Ұзын-сонар кезектің себебі белгілі болды

Өскемендіктердің басым бөлігі салықтан жалтарған емес. Міндетті төлемдерді ескертусіз-ақ төлеуді әдетке айналдырғандар көп. Алайда биыл мүлік және жер салығының сомасы коммуналдық төлем түбіртегіне коса жазылып, отбасының кез келген мүшесінің жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілген. Онымен қоса пошта қызметі оларды уақтылы таратып үлгермей жатыр.
Осыдан кейін «Үй менің атымда, бірақ түбіртекте жұбайымның аты көрсетілген» деген ауандағы сауалдармен Өскемендегі салық басқармасына ағылған халықтың аяғы басылар емес. Басқарма есігін қаққан халыққа ондағылардың айтар уәжі қандай?
Өскемен қалалық кірістер басқармасының басшысы Қазыбек Көшімовтің айтуынша, биыл олар «Қазпоштаның» көмегімен жұмысты жеңілдетеміз деп жүріп, керісінше қиындатып алған сияқты.
– Түбіртекке меншік иесінің ЖСН-ы ғана емес, сол үйде тұратын кез келген отбасы мүшесінің бірінің мәліметтері енгізілуі заңға қайшы емес. Ондай жағдай болса, демек мүлік екеуіне де ортақ. Салықты қайсысы төлесе де, салық органдары оны есепке алады. Сондықтан салық органдарына келіп, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ, – дейді басқарма басшысы.
Қазіргі күні басқарма қызметкерлері келушілерді түскі үзіліссіз, бір мезетте 20 терезеден қабылдаса да кезектің соңы көрінер емес.
Халықтың көпшілігі түбіртектегі жеке сәйкестендіру нөміріне қатысты сауал қойса, одан бөлек төлем сомасын білу үшін келгендер де бар көрінеді. Басқарма басшысы төлем сомасын білу үшін де салық органдарының есігін күзетудің қажеті жоқ екенін айтады.
Еске сала кетейік, 19 қыркүйектен бастап ел тұрғындарына мүлік және жер салығы бойынша берешек сомасы көрсетілген смс-хабарламалар жіберіле бастаған болатын. Жіберілген смс-хабарламада көрсетілген мүлік салығы мен жер салығының сомасына 2018 жылға есептелген салықтар мен 2019 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке тұлғалардың шоттарында қалыптасқан берешек және артық төлемдер сомалары қосылған. Ал хабарлама келмеген жағдайда салықты egov.kz. порталына кіріп, онлайн тексеріп, төлеуге болады. Сондай-ақ басқарма басшысы мерзімінен кешікітіріліп төленген салыққа айыппұл салынбайтынын, тек үстемеақы жүретінін атап өтті.
Лаура Тілеубайқызы