Қоғам

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар екі топқа бөлінеді

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар екі топқа бөлінеді


Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды ел экономикасына тарту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Бұл мәселе талай жылдан бері көтеріліп келеді.
Естеріңізде болса, Үкіметтің кезекті бір кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кейінге қалдыруға тура келгендігін атап өткен болатын.
Бұған өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен бейресми түрде жұмыс істейтін азаматтарды ел экономикасына тарту мәселесі басты себеп болған еді.

– Олар салық төлемейді, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайды, қысқасын айтқанда, көлеңкелі экономикада жүр. Мен бұл туралы кемінде бес жылдан бері айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда мұнымен нақты ешкім айналыспайды, – деген еді Президент.

Сонымен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар кімдер және олардың саны қанша? Оларды ел экономикасына тарту үшін істеу керек? Ең алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар туралы анықтаманы зерделеп алайық. Халықаралық тәжірибелерге сүйенер болсақ, «өз бетінше жұмыспен қамтылу» дегеніміз – бұл жеке адамның жұмыс берушіге емес, өзіне жұмыс істеуі. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы адам – бұл әртүрлі кәсіп саласында табыс табу үшін жұмыс істейтін және өз ісін өзі басқаратын адам.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Байділдаеваның айтуынша, Қазақстанның заңнамасында «өз бетінше жұмыспен қамтылу – сыйақы мөлшері тауарлар мен қызметтерді өндіруден (сатудан) түсетін табысқа тікелей байланысты болатын жұмыс» деп көрсетілген. Бұл ретте меншікті тұтыну – табыстың бір бөлігі ретінде қаралады.

– Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды екі үлкен топқа жіктеуге болады. Олар – жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын және жалдамалы еңбекті пайдаланатын жеке кәсіпкерлер. Бірінші топқа өзі үшін жұмыс істейтін адамдар, фрилансерлер, уақытша мердігерлік шарты бойынша жұмыспен қамтылған адамдар, жұмысқа орналастыру бойынша агенттіктердің мердігерлері және маусымдық жұмыскерлер жатады. Ал екінші топқа шағын және орта бизнес субъектілерінің, сондай-ақ микрофирмалардың иелерін, фирмалардың кәсіби тұрғыда қызмет көрсететін серіктестерін жатқызуға болады, – дейді Қарлығаш Байділдаева.

Адамдардың өз бетінше жұмыс істеуіне әртүрлі жағдайлар себеп болады. Олар жағымды және жағымсыз сипатта болуы мүмкін. Жағымды себептердің ішінен өз ісінің иесі болуға, өзін бизнес саласында дамытуға, икемді жұмыс кестесі бойынша еңбек етуге деген құштарлықты атауға болады.

Ал жағымсыз себептерге жұмыссыз қалу, таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмау секілді жағдайлар жатады. Қандай себеп болмасын, өзін-өзі жұмыспен қамтушы адам өзінің қазіргі шағы мен болашағына, зейнет жасындағы өміріне өзі жауапты болатындығын түсінуі керек. Әрине, ертеңгі күнді ойламай, тапқан табысты бүгін жұмсай беруге де болады. Бірақ уақтылы зейнетақы жарналарын төлеп, болашаққа сеніммен қараған маңыздырақ болмақ.
Қордың облыстық филиалының мамандары келтірген мәліметтерге сүйенер болсақ, егер бір шағын фирмада немесе шағын және орта бизнес субъектісінде жұмыс істейтін болсаңыз, еңбек шартын жасасуға ұмтылу керек. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері еңбек шартынсыз жұмыс істейтін мыңдаған жұмыс берушіні анықтап отыр. Яғни, бұл жұмыскерлер жалақыны «конвертпен» алады. Бұл жағдай оларды түптеп келгенде тығырыққа тіреуі әбден мүмкін.

Еңбек шартын жасасқан дұрыс

– Біріншіден, еңбек шартын жасасу – бұл тұрақты түрде жалақы алып тұрудың, тиісті еңбек жағдайларын сақтаудың, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың дер кезінде төленуінің кепілі. Екіншіден, бұл – еңбек өтілі мен жұмыскердің біліктілігін растаудың айқын жолы. Егер жұмыскердің пайдасына зейнетақы жарналары төленбейтін болса, онда ол зейнеткерлік жасқа толғанда зейнетақы жинақтары жоқ болғандықтан, қордан зейнетақы төлемдерін ала алмайды. Өкінішке қарай, кейбір отандастарымыз еңбек құқығы және әлеуметтік кепілдіктер туралы біле бермейді. Бірқатар жұмыс берушілер мұны өз пайдасына пайдаланып кетеді, – дейді Қарлығаш Байділдаева.

