өткізетін болады.
Басты нысан – Қытай нарығы
Күзгі жиын-терін үшін облысқа қосымша 7000 тонна дизельдік жанармай жеңіл бағамен бөлінуі мүмкін. Оның 2000 тоннасы Зырян ауданына берілмек. Өйткені, аудан диқандары қазірдің өзінде жанармайды нарықтағы бағамен сатып ала бастаған. Аудан әкімінің орынбасары Сергей Охременконың айтуынша, бұл қосымша көмек жиын-терін науқанын ойдағыдай аяқтауға толық жеткілікті.
Аудан шаруалары енді бір аптадан кейін дәнді дақыл алқаптарын түгелдей орып боламыз деп отыр. Ал күнбағыс, рапс, зығыр сынды майлы дақылдардың 50 пайызы қамбаға түскен. Әзірге сұлыдан басқа барлық дақылдардың шығымы өткен жылғыдан жоғары.
«Луч» шаруа қожалығының күнбағыс алқабында жалғыз «Class» комбайны ойқастап жүр. Қожалық иесі Владимир Тычинский аталмыш алман техникасы бес бірдей «Енисейдің» жұмысын жалғыз тындыратынын айтады. Аймақ басшысы шаруаның тұқым сапасына ерекше көңіл бөліп, бәсекеге қабілетті өнім ғана егетінін оң бағалады.
-Бағасы жергілікті тұқымдардан әлдеқайда қымбат болғанымен, шығымы ерекше. Соның арқасында әр гектарынан 100 мың теңгедей артық табыс кіреді, – дейді В.Тычинский.
Облыс әкімі диқандарға 2019 жылы жаңа май зауыты салынатынын айтып берді.
-Қытай нарығына жол ашу біз үшін өте маңызды мәселе. Келесі жылы Өскемен-Майқапшағай тасжолы жөнделіп бітеді. Қытай стандарттары бойынша сертификат беретін зертхана да келесі жылы іске қосылуы тиіс. Осы жұмыстар ойдағыдай іске асса, 2019 жылы Қытай нарығына ғана бағытталған май зауыты салынады. Оны Өскеменнің инфрақұрылымы дайын ауданынан саламыз. Глубокое, Шемонайха, Зырян, Бородулиха сияқты аудандардың диқандары осы зауыттың акционерлері болады. Қытай тарабы бізден өнімді халықаралық стандартқа сай қаптамамен ұсынуды талап етіп отыр. Сондықтан қазіргі пластик құтылардан кетіп, еуропалық үлгіге көшу керек, – деді аймақ басшысы.
Бородино ауылына жұмысшы қажет
Өңір басшысы аудан орталығынан 45 шақырымда жатқан Бородино ауылында бірнеше нысанға бас сұқты. Соның бірі – «Бородино» шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасы. 400 бас ірі қара ала сиырды арнайы қоражайда байлап отырған Қайрат Бөкежанов жасанды ұрықтандыруды қолға алғанын айтады. Осы аумақтан биыл тағы екі нысанның іргетасы бой көтеріпті. Оның бірі 200 басқа арналған сауын алаңы болса, енді бірі – 400 басқа арналған бұзау қора. 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалығы тағы 20 жұмысшы қажет екенін айтады. Мұндағы басты мәселе – баспананың жоқтығы. Осыны ескерген аудан басшылығы қоспәтерлі бес үйдің құрылысына қаржы бөлген екен.
-Сіздер жұмысшы таппай отырсаңыздар, Тарбағатай, Күршім аудандарында жұмыс таппай жүрген халық бар. Сондай отбасылардың онын осында көшіріп әкеліңіз, 15 үйдің құрылысына қаржы бөлгіземіз, – деді Даниал Ахметов.
Өткен жылы ағымдық жөндеуден өткен медициналық бекеттің жағдайымен танысқан аймақ басшысы Зырян қаласында инсульт орталығын салу туралы бастаманы құптады. Ауданның бас дәрігері Владимир Коробкиннің айтуынша аталмыш нысанға жарамды ғимарат та дайын көрінеді. Тек соны қажетті құралдармен жабдықтау үшін 500 млн. теңге қажет. Инсульт орталығы іске қосылатын болса, көрші аудандардың науқастарына да қызмет ететін болады.
Құрылыс бағасы шектен шыққан
Аудан бюджетіне салынып жатқан қоспәтерлі үйлердің құрылысымен танысқан аймақ басшысы ауылды жерде болғанына қарамастан, құрылыс өте қымбатқа жүріп жатқанын атады.
-Семей қаласында салынған жеке тұрғын үйлердің әр шаршы метрі 143 мың теңгеден аспайды. Ал сіздерде 149 мың теңге екен. Аудан әкімі үйлерді жобалау кезінде мұқият болмаған. Енді үйдің сапасы бағасына сай болуын қадағалау керек, – деді ол.
Баға мәселесі Зырян қаласында бой көтеріп келе жатқан бес қабатты үйде де бар болып шықты.
