Қоғам

Зырян ауданын Алтай деп атауды ұсынды

Зырян ауданын Алтай деп атауды ұсынды
Облыс әкімі Даниал Ахметов Зырян ауданының атын Алтай деп өзгертуді ұсынды. Бұл ұсынысты аймақ басшысы аудандық мәслихаттың депутаттарымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуі барысында айтты.
– Алтай деген сан түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Бұл мекенді тіптен адамзаттың алтын бесігі деуге де болады. Мәселен, ғалымдардың пікірінше, түркі халықтарының, сондай-ақ мажарлар мен жапондардың, корейлер мен басқа да ұлттардың тарихы осы жерден бастау алған. Сол себепті, біз қандай киелі жерде тұрып жатқанымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Осы ретте, Зырян ауданының атын Алтай деп өзгертсек дұрыс болады деп есептеймін. Зырян жұрты менімен келісер деген ойдамын. Өйткені бұл ең алдымен тарихымызға тағзым. Сол сияқты аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болары сөзсіз. Неге десеңіз, Алтай – брендтік атау. Ертең бұл жерге туристер легі ағылады. Ал біз оларға тиісті жағдай жасауымыз керек, – деген облыс әкімі алдағы уақытта аудан мен оның орталығының инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді.
Аймақ басшысының бұл ұсынысын жиынға қатысушылар да қызу қолдады. Мәселен, аудандық мәслихаттың депутаттары Лариса Гречушникова, Раиса Карагужина мен Дмитрий Фаустов бұл бағытта қажетті жұмыстар қолға алынып, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қыркүйек айының 28-ші жұлдызында қоғамдық тыңдаулар өтетінін, онда ауданмен қатар, елді мекендердің, көшелердің аттарын өзгерту жөнінде мәселелер көтерілетінін хабарлады.
Көше демекші, жиын барысында облыс әкімі аудан орталығындағы кей көшелердің де атауларын ауыстыратын уақыт келгенін атап өтті. Мәселен, кезіндегі қызыл империя көсемдерінің орнына Құрманғазы, Шиллер, Чуковский, Әуезов, Шекспир, Сағадат Нұрмағамбетов сияқты әйгілі адамдардың есімдері берілсе, нұр үстіне нұр болар еді деген пікір айтты.

Шағын шаһардың шаруасы түгел

Зырян ауданын Алтай деп атауды ұсынды

Облыс әкімі Даниал Ахметов Серебрянка қаласындағы «Берік» бөбекжай-балабақшасында болып, былтыр ашылған нысанның жұмысымен танысты.
Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізде салынған 120 орындық балабақша былтыр қараша айында пайдалануға берілген болатын. Оған дейін екі қабатты ғимарат 5-6 жылдай қаңырап бос тұрыпты. Мекеме басшысы Венера Мусинаның айтуынша, қазір мұнда 24 маман жұмыс істеуде. Тәрбие беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп келеді. Балабақшада тіпті, ағылшын тілі маманы да бар екен. Бұған балабақшаның бөлмелерін аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов те ризашылығын білдірді.
– Балаларға тілдерді ерте жастан үйрете бастағандарыңыз дұрыс болыпты. Бұл жұмысты жалғастыра беріңіздер, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, бүгінде Серебрянка қаласында мектепке дейінгі жастағы 300-ге жуық бала бар екен. Шаһарда бұдан бөлек «Салтанат» деп аталатын мемлекеттік балабақша бар. Ал «Берік» балабақшасында тәрбие алып жатқан әрбір бүлдіршін үшін ай сайын мемлекеттен 28 мың теңге бөлінеді.
Келер жылы Серебрянкадағы орталық көшелердің жолдарын жөндеуге 50 миллион теңге қаржы бөлінеді. Бұл туралы шаһарға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Даниал Ахметов айтты.
Айта кетейік, биыл аталмыш қаладағы Луговая мен Коммунальная көшелерінің жолдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстарға шамамен 18 миллион теңге жұмсалыпты. Жөнделген жолдардың сапасына жақсы баға берген аймақ басшысы енді орталық көшелерге ден қою керектігін атап көрсетті.
– Жолдар сапалы жөнделіпті. Дегенмен алдымен қаланың шетіндегі емес, орталығындағы жолдарды жөнге келтірсеңіздер дұрыс болар еді. Келесі жылы тағы 50 миллион теңге бөлеміз. Сол қаражатты орталық алаң сияқты халық көп жүретін жолдарды жөндеуге жұмсаңыздар, – деп аудан және қала әкімдеріне тапсырма берді аймақ басшысы.

Тоғыз дәрігер Лондонда оқып жатыр

Зырян ауданын Алтай деп атауды ұсынды

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Зыряндағы аудандық аурухананы аралады. Сонау 1964 жылы салынған аурухана ғимараты жуықта күрделі жөндеуден өтіп қана қоймай, 558 миллион теңгеге медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Аурухананың бас дәрігері Владимир Коробкиннің айтуынша, мекемедегі инсульттық орталық 15 орынға шақталған. Қазір мұнда тоғыз науқас ем-дом алуда. Бір айта кетерлігі, инсульттік орталыққа зыряндықтармен қатар, көршілес Катонқарағай мен Күршім аудандарының тұрғындары да жіберіледі екен. Сондай-ақ ауруханада қыркүйек айының басында компьютерлік томография іске қосылыпты. Бүгінге дейін жаңа аппараттың қызметіне 30-ға жуық адам жүгінген.
Заманауи аппаратпен танысып, науқастардың халін сұраған аймақ басшысы Даниал Ахметов мұндай құрал-жабдық кейбір ірі қалалардың өзінде жоқ екенін атады.
– Енді жерлестеріміз басқа жаққа сандалмайтын болады. Өйткені, мұндағы жағдайды Ресейдің Новосібір, Барнаул, Кемеров сияқты қалаларынан таппайсыз. Енді мамандардың біліктілігін арттыру жағына ден қоямыз. Осы мақсатта дәрігерлерді шетелге жіберуді қолға алдық. Бұл жұмысты әрі қарай да жалғастыратын боламыз, – деді облыс әкімі ауруханаға қаралуға келген тұрғындармен кездесу кезінде.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі күні Зырян ауданының тоғыз дәрігері Лондонда біліктілігін арттыруда.
Сонымен қатар облыс әкімі жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы жолдарды жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, Жанатбек Бұғыбаев басқаратын «Нивы Чапаево» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында болды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button