ҚоғамҚұқықТОП

Зорлық-зомбылықсыз 16 күн

Айна Ескенқызы

25-қараша мен 10-желтоқсан аралығында өңірімізде мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жұртшылықтың жұмылуымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты республикалық акция жүріп жатыр. Төрт күннің ішінде 185 адамға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылды.
Акцияның төрт күнінде полиция қызметкерлері тұрғылықты жерлері бойынша ішкі істер органдарының есебінде тұрған 3500-нан астам адамды тексерді. Шара басталғалы 185 адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды, сот тәртібімен 23 адамға қатысты ерекше талаптар орнатылды.
Атап айтқанда, 27 қарашада Глубокое аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері есептегі адамдарды тексеру барысында, «Қорғау нұсқамасы шығарылған адам» санаты бойынша есепте тұрған, Алтайск кентінің 48 жастағы тұрғынының тарапынан құқық бұзушылықты анықтады. Ер азамат мас күйінде некесіз бірге тұратын әйелмен жанжал шығарып, оны күш қолданамын деп қорқытқан. Құқық бұзушыға қатысты тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 461 бабында көзделген құқық бұзу фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Қазір осы аталған әкімшілік іске қатысты қосымша құжаттар жиналып жатыр, ары қарай сот қарауына жіберіледі.
Осыған ұқсас жағдай Серебрянка қаласында да орын алған. Бұл жолы әкесі отбасылық жанжал шығарған баласының құрбаны болып шықты. Жанжал құмар еркекті бір апта бұрын ғана есепке алған екен, екі күн өтпестен ол қорғау нұсқамасының талаптарын бұзды. Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша жауапқа тартылды.
Құрметті азаматтар, егер Сіздерге отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері белгілі болса немесе өзіңіз осындай зорлықтың құрбаны болсаңыз, ол туралы ашық айту керек! Үндемеуге жол бермеңіз!
Облыстық полиция департаменті “102” телефон нөміріне немесе “150” нөмірі бойынша Ұлттық сенім телефонына хабарласу қажет екенін еске салады.

Осы айдарда

Back to top button