-Үйдің әр шаршы метрі Семей мен Өскемендегі бағадан жоғары. Сөйте тұра, бөлмелер дұрыс жоспарланбаған. Көпбалалы ананың уәжі орынды. Ертең аядай асханаға 11 баласын қалай сыйғызады, – деген облыс басшысы тұрғын үй құрылысын қаланың орталығында жандандыруды тапсырды. Ол үшін қала әкімі орталықтағы бос жерлерді анықтап, жоба дайындауы қажет.
-Қаланың орталығында инфрақұрылым дайын. Оның үстіне бос жатқан телімдер көп. Солардың құрылысқа қолайлы дегендерін анықтап, нақты жоба ұсыныңыздар. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы пәтер алғысы келетіндердің санын анықтаңыздар. Олардың саны 100-ден асса, «Нұрлы жер» бағдаламасы бойынша төрт бірдей көппәтерлі үйдің құрылысына қаржы бөлуге болады. Аудан әкіміне құрылысты жобалау ісінде мұқият болуды ескертемін. Бүгінгі көргеніміздей бағасы қымбат, бірақ қолайсыз үйлер болмауы керек, – деді облыс әкімі.

Табысы мол, салығы сараң
Ауданда әлеуеті толық игерілмей тұрған екі сала бар. Оның бірі туризм болса, екіншісі – ағаш өңдеу. Аудандық туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князев бір жылдың ішінде аудандағы туристік базалар шамамен тоғыз миллиард теңге табыс тапқанын айтады. Ал сол табыстан аудан бюджетіне 300 млн. теңге ғана салық түскен.
-Бұқтырманың жағалауына да Алакөлдегідей тәртіп орнатамыз. Бұдан былай жағалаудан ешкімге жер берілмейді. Бүгінге дейін берілген телімдердің барлығын түгендейміз. Талапқа сай емес нысандар жұмысын тоқтатады. Тәртіп орнаса, салықтан жалтару да мүмкін болмайды. Биыл Алакөлде бірнеше нысан талапқа сай болмағаны үшін жабық тұрды. Одан ауданның туризмі зардап шеккен жоқ. Есесіне өзгелерге сабақ болды. Бұқтырмадағы базаларға да дәл осындай талап қойылатын болады, – деді аймақ басшысы. Жеке кәсіпкер А.Катаев экологиялық ағаш үйлер салу үшін орман алқабынан телім беруді сұрай келіпті. Облыс әкімі бұл өтінішті кері қайырды.
-Орманды кім көрінгенге отатып қоя алмаймыз. Өйткені, ол – ертеңгі ұрпақтың еншісі. Бөлінген телімдердің өзін тиімді игере алмай отырып, жаңа телім сұрау қисынсыз. Тиімді жұмыс істей алмасаңыздар, кооперативке бірігіңіздер. Әркімнің орманды бет-бетімен отауына жол жоқ, – деді облыс әкім.
Зырян қаласының шеткері аудандары да орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын күн алыс емес. Ол үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 618,4 млн. теңге бөлініп, 6,3 шақырым жылу құбыры тартылуы керек. Қазір соның 5,5 шақырымы орнатылыпты. Бұл жоба ойдағыдай іске асса, №10 шағын ауданның тұрғын үйлері мен №9 шағын ауданның 150-ге жуық жер үйі жылуға қосылады. Облыс басшысы мердігерлерді құрылысқа қарқын қосуға шақырды.
Сүйекті жоба сағызша созылып кетті
Ал аудандық жылу қазандығын қайта жарақтау жобасы биыл да аяқсыз қалып отыр. Қос турбиналы генератор орнатуды көздейтін жоба концессионердің қаржысына жүзеге асуы тиіс болатын. «Перспективная технология» ЖШС басқа жарақтау жұмыстарын есептемегенде, қосымша ғимараттың құрылысын жарты жылға созып жіберген. Облыс басшысы бұл жобаның сағыздай созылып кеткеніне қала әкімінің де кінәсі бар екенін атады.
-Қала басшысы шаһардың шаруашылығын бетімен жіберген. Соның кесірінен өте маңызды жоба шатқаяқтап тұр. Қаланың санитарлық тазалығы да көңіл құлазытады. Үйілген қоқыс, металл қалдықтарынан көз сүрінеді. Келесі келгенімде осы ескертулерден нәтиже шығатын болсын, – деді облыс басшысы.
Қаладағы №7 мектепте аймақ басшысы директорлармен кездесіп, әр мектептің жұмысымен танысты. Аудан мектептері биыл тестілеуде облыстың орташа көрсеткішінен төмен нәтиже көрсеткен. Оған қоса түлектердің Ресейге кету көрсеткіші де алаңдайтындай деңгейде.
-Кейбір мектеп басшылары ҰБТ нәтижесінің төмен болуынан қорқып, оқушыларды тест тапсырмауға итермелейді екен. Соның салдарынан түлектеріміз Ресейдің оқу орындарын таңдауда. Өйткені, ол жақта ҰБТ нәтижесі талап етілмейді. Бұлайша жауырды жаба тоқудан бас тартуымыз керек. Көп болса бір жыл көрсеткішіміз төмендейтін шығар. Оған бола ешкім жұмысынан айырылмайды. Есесіне түлектеріміз өзімізде қалып, білім деңгейінің нақты көрінісі айқындалады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Есімжан Нақтыбайұлы