Әзірге таразы басы тең

Өскемендік «Торпедо» Қарағандының «Сарыарқасы» алдындағы бар басымдығынан айырылып қалды. Жоғары хоккей лигасы 1/8 финалының қонақта өткізген алғашқы екі кездесуінде жеңіске жеткен жерлестеріміз өз айдынында көсіліп өнер көрсете алмады. Нәтижесінде қарағандылықтар Өскемендегі Спорт сарайында өткен қос матчта да қарсыластарынан басым түсіп, сериядағы есепті теңестірді.
Алғашқы ойынды қонақтар ширақ бастап, кездесудің жетінші минутында есепте алға шықты. Дегенмен, арада екі минут өтпей жатып торпедолықтар шабуылшы Роман Козловтың көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. Жалпы, бірінші кезеңде қарсыластар шабуылға ғана көңіл бөлгенге ұқсайды. Себебі, алғашқы 20 минутта қақпаларға бес шайба соғылды. Үзіліске командалар таблодағы есеп 3:2-ні көрсетіп тұрғанда кетті.
Ал екінші кезеңде қос тарап бір-бірінің қақпасын қанша шабуылдағанымен, жанкүйерлер бірде-бір голдың куәсі болмады.
Ойын тағдыры үшінші кезеңде шешілді. Алғашқы екі кезеңде тым көп күш жұмсап қойды ма екен, кім білсін, торпедолықтардың қорғанысы сыр бере бастады. Нәтижесінде қарағандылықтар Иван Полошков қорғаған қақпадан екі мәрте саңылау тауып, есепте алға шықты. Тағы бір шайба бос қақпаға соғылды. Қорытынды есеп – 3:5.
Екінші кездесуді де қарсыластар шабуылдармен бастады. Дегенмен, бұл жолы қос тарап та қорғанысқа мұқият болды. Соның нәтижесінде ойынның негізгі уақытында торда екі-ақ шайба тулады. Есеп – 1:1.
Ал қосымша уақытта «Сарыарқаның» жолы болып, қонақтар шабуылшы Максим Казаковтың көмегімен жеңісті жұлып әкетті. Бұл жерде «Торпедоның» екі матчта да жеңіліс табуына өскемендік команда ойыншыларының айдыннан шамадан көп қуылуы да әсер еткенін айту керек.
Осылайша, Қарағандыдағы екі кездесуден кейін серияда 2:0 есебімен алда келе жатқан жерлестеріміз, өз айдынында сүреңсіз ойнап, жанкүйерлерін жерге қаратты.
Матчтан кейін журналистерге берген сұхбатында «Торпедоның» бас бапкері Мисхат Фахрутдинов командаға сәттілік жетіспегенін айтып, хоккейшілер тым көп ойын ережесін бұзғандығын және шабуылда дәрменсіздік танытқанын ерекше назарға алды. Оның айтуынша, алдағы ойындарда мұндай олқылықтарға қайтсе де жол беруге болмайды.
Қарсыластар арасындағы кезекті, бесінші кездесу кеше кешкісін Қарағанды қаласында өткенін айта кету керек. Ал алтыншы ойын наурыздың 7-сі күні Өскеменде өтеді деп жоспарланған.
Нұржан Кенжеұлы