Егер сіздің жұмыс берушіңіз зейнетақы аударымдарын жасамаса не істеу керек? Әрбір жұмыскер жұмыс берушіден бұл жарналарды қорға қаншалықты толық көлемде және уақтылы аударып отырғандығы туралы мәлімет беруін талап етуге құқылы. Егер жұмыс беруші зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аудармайтын болса, жұмыскер салық органдарына шағына алады. Жұмыс берушілердің зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отыру жауапкершілігі осы салық органдарына жүктелген. Дей тұрғанмен, бұл мәселемен жергілікті еңбек инспекторларына да жүгінуге болады. Өз кезегінде еңбек инспекторы жұмыс берушіге келіп, оған ықпал ету шарасын қолдана алады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар екі топқа бөлінеді

Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткізген жұмыстардың нәтижесінде 560 мың жалдамалы жұмыскер өздерінің жұмыс берушілерімен еңбек шартын жасасқан. Одан басқа, шамамен 1 миллиондай адам өздерінің жалдамалы жұмыскер екендіктерін мәлімдеген. Бірақ олар зейнетақылық және әлеуметтік аударымдарды жасамаған.

– 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 10,12 млн. бірлікті құрады. Бұның ішінде тек 5,9 млн. шотқа жарналар ең болмағанда жылына бір-ақ рет түседі. Ал бұл санның тек үштен біріне ғана зейнетақы жарналары жылына 9 реттен 12 ретке дейін түсетіндігін атап өткен жөн. 1991-2001 жылдар аралығында жұмыс орындарының қысқаруы салдарынан өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны 8,7 есеге өсті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жалдамалы жұмыскерлер саны экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындардың шамамен 71 пайызын, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 24 пайызын, жұмыссыздардың 5 пайызын құрайды. Салыстырып қарайтын болсақ, шет мемлекеттерде өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың пайыздық үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындардың: Австралияда – 10,3, Германияда – 10,8, Канадада – 8,6, Францияда – 9,7, Жапонияда – 11,5, Ұлыбританияда – 15,4, АҚШ-та – 6,5 %-ын құрайды, – дейді Қарлығаш Байділдаева.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санының артып кетуі – көлеңкелі экономиканың жоғары деңгейі (27%, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті), бейресми жұмыстардың болуы, табыстарды жасыру, өзін-өзі қамтушы азаматтардың әлеуметтік қорғансыздығы секілді мәселелерді тудырады.

Аталмыш мәселе ауқымды әлеуметтік сипатқа ие. Сондықтан ол бір министрліктің немесе бір зейнетақы қорының өкілеттігі аясында шешілмейді. Бұл ретте жастарды және 40 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесін ескеру керек. Қазір тиісті ұсыныстар БЖЗҚ-да, депутаттық корпуста және Үкіметте әзірленіп жатыр.

БЖЗҚ өз кезегінде зейнетақы жарналары түспейтін жеке зейнетақы шоттарын өңдеу науқанын қолға алу туралы бастама көтерді. Осылайша, 2015-2017 жылдар аралығында ашылған, бірақ содан бері бірде-бір рет жарна түспеген, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар, бірақ 2017 жыл барысында жарна түспеген шоттар сәйкестендірілді. Ал өңірлік желі қызметкерлері осы шоттардың иелеріне жоспарлы түрде телефон шалу жұмысын бастады. Ондағы мақсат – оларға зейнетақы шоттарына зейнетақы жарналарының түспейтіндігін хабарлау және қолданыстағы зейнетақы заңнамасы, болашақ зейнетақыны жоспарлау және жұмыспен қамту мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Сала мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар үшін пайдалануға болатын бірқатар мүмкіндіктер қарастырылған. Олар – әлеуметтік жұмыс орны, кәсіптік оқыту, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету, ауылдар мен қалаларда азаматтарға шағын несиелер беруге кепілдік беру және мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға бюджет тарапынан көмекқаржы бөлу.

Жоғарыда келтірілген бағыттар бойынша толық мәліметтерді қордың www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» – «Жұмыссыздарға» бөлімінен оқып білуге болады.
Бүгінде елімізде үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. 2040 жылдан кейін зейнеткерлікке шығатын қазақстандықтар ортақ зейнетақы төлемдерін алмайтын болады. Олар базалық зейнетақыға және қордағы зейнетақы жинақтарына ғана үміт арта алады. Бұл ретте жалпы еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды. Қалай болғанда да жинақтаушы зейнетақы жүйесіне, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу заман талабы екенін қазірден бастап ескеруіміз қажет.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button